Болман мен Тайжан айтысы (2-бөлім)
Болман Қожабайұлы, Тайжан Қалмағамбетов · 2 мин оқу
Осындай ірі ісімді еске алмайсың,
Айнала жан-жағыңа көз салмайсың!
Адасып, Болман, інім, теріс кетпе,
Біздерден бата алсаң, бос қалмайсың.
Шындасаң, атаң Қожас құл деп айтар,
Шынылы шынжыр балақ біз деп айтар.
Өзіңше тере берші өз сөзіңмен.
Қожастың арғы атасын кім деп айтар?
Ал енді кезек бердім, інім Болман,
Сұрашы, өз әкеңнен кім деп айтар?
Болман:
Сұрасаң, арғы атамды – Матай-Найман,
Жері жоқ қай уақытта серттен тайған.
Қожас та сыбағаңды берген жоқ па,
Ұранда кім асып ед Қаптағайдан?!
Елге-ел қоныс тұтып, айқасқанда,
Кім озды Ұлы жүзбен шайқасқанда?
Үш жүз боп бас қосқанда не деп еді,
Жеріңде Мұқыр, Сары бас қосқанда?
Сондағы Абайділда шыққан жарып,
Өтейін әрбір істі еске салып.
Кешегі Масақ батыр емес пе еді,
Кек алған Ұлы жүзді шауып алып.
Сондағы осы істерім сендер үшін,
Атамның сол сияқты көрдің күшін.
Бас қосқан отыр, міне, Орта жүз боп,
Осы ма, Тайжан аға, үлгілі ісің?!
Ал енді кезек бердім, аға, Тайжан,
Сияқты айтқан сөзің көрген түсің.
Тайжан:
Шырағым, көп сөйледің, інім, Болман,
Еліміз ертеден-ақ нұрға толған.
Елімде бай Тоғызбай малы асқан,
Оған да осал емес бақыт қонған.
Бес мың қой, үш мыңдай боп жылқы біткен,
Асырып сақилығын, мейман күткен.
Ұлытаудың сағасына үш үй тігіп,
Осындай адамың жоқ мейман күткен.
Әм байлық, әм сақилық біздің елде,
Жаңбыр жауса, шөп бітеді қара жерге.
Елімде Айбас пенен Нөгербек боп,
Әуелде сізден бұрын шыққан төрге.
Атамын бұрын туып, жарық көрген,
Ешқайдан бақытың жоқ алып келген.
Несіне Ырсайыңды мақтай бердің,
Жанбайды байлап, матап, ұстап берген?
Ал енді кезек бердім, інім, Болман,
Нәрсенің анығын айт, көзің көрген.
Болман:
Көрдің бе осы күні Жаңабайды?
Бетіне жан баруға жарамайды.
Көп оқып, әбден үлкен білім алып,
Адам деп оларыңды санамайды.
Қай жерден, Тайжан аға, мақтанасың,
Кеш болса, малды ауылға аттанасың.
Әркімнің түйе, қойын сойып жедің,
Нақақтан жан бересің, ақталасың.
Жұмабай, Тұрсын еді ұры басы,
Қиянатшы солардың бар жолдасы.
Осындай жамандыққа үйір болдың
Ісіңнің толып жатыр масқарасы.
Кешегі Ұлытауда бас қосқанда
Ұрының беріліп еді сыбағасы.
Ұрлыққа батырмын деп мақтанасың
Өзіңе кетпейтұғын дақ саласың.
Ахметтің екі нарын бірдей сойып
Оларда бар ед сенің қанша аласың?
Осындай ұрлық қылған кесіріңнен
Жауықтырдың тату елдің екі арасын.
Өзің біл не сөйлесең, Тайжан аға,
Жұрт білер мына отырған сөз расын.
Тайжан:
Ғапу ет, Болман, інім, үлкен жасым,
Ағаңның тарттың сыйлап сыбағасын.
Ал енді сөз аяғын тоқтатайық,
Болған соң ұяламын үлкен жасым.
Тұрушы ең қай уақытта орын беріп,
Бәріміз қалып едік ата көріп.
Бәріміз атаң Найман баласымыз,
Ежелден халық едік іргем берік.
Осыған риза бол, інім, Болман,
Қайтармын Қожакеңе сәлем беріп.