Болман мен Тайжан айтысы (1-бөлім)
Болман Қожабайұлы, Тайжан Қалмағамбетов · 2 мин оқу
Тайжан:
Жақсының таныс болдым баласына,
Ән салдым Сарыарқаның даласында.
Домбыра ап, Болман інім келіп отыр,
Жармасып қалайын деп ағасына.
Бұл ағаң бой бермейді, күш бермейді,
Көрген жоқ жан жармасып жағасына.
Әкеңіз кеңес сөздің дариясы,
Сөз десе, қайтқан емес ықыласы.
Ағаңа мен сияқты жармасам деп,
Болманым, болып жүрме Аллаға асы.
Мен-дағы Ұлытаудың сұңқарымын
Сөзбенен даяр отыр сыбағасы.
Қиядан бөрі келсе, шап беремін,
Басынан сыпырғанда томағасы.
Су ішкен алмауытпын биік өрден.
Халыққа сөзім анық Құдай берген.
Қожасты қолдан бағып, бөлгем енші
Сондағы менің атам бата берген.
Именбей, ағаңа сен жармасасың,
Кісідей жаңа туып, көктен келген.
Болман:
Тайжеке, құнан да бар аттан озған,
Болсаң да, ардагер боп, топтан озған.
Бал мінез Қожабайдың баласымын,
Мен-дағы жүрмін озып қалың қолдан.
Тайжеке, үлкен жасың, құрмет етем,
Артыңнан қашсаң-дағы, қуып жетем.
Түп бірге, түтін басқа, қайран аға,
Сөзімде айтқан осы бар ма бөтен?
Әрине, деп айтасың енші бердім,
Ағасың, дәмін татқан талай жердің.
Қожастың төрт баласы мал мен басты,
Бұл күнде кемеліме мен де келдім.
Атамыз Сағындықтан кімдер асты?
Егескен дұшпанымның сұлқын басты.
Еліңді жау шапқанда атам шығып,
Жылаған көңіліңнің зарын басты.
Туыпты Орта жүзден жеті бала,
Бақытты артық қылған Хақ Тағала.
Қожасты мен бақтым деп, кемітесің,
Ал, Тайжан, алды-артыңа бірдей қара.
Кешегі маған ерген сен емес пе ед,
Сенен сол біздің ата кең емес пе ед?
Атаңыз Қалмағамбет молда болып,
Біздің елде бала оқытып жүр емес пе ед?
Ал, аға, байқап сөйле, ойды таңдап,
Орта жүз бас қосқанда, өңкей саңлақ.
Сондағы ішіндегі Ырсай еді,
Баласы бұл Үш жүздің алған таңдап.
Ырсайға, Ерденменен кімің жеткен?
Кіші жүз сіздің елді шауып кеткен.
Әперген намысыңды сол екеуі,
Осыны ұмыттыңыз не себептен?
Ал енді кезек бердім, Тайжан аға,
Өнбейді еш бір нәрсе құр өсектен.
Әр істі мына Тайжан көрген жоқ па,
Соңынан не жақсының ерген жоқ па?
Әкесінің асына жар шақырып,
Тұтқыштан, қастан әкең өлген жоқ па?
Сол кезде кім шауып еді намысыңа,
Жер жарған Сары аталық табысына?
Тұтқышты қолмен барып, ұстап алған,
Әуелі өзіңді-өзің танисың ба?
Ұлы жүз, Орта жүз боп бас қосқанда
Сен үшін шапқан жоқпын ба намысыңа?!
Кісідей сөз сөйлейсің көктен түскен,
Тұтқыштың мен емес пе қанын ішкен?!
Әперген намысыңды менің атам,
Қай жерім кем болып еді қайрат-күштен?