Абылайдың тұтқын болуы (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Қалдан Шеріннің айтқанын түгел орнына келтіріп, жендеттер жетіп барғанда, қаперіне дәнеме келтірмей, қабағын қағып, жасқанбастан отыра берді дейді.
—Жүрегі тас па, мүйіз бе, бізден қашпады,—деп айтып, қайт[а]дан Қалдан Шерінге қайта келді дейді. Мұны Қалдан Шерін естіп, қасына тоқсан сәргердені алып:
—Абылайдың жүзін көремін,—деп, бір үйд[ің] ішін түзеттіріп, патшалық тақ орнатып, тоқсан сәргердесімен тоқсан бір болып, патшаның тағынан басқа бос жер қоймай, қатарын түзеп отырды дейді.
Көп сәргерденің бірі болып бұлардың арасына отыр[ып]:
—Ал Абылайды осы үйге шақырып келіңдер,—дейді,— ешқайсың қағылып, орын бермеңдер,—дейді,—қара болса «бос жер ғой» деп босағаға отыра кетер, «жасымда отырған жерім» деп. Ақсүйек болса, баса көктеп, жоғары өрлеп, мені сұрамай біліп, бірдеме айтар,—дейді.
Абылайды шақырып, үйге кіргізді. Жан-жағына жалтақтап қарамастан тақтың үсті бос тұрғанын көріп, табынатын пұты бар, жан-жағына көзін салмады, барып отыра кетті де, сонда жаман қалмақтар қауқауласып:
—Жерге отырмай, таққа отырды,—деп күңкіл қыла бастады дейді. Қалдан Шерін танып қойғанын біліп:
—Уай, Абылай, Сәру қайда?—деді.
—Жақ тартушы көп болды, жаманаты бізде қалды,— дейді. Екінші сұрады:
—Сәру қайда?
Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады.
Және үшінші мәртебе:
—Сәру қайда?—деді.
—Көрінбеген Сәруді іздегенше, көрініп тұрған өзіңді ізде,—деді. Қалдан Шерін сәргерделеріне:
—Бұл неме деген жан?—дейді.
—Өзің қарап отырып тағыңнан айрылып қалдың. Осы күнде тақ үстінде мен отырмын. Осы күнде басыңды алдырсам, кім менің жарлығымды бұзады?—дейді,—жабдық сенде, жарлық бізде,—деген сөзді есітті де, Абылайды сынаймын деп алдырып, орнына шығарып алғандығына пұшайман болып, ұшып түрегеліп, Абылайдың келіп қолын ұстады. Жарасып, елдесіп,Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан не заманнан бергі олжаға түскен, өсіп-өнген қазақты Абылайға босатып жіберді. Осы күнде белгілі атағы жоқ «кімсің?» десе, «атағы, атасы жоқ төлеңгітіміз» дейді. Енді солардың тұқымы қалмақта қалып, Абылайға олжаға берген екен дейді.
«Топыш сұлуды өзіміздің біреуіміздің бірімізге бермей, Абылайға берді» деп, ақырында араз болып, ақырында қалмақ ханын өздері өлтірген. Қалдан Шеріннің ханымы Қарабас ханым, онан туған Айжан—жалғыз, әкесінің орнына соны сайлап, үш жылғаша жеткізбей, екі көзінен айырып, соқыр қылып, қаңғытып қоя берген екен.
Аюкенің қызынан туған Қырғын, Күш—екі бала Абылайды жезде көріп, Топыш ханымды апа көріп, бірнешеуі өздеріне ерген қалмақпенен Абылайға келген соң қалмақ бөліскен. Ақырында Шүршітке қарай ауып бара жатқанда балалары жылағанда, айтады екен:
—Қу мұңдар, неге жылайсың,
Сорқара, Сортың бар ма?
Сөрелеп жайған етің бар ма,
Көнек, Толағайың бар ма,
Көнекте тұрған қымызың бар ма?—
деседі. «Сорқара, Сортың» деген, «Көнек, Толағай» деген Сарыарқаның сауырысы, шөбі шүйгін жерлері болса керек дейді.