Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алымбектің шежіресі (5-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Бердіқожаны қалай өлтіргені жөнінде де жаза кетейін. Ілеге жеткеннен кейін Кебек, Есенқұл, Бөрібай, Мырза батыр бұрын қазақтарда аманатта болып, қайтып келген бөлекбай руынан Аша батырды қазақтар арасына жібереді. Оған: «Аша, сіз Бердіқожаны байқап, қайсы үйде тұратынын анықтап келесіз бе?»—деп, Бердіқожаның ауылына жұмсайды. «Мақұл» деп Аша батыр кетеді. Бөрібай мен Мырза батырлар Есенқұл мен Кебекке, Атекеге келіп болған жайды айтады.

—Аша батырды жұмсадық, біліп кел деп, рұқсат берсеңіздер, сарыбағыш пен солтының талапкер батырларын ертіп біз қалайық, Бердіқожаны өлтіріп қайтамыз. Ал сіздер бас болып, қол кете берсін,—дейді олар. Есенқұл батыр бұған риза болып:

—Бауырым, үмітім өзіңсің, кеше Көкжарлы Барақты, Жәпекті, осы Бердіқожаны қуып, Барақ хан мен Жәпекті өлтіргенде батамды беріп, «Осы Қазық мойын қазаққа сені салам, бауырым» деген едім. Атеке, Кебек екеуің қолды бастап, қолға түскен мал мен жанды алып жүре беріндер. Мен балаларға бас болып қалайын. Құдай қаласа, Қазық мойын қазақты өлтіріп қайтамыз. Әйтпесе, бұл Қазық мойын қазақ бізге тыныштық бермейді. Қазақтар «қырғыз кетіп қалды» деп енді алаңсыз жатады. Шаршаған немелер қамсыз қалады. Дәл осындай күші сарқылып тұрғанда қазақты қайта қырайық. Аша батыр оның қай жерде жатқанын анық біліп келеді. Ашаның қазақтан айырмасы жоқ,—дейді. Содан кейін Есенқұл батыр қолды жиып: «Өз күшіне сенген солты мен сарыбағыштан бізге еріп кім қалады?»—деп жар салады. Білегіне сенген бес жүз адам алға шығады. Атеке мен Кебек би қолды бастап жүріп кетеді. Қыс түскен, қоңыр күздің аяқ шені екен. Түн ұзақ, қоңырсалқын. Бердіқожамен қазақша сөйлесіп, мән-жайды біліп алғаннан кейін Аша келеді. Келгеннен кейін қолға қарап: «Қазақтар арғын мен үйсін аралас отыр екен, екеуі тендей. Ортасынан тоқсан үй беріп, үлкен ақ үйде шалқасынан түсіп жатыр екен мен барсам. Төменгі Шудан келген қазақ болып бардым. Бір қондым, екі бие сойды»,—дейді. Аша батыр бас болып ауылдың жанына келеді. Аша батыр «осы ауыл» деп көрсеткен ауылдың тұсына келгенде, Есенқұл батыр колды екіге бөліп, бірін ауылдың басына, бірін ауылдың аяқ жағына орналастырыпты. Өзі Аша батырды алып, жанына Бөрібай батырды ертіп, маңайындағыларға: «Мен ауылға барып, дауысым ұрандап шыққанда, осы жерден ат қойыңдар. «Біздің іздегеніміз Бердіқожа!» деп айқайлай беріңдер, қарсылық көрсеткендер болмаса, үй ішіндегілерге тимеңдер»,—деп ескертеді. Сол айтқандай болыпты. Қазақтардың ауылы Іледен алыс екен. Бердіқожаның өз үйінің жанына барып Есенқұл «Жанқораз!» деп ұран салғанда, қалың қол ауылды қоршап алыпты. Бердіқожаның өзі үйінің есігін ашып қойған екен. Шырағын жарық қылып, қолына қылышы мен найзасын алып Бердіқожа қарап тұрыпты деседі. Жанындағы адамдарымен атқа міне алмай қалыпты. Есенқұл:

—Үйді көтер!—деп, үйге кірейін дегенде:

—Батыр, мен кірейін,—деп, Бөрібай кіргенше, Есенқұл үйді төңкеріп тастапты. Бөрібайға:

—А, бауырым, келіп қалдың ба? Көкшолақты мініп қашқаныңнан-ақ осы істің боларын біліп едім,—деп Бердіқожа тұра ұмтылады. «Бердіқожа мен Бөрібай екеуі тіресіп тұрғанда, Есенқұл келіп Бердіқожаны жағадан алды»,—дейді шалдар.—Осынша батыр келіп, өзгең тыныш тұр,—деп, Бердіқожаның адамдарын, қатын-баласын бөліп тастап, Бердіқожаның өзін байлап, ауылдан шыққан екен деседі. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп Есенқұл мен Бөрібай ауылдан тыныш қана шығып кетіпті. Бердіқожаны Есенқұл: «өлтіріңдер!» деп өлтіртіп, «Ал, Бердіқожаның өлігін»,—деп, кескілеп, жүріп кеткен екен дейді бұрынғы шалдар. Ал менің Бердіқожаның өлімін жазғанымды айып көрмеңіздер.

Содан кейін қазақтар Абылайға арыз айтып барыпты. Төлеберді сол уақытта Талас қырғызының дауы үшін Абылайдың жанында екен. Қырғыздан Есенқұл мен Кебек барыпты. Абылайдың алдында қырғыз бен қазақтың игі жақсылары айтысып отырып, бітімге келген екен дейді шалдар. Бердіқожаның құны тоғыз байталға кесілген екен деседі олар. Осыдан кейін қазақ пен қырғыз арасы Абылай дәуірінен Қоқанға қарағанға дейін тыныш болыпты.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз