Иманжан мен Бибіғали қыз айтысы (3-бөлім)
Иманжан Жылқыайдаров, Бибіғали қыз · 2 мин оқу
Бибіғали қыз:
Қойылған жаралғанда атымыз – қыз,
Лақапқа ие болған бозбала – сіз.
Сүйіп алған қызын місе тұтпай,
Кетеді жүріп, тастап ер опасыз.
Қайтесің, талпынғанмен, бағаң төмен.
Қайран күн өтеді солай теңгерусіз.
Иманжан:
Құдаша, күдігім бар осы сөзден,
Сөйлейсіз нақ кісідей көрген көзбен.
Ірияны басыңызға қатты тиіп,
Адамдай зәбірленіп, ерден безген.
Зыр етіп, еркек десе ышқынасыз,
Сұрайын сөз мәнісін өзіңізден.
Кісідей ері тастап, ел бүлдірген,
Кетпестей көрген зәбір есіңізден.
Құдаша, аты-жөніңді баяндашы,
Бірінші кездескенім бүгін сізбен.
Бибіғали қыз:
Сұрасаң, менің атым – Бибіғали,
Атаған Бибікен деп елдің бәрі.
Оңғарбай – әкем аты, дәулеті сай,
Халқыма қасиетті сөзі дәрі.
Ер, әйел қосылғанда, Алла қосып,
Өзімен бірдей болса сүйген жары.
Талжібек той иесі жиенім кеп,
Шақырып мені алдырған, жездем, бәрі.
Осылай менің жайым, сіз айттыңыз,
Танысып, білісейік сізбен-дағы.
Иманжан:
Бибіхан, бердің бізге жауап толық,
Басың бос, саяхатта, халық танып.
Жылқайдар – әкем аты, мен – Иманжан,
Талпынған арманыма қанат қағып.
Келдіңіз бұл жиынға не жайменен,
Жүрсіз бе елді шолып, жерді шолып?
Бұл маңға сіз келгелі көп күн бопты,
Таныстым, жүзіңізді енді көріп.
Бибіғали қыз:
Ау, құрбым, жаңа білдім атыңды анық,
Жүруші ем көрмесем де, сырттан танып.
Талжібек айттым мана жиенім деп,
Танысып, ертіп келді өзі барып.
Сізде де серік бар деп естіп едім,
Құрбыжан, жүрсіз бе, алмай серік тауып?
Иманжан:
Жасымнан өлең айтып, жыр зерледім,
Әр жерде сіздей қызбен бір жүргенмін.
Ат арытып, тон тоздырып іздемей-ақ,
Сүйсе қыз, іздеп, келер деп жүргенмін.
Бибіғали қыз:
Жігітке қыз келе ме іздемесе?
Алар ма таңдап тауып көздемесе?
Үйіңде жатар ма едің шал болғанша,
Өзіңді сүйетұғын қыз келмесе?
Иманжан:
Осы ма, жаның ашып, айтқан себің?
Іздеме, өзің қам қыл, менің мұңым.
Әдейі ерден безіп шыққансыз ба,
Өзіме жар болар деп өлең-жырым?
Көрінед асқан жасың жиырмадан,
Ойлашы, боп жүрмесін өлең қиын.
Отызда от басында отырарсыз,
Кәрі атақ алып қалсаң, бітіп сыйың.
Мен әлі, жиырмаға жеткенім жоқ,
Сізден көп кіші, жүрмін жасым кейін.
Бибіғали қыз:
Шаяндай шағып-сорып барад тілің,
Атымды Бикенім деп атайды елім.
Сен үшін қалай, құрбым, қысыламын,
Түсті ме ел таусылып, саған күнім?
Мүше алар жас санап орын емес,
Түсейік қара өлеңге, ақын інім.
Мақпұзда Хақ жазғаны болар деген,
Сіз оқып, көрмеп пе едіңіз Құран сөзін?
Жаманға сағың сынар, сан соғарсың,
Болмаса, шын сүйетін өмірлігің.
Жолдасым оң жағымда қайтыс болып,
Алғалы үш жыл болды, шіркін, өлім.