Қазақ-қырғыз шабысы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Осыдан кейін қазақтың Бердіқожасы Таластың аяғынан шабуыл бастайды. Оған қарсы Садыр, Момақан аттанады. Олар қазақтарды Шымкентке дейін шауып, көп олжаменен қайтады. Бұл шабуылды Есенқұл мен Кебек би қолдаған емес. Осы уақытта қазақтың Төлебай (Төле би болар) деген биі қазақтың үш жүзінің билерін шақырып, Бұқар жырау деген Абылайдың уәзіріне Абылайды сөзге көндір дейді. Бұқар жырау жырменен:
Е-ей, Абылай ханым!
Қырғыз Көкжарлы Барақты алды,
Сарт бек қазақты алды,
Шолаққорған, Созақты алды.
Абылай хан, Садырдың енді
Сені алмағына аз-ақ қалды!—
деген екен. Абылай бір жеңін кимей есіктен атқып шыққан. Сыртта топтанып үш жүздің билермендері тұрған. Сонда ашуына булыққан Абылай мынадай дейді:
—Бір жағымда қоқандық сарт, бір жағымда қытай, бір жағымда орыс тұрғанда, азғантай қырғызға қызықпай жөн тұрсақ деп едім, болмадындар. Шүңгінің Бәйтігі қастық қылып қырғыздың Көкіміне у берді. Содан ортамыз бұзылды. Ташкенді бүтін иеленгенде Бәйтік кім болмақ еді?!» Қырғыз-қазақтың бұзылғанын пайдаланып қалмақ болып қайта келген. Қазақ Бұқар кіріп, қырғыз Ысар кіріп, ел тентіреген. Сол естеріңнен шықты ма? Тентіреп жүріп табандарың тесіліп, «Ақтабан шұбырынды...» атандыңдар. Соны ұмыттындар ма? Қалмақтан жаңа құтылып отырсақ, қырғыздың жеріне қызығып мынаны бастадындар. Қоқан, қытай, орыс үшеуінің біреуі қол салса, ежелден бір тұқым, бір боз үйлі, кейде қағысып, кейде табысып жүрген қырғыздардың пайдасы тиеді ғой деп едім, болмадыңдар. Рас, сендер айтқан Садырдың қылығы айып, тыныш жатқан елге бүлік салған... Біздің Барақтікі айып, жортуыл жасап өзі барған... Мен қырғыз деп аттанбаймын, Садыр деп аттанам! Аттанғанда үш үйден бір адам, екі адамға үш ат алыңдар. Екі адамың бір бие сүтін ішесің. Ат басына бір шідер, бір арқан алыңдар.
Өстіп үш жүздің қазағы қозғалады. Абылай жолда келе жатып Ташкенді алады. Қырғыздарға елші жіберіп, ортадағы шатақты тыныштық жолымен шешпек болады. Есенқұл Көбек бименен кеңесіп отырып, Жамансарттың Төлебердісін бас қылып, сөз білген, іс білген төрт ақсақалды жібереді. Қырғыздардың басқа руларынан да елшілер қосылып отырып, Ташкенге қырық елші барады. Ол заманда әрбір рудың өз басшылары болған. Есенқұл Сарбағыштан шыққаныменен, жалпы түндік қырғыздарды билеген. Сарыбағыштың биі Әтеке жырық болған. Саяқты жалпы Садыр билегенімен, биі Ғадай болған. Көкшүнді Ибалы би, бостұмақты Тәшібек би, моңғолдарды Бірназар би, желдеңді Шапақ би, бұғыны Бірназар би, қытайды Мұса би, сарыны Садық батыр билеп тұрған.
Сөйтіп, қырғыздан барған қырық елші Абылай ханға кіріп, өздерін таныстырған. Шежірелерде Абылай хан елшілерді дереу қабыл алмай күттіріп, сыртынан сынатқаны, сыр тартқаны айтылады. Қырғыз-қазақтың байырғы дипломатиясындағы: тамақ беріп сынау, жеген-ішкенін байқауменен үш күн өтеді. Абылайдың тыңшылары қырғыздардың негізгі елшілерін Төлеберді деген жиырма бір жастағы жігіт бастап келгенін және төрт ақсақал барын айтады. Содан кейін қырғыздың елшілерінен Садырдың елшісін қабыл алады. Елші:
—Садыр хан мені хан деп танысын деп айтты,—дейді. Абылай үндемей қояды. Садырдың елшісіне жауап бермей жөнелтеді де, Төлеберділерді ордада қабыл алды. Елшілер қол қусырып, сәлем айтып кіріседі. Абылайдан басқа қазақтар қозғалып, ақсақалдарды даярлаған орындарына отырғызады. Абылай оларды көрмеген болып, төмен қарап отырады. Бір ауқымда басын көтеріп қараса, босағада қол қусырып Төлеберді тұрған екен. Абылай: