Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Иманжан мен Бибіғали қыз айтысы (2-бөлім)

Иманжан Жылқыайдаров, Бибіғали қыз · 2 мин оқу

Әкеліп атан түйе бәйгі малды,
Бәйгіні көк ат келіп, тағы да алды.
Ал енді шабыс тарап, бозбалалар,
Отауға аужар айта ел жиналды.

Аужарға төңіректен келді халық,
Ақ киіз, масатыдан ою салып,
Орнатқан дөдегеге алтын оқа,
Жарқырап, ақ отау тұр ажарланып.

Үзігін ақ отаудың кейін түріп,
Қақ жарып, қалың топты ішке кіріп.
Қолға алып, домбыраның шегін бұрап,
Ақын қыз отыр екен әзірленіп.

Іркусіз ойдан шығар сөз дегенің,
Ісім жоқ тойдан бөлек өзге менің.
«Баста», – деп, осы тойды халық ұнатып,
Япырм-ай, болды қалай өз дегенім?!

Барады керуен мысал сапарға ауып,
Ойласаң, аз күн мейман қыз дегенің.
Тойыңыз құтты болсын, ел жинаған,
Сәт-сапар тойыңызға кез келгенім.

Тойыңыз құтты болсын, жұртты жиған,
Тамаша, бозбалаға бұл бір думан.
Жүздеспей, аужарды айтып тұрмын шырқап,
Көрісерміз түнгі ойында неке қиған.

Бибіғали қыз:
Жарайсыз, құтты болсын, айттың келіп,
Алдың ба тойдан мүше, еттен жілік?
Жалғанда қыз баладан мұңлы бар ма?
Болмайды өмірінде басында ерік.
Несіне қуанамыз той болад деп,
Айырбас болып барам, малға беріп.
Қыз бала жез бұйдалы тайлақ тағы,
Біреудің жетегіне кетеді еріп.

Иманжан:
Замандас, олай деме, шаттық күнің,
Қайырлы болсын, құтты, барған жерің.
«Келед деп балаларым» қарауылдап,
Күтіп тұр қуанышпен ондағы елің.
Қыз туып, ұзатылып, той болмаса,
Халықты кім қосады ұлы жиын?
Ата, ана, туған-туыс онда да бар,
Қуандың екі жақсы, қай жер қиын?!

Бибіғали қыз:
Ау, құрбым, сөзің шырын, лебізің балдай,
Тыңдаған ләззәтыңа жатыр қанбай.
Ұл болсам, отырмас па ем өз үйімде,
Қор қылды-ау, малға сатып, мені мұндай!
Жазуда тең теңіне қосылып жүр,
Болмай ма, сондай қылса, мені Құдай?
Мұңы бір замандастың деген бар-ды,
Себепкер сіз боларсыз бұған қандай?

Иманжан:
Құдаша, лебізің – бал, сөзің – шырын,
Ер, әйел жұпты болған әуел бұрын.
Жаралған Адам ата, Хауа анадан,
Қалдырған ұрпағына жұптылығын.
Бозбала – елдің көркі, қыз-келіншек
Асылдың қиқымындай өрнектігін.
Жалғанда қыз, бозбала қосылмаса,
Таралар халық болып, қайдан өнім?
Аз емес бұл қызығың бір басыңа,
Жарқыным, қысқа пікір бұл тілегің.

Бибіғали қыз:
Ау, құрбым, бұл қызық па малға сатқан?
Айырып, өз жұртынан зар жылатқан?
Бұлаңдап, еркін ойнап өскен оң жақ,
Айрылар жатқа барса, бұл сыйпаттан.
Иіліп, келін болып, төрге шықпай,
Қызық па су әкеліп, отын жаққан?

Иманжан:
Қыранды желге қарсы асырмас шың,
Естідім, құдашажан, айттыңыз мұң.
Ұлын үйде қалдырып, қыз ұзатқан,
Обалың болсын соған басында кім!
Биопа дүниеде ерге шықпай,
Келіп пе ед, жарықтығым, үйде отырғың?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз