Бердіқожа (ІІ нұсқа)
Тарихи аңыздар · 1 мин оқу
Абылай хан заманында Шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып, кектесіп жүріп, руы аздығынан өштескен дұшпан, өсіп-өнген ру туғаны көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:
—Туысқаны аз ердің ерлігі зая.
Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая.
Екіден кіші балам,
Ер жеткен соң, бәлем,
Қаратал, Қояндыға қосыңды тая!—
деген екен. Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ер жетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал Қояндыда өлтіріп, бірі қашып: «Бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас»— деп, Бұхар кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарда жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаны жоқтаған жоқтауында айтылған екен:
—Мінгені Бердіекемнің қара алаяқ,
Жау, шіркін, кескілепті-ау аямай-ақ.
Бердіқожа батыр балаларын сынағанда, былайша сынайды екен. Үйелмелі-сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен тетелес туған.
Бір пышақты сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына:
—Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші,—дейді екен.
Үлкен екі баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып-жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай-бұлтармай аунайды екен. Пышақты өзі жалтартады екен.
Өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына айтқан екен:
—Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріңе көм де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атандырындар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер,—деп.
Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ мола бұл күнгіше құламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісу барғандар: «Қозы Көрпеш—Баян тамын көрдік, Шанышқылы Бердіқожа тамын көрдік»,—деседі.
Тауыңның Арқар деген аты—Құлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
Хан Абылай аттанады дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа!—
деген батыр—осы.