Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ-қырғыз шабысы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

...Қалмақтар сүріліп кеткеннен кейін көп жер босайды. Оны бұрынғы меже бойынша жайма-жай бөлістіре алмай, қазақ пен қырғыздың ортасында шатақ шығады. Қырғыздар қалмақтар сүргініне дейінгі заманда жайлап жүрген Іленің басын, Үшаралды бер десе, қазақтар көнбейді. Таластан Шымкентке дейін бұрын қырғыз жайлап жүрген жер десе де, қазақтар болмайды. Бұл уакытта Жетісудағы қырғыздарды Сарыбағыш руындағы Маматқұлдың ұлы Болаттан туған Есенқұл билеп тұрған. Оны «Шоң батыр» деп қойысқан. Солтыны Бөлекбай аталып кеткен Қарақшының ұлы Бәйсейіттен туған Кебекбай билеп тұрған. Ол Қошайдың Момақан деген ұлына ақыл салып тұрған. Момақанның Жамансарт деген бір туғанының Төлепберді деген ұлы пысық шығып, сөзге араласа бастаған. Ол кезде Сарыбағыш, Солтылар Кетментөбе, Таластың басында Шудың аяғында тұрысқан екен. Қазақтармен соғысу үшін Таластың аяғындағы Қапқа деген жерде жинала бастайды. Саяқтың Қаба ұрығынан шыққан Садыр батыр, Түнқатар ұрығынан Арзымат, Шағыр ұрығынан Қашыке келеді. Есенқұл Садырға: «Кетментөбеден Қатпаға көшіп келіп орнық, қазаққа Таласты бермейміз»,—дейді. Садыр қол құрып, Таластың аяғындағы қазақтарды шауып, Шымкентке ысырады. Қапқаға қорған салдырып, «Хан Садырдың ордасы» дейді, Іленің басындағы қазақтарды да қырғыздар сүре бастайды. Олар арызданып Абылай ханға барысады. Абылай: «Қырғыздарға тиіспеңдер, қойыңдар»,—дейді. Оған болмай, үйсін қазақтарынан шыққан Бердіқожа қырғыздарға шабуыл жасап, жылқыға тие береді. Жыны келген Садыр менен Момақан оны Шымкентке дейін сүріп шабады. Осы шабыста Үйсін қазағы Жәпектің Қаумен деген ұлы өледі. Бердіқожа осыдан жиырма-жиырма бес жыл ілгеріде Ташкен шаһарындағы Таласта өлтірілген Шүңгінің Қарабәйтігінің құнын даулап жүрген болса, енді оған жаңа құн қуған Жәпек қосылады. Екінші жолғы шабыстан кейін Бердіқожа Абылайға қадірі бар деп Төле биді салады. Сондада Абылай: «Кінә өздерінде, Бердіқожа, қой десе болмадың, пәлеге ұшырайсың ғой»,—дейді. Абылайдан сусыған Бердіқожа Ұлы жүздің басшысы, Арғындардың төресі Көкжарлы Барақ ханға барады. Ол Бердіқожаға төрт мың қол береді.

Бұл хабарды шолғыншы арқылы біліп тұрған Есенқұл, Қашыке, Бөлекбай, Кебек биді шақырып, қазақтардың қол кұрап жатканын айтып, даяр тұралық дейді. Олар елді Боралдайдан ылди, Ысық-атадан жоғары шоғырлап, жеңіле қалса, Бауамды өрлеп қашпақ болады. Бұл уақытта Көкжарлы Барақ бас болған үйсін-арғындар Қастектен асып, Боралдайдағы Қашыке батырдың ауылына қол түсіреді. Даяр тұрған Солты, Сарыбағыш атқа мініп, қатты соғыс басталады. Қырғыздар жеңіп, қазақтар қашады. Қазақтардың Барағы өледі, Жәпек ауыр жарадар болады. Осыдан кейін Жәпектің руы Іледен кетеді. Сол жортуылда қазақтарды қуалап баратып қырғыздан Теміржан деген манап Іледен өтіп кеткен қазақтардың артынан түседі. Қашып бара жатқан қазақтар қырғыздардың аз екенін біліп, қайырылып, ит соғысын салады. Теміржан Сіргелі Жұрынбай батырды шанышпақ болғанда, Қанжығалы Нәйет батыр Теміржанды шанышып жығады. Қазақтың Томаш батыры баса қалып, ішін жара тартады. Сол уақытта арттағы қырғыздар келіп қалып, Жұлынбай, Үсет, Алтай, Байғозы батырларды қолға түсіреді. Теміржан үшін төртеуінің бірін өлтірмек болғанда, Байғозы көзге түсіп қалады. Оны атамыз деп шөкелетіп отырғызып қояды. Байғозыны шығысқа қаратып, артынан қырық қадам өлшеп ататын болады. Сол уакытта Теміржанның бір туғаны келіп: «Менің бауырым шәйіт болды, ешкімнің қанын көтергім келмейді, кете бер, қазағым»,—дейді. Байғозы тұрам деп тұра алмай, өне бойынан тер саулап, отырып қалады. Бұл соғыста қырғыздан Есенқұл, Жайылдың ұлдары Үсет, Теке, Қосайдың Жамансартының ұлы Төлеберді Бөрібай көзге көрінеді. Осыдан соң Үсет, Теке, Төлеберді, Бөрібай—Солтының төрт батыры аталады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз