Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Абылайдың тұтқын болуы (ІІІ нұсқа) (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Бұл Сарыарқаны бұрынғы уақытта ноғайлы билеп-төстеп қоныс қылып, «он сан ноғай Ормамбет би өлгенде, сол Ормамбеттің елі бір алаша тайдай бүлініпті» деген сөз бар. Сонан қалмақ билеп-төстеп, мекен қылған екен. Қара қалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт «Аюкенің ауыр қолы» атанған. «Құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен» дейді.

Абылай заманында сүрген дәуренді енді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атадан бері көрген емес. «Абылай заманындағы дәурен қазаққа жоқ, түсіне де кірмес мұнан былай» депті.

Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Жігітлер, құлақ салып, тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты,—

деп өлеңге шыққан Абылай—осы.

Қазақ жұртында мақал болып қалды: «аң алмайтын жаман құс—ат еңбегі, Абылайдан басқа төре—ет еңбегі» деп бұрынғылардың айтуасы: «Қалдан Шерін» хикаясы.

[Қалда]н Шеріннің Сәру деген інісін бір жорықта кезд[есіп], [А]былай өлтірген екен дейді. Қалмақтан шыққан [Сына] батыр Қалдан Шеріннен қашып, Абылайға қорғалаған екен. «Кісімді өзіме қайырып берсін!» дегенде Абылай айтты:

—Мені аямасын,—деп пәрмен қылған екен.

Бұл турадан Қалдан Шерін қалмақтың өзінен басқа қоңтажысы болсын, Аюке болсын баршасы ат шаптырып, «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.

—Көктің астында болсын, жердің үстінде болсын Абылайды тауып алып кел[іңдер]!

Ұстап алып келгендерге деп жарлық берді:

—Жайсаңдарыңа, тірі ұстап алып өлтірмегенге Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды қалың малсыз беремін,— дейді.

Көкшетауда бүркіт салып жүргенінде қалмақтың бір жайсаңы Абылайды тірі ұстап алып кетіпті. Жанындағы жолдастары білмей қалыпты. «Абылайды ұстап алып келеді» деп естіп:

—Маған көрсетпей, зынданға салыңдар, ас-су бермеңдер, аш сақтаңдар. Сегізінші күн зынданнан шығарып, айдалаға бір ақбоз үй тіккізіңдер! Соның ішіне жалғыз қойыңдар да, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салыңдар, қара суға ерімес,—дейді,—ұрттап жіберейін [десе], аузына бармас. Қара болса, аяққа қолын салып жіберіп, майды бір-ақ жіберер. Егер ақсүйек болса, аштан өліп бара жатса да, майды керек кылмас,—дейді.—Мұны осылайша сынайық,—депті.

Ханының айтқанынша қылып, зынданға салып, сегізінші күн дегенде, ақбоз үйді айдалаға тігіп, жалғыз отырғызып қойып, бір аяқ қара суға тобықтай май салып апарып, қолына ұстата берді.

Абылай суды ішіп еді, майы не ерімеді, не аузына келмеді.

—Үрсем кетпейтұғын неме едің? Өпкеніммен келетұғын неме емессің ғой,—деп қолындағы[ны] пәрменінше лақтырып (ұлақтырып) аспанға бір-ақ атты да, көріп тұрған жігіт-желеңдер көргенінің бәрін айта барды дейді.

—Мұның затында бір асылдық бар қу екен ғой,—дейді,— енді бір төрт жігіт жалаңаш қылыш алып барыңдар,— депті,—«ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды. Сіздің мейманаңыз Құдайдан сізге жазу бұйрық осы болды» деп қылышпен шабуға дүрсе қоя бер[іңдер],—дейді,— біреуіңнің астарыңа кіріп кетсе, шауып жіберіңдер. Егер сарқасқа текеше қасқайып отырса, шаппаңдар, тағы қайта келіңдер,—дейді,—көрген-білгендеріңді айтып келіңдер,— дейді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз