Бақтыбай мен Мәйке қыз айтысы (4-бөлім)
Бақтыбай, Мәйке қыз · 4 мин оқу
Бақтыбай:
Байтулақ тартар атымды,
Сөйлейтұғын ерінбей.
Байтұрбай сөйлер сөзімді,
Ебінің соққан желіндей,
Бекмұқамбет сол сөйлер,
Атасы Балпық емес пе,
Қазанның асу, беліндей.
Исабек сөйлер сөзімді,
Бейбіт бидің баласы
Сөйлейтін топта шегінбей,
Байқоржын мен Тарағым,
О да менің қарағым,
О да сөйлер сөзімді,
Аспанда жүрген перімдей.
Замандасым Дәнең де,
Өзі болыс, өзі ояз
Жәлменде жатыр төменде,
Осылар тірі тұрғанда
Жасымаймын, Мәйке қыз,
Сен кедейсің дегенде.
Бақтыбай:
Байтулақ – о да қатарым,
Айтқанымнан шыға алмас.
Адамнан пара алмаған,
Пәлеге көзін салмаған.
Қараның ханы – Байтұрбай,
Тегінде пара сұрамас,
Балпықты айтып барған соң,
Парақор қанша болса да,
Бекмұқамбеттен шыға алмас.
Дүйсембі еді бабасы,
Бейбіт бидің баласы.
Адамнан шыққан бидайық,
Ақылға зерек Тарағым.
Қасқырдан жемқор кісі еді,
Қоймас, сірә, тамағын.
Ел боп Жәкең сөйлесер,
Әрі болыс, әрі ояз,
Құдай артық жаратқан
Қатарында талабын,
Кедейлікті бетіме
Шіркеу қылып салмағын.
Не десең, о де, әйтеуір,
Наурызға жеткізбей,
Сөзсіз, сені аламын.
Бүгіннен бастап күліңді,
Аудара бер, қарағым.
Мәйке:
Ағасың, жасың үлкен, Бақа, сенің,
Сөйлесем шығарамын сөздің кенін.
Тоқтайын, жасың үлкен адам едің,
Жел сөздің не қылайын артық-кемін?!
Тоқтадым, тоқтайды деп, Бақа, саған,
Өлеңім таусылмайды айтсам менің.
Қайтайын, ұлықсат бер енді, Бақа,
Айтыстық көңілдегі сөздің жөнін.
* * *
Бақтыбай алмақ болды деп,
Жайылды жұртқа хабары.
Өзіне үлкен намыс боп,
Бектемірдің жабылды
Одан сайын қабағы.
Келінімді берсін деп,
Байгөзге кісі салады.
Бас салып, тартып алмақ боп,
Неше күндей қамады.
Қыздың жаны шошынып,
Бәйтік ойға түскенде,
Қысылып, оттай жанады.
Күшіктей Мәйке қысылып,
Бақтыбайдың жолына
Күннен-күнге қарады.
Бақтыбайдан бір хабар
Бола ма деп Мәйке қыз
Құдайдың күнін санады.
Екі айға дейін еш хабар
Бақтыбайдан болмады.
Қапаланды Мәйке қыз
Болдым деп неден жазықты,
Сәлем хат жолдап жазыпты...
Мәйке:
Бақтыбайға не болды,
Өлеңге желдей есе алмай?
Заты кәрі кісі еді,
Қой қосағын жүр ме екен
Қолы мұздап, шеше алмай?
«Байтал түгіл, бас – қайғы»,
Отыр ма екен жұртында
Түйе тауып, көше алмай?
Бақтыбайдың Жәлмендеге айтқаны:
Ассалаумағалайкүм,
Жәлменде болыс, аман ба?
Адамға адам сүйеніп,
Жан бақпақ еді әманда.
Әрбір ханның тұсында
Бір сұрқылтай деген ғой,
Қатарында Балпық би
Ескелдіге көз салған
Қасына ерген заманда.
Жанақ, Түбек Найманда,
О да өзінің тұсында
Сүйенген досы бар еді
Байлығы дария Маманға
Ескелді, Балпық тұсында
Болған екен Қабаны,
Соларменен сөз алтын,
Болған екен бағалы.
Шортанбай, Шөже, Орынбай,
Қаздауысты Қазыбек,
Құсбегі, Шыңғыс, Құнанбай –
Солармен кірген ажары.
Екейден шыққан Сүйінбай,
Қасқарау Жайнақ, Сұрабай,
Сарыбаймен құрдас боп,
Кірген екен ажары.
Адамға адам себепкер,
Қалған екен мұрасы.
Біреу – жарлы, біреу – бай,
Жаратып отыр құдасы.
Қара Бәйтік, Кенжебай,
Уағында шығыпты
Қырғыздан асып расы.
Қатарымда сен шығар,
Саяңда мен бұлбұлдың
Алдыңа күнде сайраған,
Топқа салған жорғамын,
Табаны мұзда таймаған,
Ақылға дарқан кемеңгер,
Ер мұқтажын ойлаған,
Алтын сөзді аға боп
Лауқылмақфуз кәламда
Андас пенен Мырзаға
Теңгеріп, өрге сүйредің.
Үйсін, Найман баласын
Ояз болып, биледің.
Сіз Жәлменде болған соң,
Жалайырда белгілі
Саяда мынау жүргенім.
Ішім– ауру, сыртым – сау,
Запырандай күйдемін.
Осы жүрген кезімді,
Айтпай-ақ өзің білесің
Ойымдағы сөзімді.
Өлеңге жүйрік болсам да,
Жақтырмаса, айтады
Қайыршы деп өзімді,
Алтын жүнді сұр тоты,
Байланған шынжыр арқанмен
Арманда боп тұр бір тоты.
Қызығамын түсіне,
Мойнындағы асыл ісіне,
Шынжырды егеп, қиятын
Асыл егеу және жоқ,
Мен байғұста шама жоқ,
Осы құс түсті көзіме,
Қапаста бұлбұл сайрайды,
Бұлбұлды көзім көргенде
Қазандай ішім қайнайды.
Сол бұлбұлды алам деп,
Қайтейін, көңілім ойлайды...
Есігін ашып кірерге
Қолым қысқа, бұлым жоқ,
Ол қапастың ішінде
Мен байғұсқа орын жоқ,
Тілге келсе, бұлбұлмын,
Малға келсе, құзғынмын,
Бір шабар менің қоңым жоқ,
Егеуім жоқ қолымда,
Шынжырды егеп, кесерге
Аяқбауым қолым жоқ,
Әдісін тауып шешерге.
Таудан қашқан ол түлкі,
Қайратым жоқ жетерге.
Осы қалған дүниеден
Арманда басым өтер ме?
Сыртым – бүтін, іш – түтін,
Жолықтым мұндай кеселге.
Көрген күнім күн емес,
Және менің бұрынғы
Өзіңіз де білесіз,
Қалтамда жоқ бұлымды.
Айтайын деп келіп ем
Алдыңызға мұңымды.
Ел мен ерді қуат қып,
Бір сертке Бақаң ұрынды.
Ер жігітке серт екен,
Жете алмаса сертіне
Жазылмас ойдан мерт екен,
Өмірлік жолдас – ғашықтық
Жүректің жанған өрті екен.
Жақсы әйел мен жүйрік ат
Жалғанның сондай көркі екен.