Абылайдың тұтқын болуы ( ІІ нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
—Абылайды осы үйге шақырып келіңдер, ешқайсың қағылып, орын бермеңдер! Қара болса, «бос жер—босаға ғой» деп босағаның қасына, оттың басына, бала күндегі отырып өскен жеріне отыра кетер. Ақсүйек болса, баса көктей жоғары өтіп, төрден отырып, мені айтпай танып, сұрамай білер,—дейді.
Бұлар мұнда ретін түзеп отырысып, Абылайды шақырып келіп, үйге кіргізгенде, жан-жағына жалтақтап қарамастан, тақтың үсті бос тұрғанын көріп, тұпа-тура барып, таққа мініп, Қалдан Шеріннің отыратұғын орнына отырды.
Ол тақтың үстінде қалмақтың табынатұғын тасы, хандарының Құдай деп сыйынатұғын қуы болады екен де, оның қақ қасында Қалдан Шеріннің орны болады екен. Қалмақтар Құдай болмысының қасына отырғанын ауырлап:
—Ол жерге неге отырасың?—деп қауқылдасты.
—Бұл орын Қалдан Шеріндікі еді. Оның құты қашты да, менің әруағым басты да, өз орнында өзі отыра алмай, босып кетті. Енді бұл жерге мен отырмағанда, шайтан отыра ма?!— дейді.
Қалмақтар біріне-бірі қарасып:
—Бұл сөзге не айтамыз? «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы екен-ау!—десті.
Сонда Қалдан Шерін өзін танып қойғанын біліп:
—Уа, Абылай, Сәру қайда?—дейді.
—Жақ тартушы көп болды, жаман аты бізде қалды,— дейді.
Екінші қабат Қалдан Шерін және сұрады:
—Сәру қайда?—деп.
—Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады,—дейді.
Үшінші мәрте және сұрады:
—Сәру қайда?—дейді.
—Көрінбеген Сәруді іздегенше, көрініп тұрған өзіңді ізде!—деді.
Қалдан Шерін саркардаларына:
—Бұл не дегені?—дейді.
—Өзің қарап отырып, тағыңнан айрылып қалдың. Осы күнде тақ үстінде мен отырмын да, көп қара бұқараның бірі есепті сен отырсың. Осы сағатыңда басыңды алдырсам, кім менің алдыма шығады? «Жарлық менде, жабдық сенде болды» деген сөзі десті,—дейді.
Сонда Қалдан Шерін Абылайды пенде қылып алдырғанына, сынаймын деп орнына шығарып алғандығына пұшайман болып, ұшып түрегеліп, Абылайдың келіп қолын ұстап, жарасып, елдесіп, Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан не заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды азат есепті қылып, Абылайға қосып, рулы ел қылып, көшіріп қайтарған екен. Осы күнде белгілі ата жоқ, «кімсің» десе, «төлеңгітпіз» дейтұғындар солардың тұқымы.
Қалмақ жұрты Қалдан Шеріннің бұл қылығын ұнатпай, «Топыш сұлуды өзіміздің біреуімізге бермей, Абылайға берді» деп араз болысып, ақырында қалмақ Қалдан Шеріндей ханын өздері өлтірген.
Қалдан Шеріннің ханымы Қарабас ханым, онан туған Айжан—жалғыз. Әкесінің орнына соны сайлап, үш жылға жеткізбей, екі көзінен айырып, соқыр қылып, қаңғытып қоя берген. Аюкенің Абылайды жезде көріп, Топыш ханымды апа көріп, бірнеше үй өздеріне ерген қалмақпен Абылайға келген. Сонан соң қалмақ бүлінген, ақырында шүршітке қарай ауып кетіп бара жатқанда, балалары жылағанда айтады дейді:
—Қу мұндар, неге жылайсың,
Сорқара, Сортың бар ма?
Сөрелеп жайған етің бар ма,
Көнек, Долағайың бар ма,
Көнекте тұрған қымызың бар ма,—
деседі дейді. «Сарқара, Сорты» деген, «Көнек, Долағай» деген Сарыарқаның сауырысы, шөбі шүйгін жерлері болса керек.