Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылайдың тұтқын болуы (V нұсқа) (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Қалмақта құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін деген хан болған. Оның Қарабас ханымы деген ханымы болған. Ежен (Айжан) деген жалғыз баласы болған. Қарақалмақ Қатысыбан деген қалмақтың ханы «қоңтажы» атанған. «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт» деген қалмақтың ханы кәрі Аюке-Тіпсіре Шабдаршаптың баласы болған. Бұлардан бөлек «Ұрының қарағашы» атанған жақта Руса, Серең (Сыраң) деген жайсаңдары болған. Бәрінің зоры Қалдан Шерін болып, заманында қалмақ біткен соның аузына қараған. Қалдан Шерін дәуірлеп тұрған күнінде қалмақ қазақты түп көтере ойсыратып шауып, есепсіз мал, көп жесір алып кеткен.

Соның артынан бітім-тыным сөйлесуге көтеріле аттанып қазақ барған. Сонда Қалдан Шерін Қарабас ханымды атқа мінгізіп:

—Қазақты аралап көріп, маған сөйлесуге жарайтұғыны болса, алып кел! Сөйлесуге тұрарлық жан жоқ болса, «аттарынды аздырма, тондарыңды тоздырма» деп қайырып жібер,—деп жібереді.

Қарабас ханымы атқа мініп, аралап көріп, сынап таңдап, төрт кісі алып келіпті. Бірі—Балтакерей Тұрсынбай, бірі— Шақшақұлы Жәнібек, бірі—қаз дауысты Қазыбек, бірі— Айдабол баласы Тайкелтір.

—Бұларды не сынмен алып келдің?—дегенде:

—Анау отырған—Балтакерей Тұрсынбай. Құлағы жоқ шұнақ екен, құйрығы жоқ шолақ екен, жауы көк желкесінде екен. Өзінен басқадан қорықпайтын, үрікпейтін деген байдың өзі, көкшолақтың көзі екен. Анау отырған Қазыбек атшылардың арасында ұйықтап жатыр екен, шалқасынан түсіп, екі қолы екі жаққа қарай, екі аяғы екі жаққа қарай, керген төстіктей серейіп жатыр екен. Онысы—«дүниенің төрт бұрышын тірей туған—дәл мен» дегені, қара бақайына шейін құт екен. Өлгенде арулаған жерін [ме]к[ен]деп көшкен ел бай болады. Анау отырған—Тайкелтір. Айыр көмей, темір жақ, жұтқыншағыңдағы кішкене тілінің ұшы кезең екі айыр, өнері қара жамбасынан (жанбасынан) келеді екен. Бір басты, екі аяқтыға сөз бермейтұғын бұлбұл екен. Анау отырған—шаржетім Шақшақұлы Жәнібек қазақ сырттаны екен. Өзінің оққағары бар екен. Бақайшағыңның майын шағып, ыңыршағыңды отқа жағатұғын сол екен.

Сонда Қалдан Шерін:

—Бұларды өлтіріп тастасақ, жарайды екен,—депті.

Қарабас ханым:

—«Ханның ақылы баланың шүметейімен бірдей» деген осы екен-ау! Өзің бұларды қандай жан деп отырсың? Отқа салса, күймейтұғын, суға салса, батпайтұғын, атса, мылтық өтпейтұғын, шапса, қылыш кеспейтұғын, сырты—болат, іші—құрыш жандар осылар емес пе?!

—Ендеше бұларды толық бітім беріп, ырза қылып қайыруға керек екен,—деп, ер басына тоқсан жесірді (долгсыз) берген.

Бұрын бітім болғанда, мал төлеп алады екен. Бұл жолы мына төртеуінің жолына төлеусіз беріпті. Сонда бір келіншек қатын Қазыбекке:

—Би ағалар-ау, мен қалып барамын,—дегенде Қазыбек Қалдан Шерінге қайта кіріп, сырнайдай тақылдап, жүйесін босатып сөйлеп, сұрап алған екен. «Қазыбек өзгесінен бір жесір артық алыпты» деп кейінгіге айтылып қалған. Және Қазыбек: «келін мұрдарды бұрын танып қоятұғ[ын] екен-ау!» деген екен.

Қалдан Шерін өлерінде халқын жиып, өсиет сөйлепті:

—Мынау жалғыз балам Еженді менің орныма хан көтеріңдер. Үш жылға шейін бетіне келмеңдер! Үш жылдан соң сұңқар болып қолдарыңа қонады,—депті.

Қалдан Шерін өлген соң Еженді хан көтеріпті. Еженде екі түрлі жат мінез болыпты. Бірі—көрінген итті ата беріпті, бірі—қыз-келіншекті ата беріпті. Сонан соң жұрты безер болып «мынау жынданды» деп өлтірмекші болып[ты]. Қалмақ заңы: баласы өлсе, әкесі жаназашы болып аттанып, жұрт жияды екен де, әкесі өлсе, баласы жаназашы болып жұрт жияды екен. Қалдан Шерін өлгенде, Ежен жаназаға жұрт шақырып жүргенде, жеті қараңғы түнде ит шулап, сөз есіттірмей, мазасы кеткен кеткен екен, қыз-келіншек қой күзеткенде өлең айтып, ән салып, сөз есіттірмеген екен.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз