Мәулімбай мен Мұғлипа айтысы (3-бөлім)
Мәулімбай Саяқбайұлы, Мұғлипа · 2 мин оқу
Әйтеуір, құр құда деп намыстанба,
Егескен озсам дейді жарысқанда.
Әркім-ақ тауым биік болса дейді,
Дұшпанын жықсам дейді алысқанда.
Екі елге араша боп не ғыласың,
Сорлыға шоқпар тиер қағысқанда.
Таз елі дақпырт қылып құр мақтапты,
Мен сені теңеп жүрсем данышпанға.
Дұшпаны тура беттеп, тап бермесе,
Жөніне кетед дейді арыстан да.
Дауымның басындағы мәнін ұқпай,
Қиғаштап, жүйрікпін деп, шалыстанба!
Мәулімбай:
Айтпайын десем-дағы, болмадың ғой,
Кедей деп, өз теңіңді қорладың ғой.
Кедейден ажырасып, байға барып,
Үшінші тоқал болсаң, сорладың ғой.
Шекеңді кәрі күйеу қыздырмайды,
Анық-ақ оған тисең, оңбадың ғой.
Құда деп ат тартпаймын Қашағанға,
Не жетсін тыныш жүрсең, бас аманға.
Менен де сенің нәпсің үлкен екен,
Құмартып, ғашық бопсың жасамалға.
Жасты тастап, кәрі байға қатын болсаң,
Қазысын кекірерсің асағанда.
Болмаса, сенің мыйың ашыған ба,
Айтатын сөзімді айтпай, жасырам ба?
Бетіңе іздеп барып, түкірермін,
Көпестің жүн сирағын қасығанда.
Сөзімнің ойымдағы барын айттым,
Әзірше қанағат қыл осыған да!
Мұғлипа:
Мәулімбай, айтысып ең меніменен,
Тоқтадым, айтыспаймын сеніменен.
Мынадай ел жыйылған ұлы тойда,
Тиістің андастардың кегіменен.
Сыйымды маған деген сөзің болса,
Астыртын айтсаң еді ебіменен.
Жолдыққа жүзігімді сыйладым мен,
Алмағың осы болса тегі менен?!
Мәулімбай:
Сөзіме менің айтқан көнбедің бе,
Ақыл сөз, мәмілеге келмедің бе?
Жеңілсең, менің теңім сол болып па,
Суырып, сақинаңды бергенің не?
Мен саған тоғыз қылып беретін ем,
Ақиқат сөзден ұтып, жеңгеніңде.
Сақинаң жол-жораға жарамайды,
Әдейі ат терлетіп келгенімде.
Көпесің аламын деп, алмады ма,
Қапталдап, қалың андас қалмады ма?
Ол итің миллиончик бай демеп пе еді,
Қалтаңа бес-он теңге салмады ма?
Бүлдірдің момын елдің екі арасын,
Қағынып, байдан байды таңдадың да.
Ақын қыз, мұнша неге дандайсыдың,
Ноғайдың берген торғын дамбалына.
Дәрияда жүзіп жүрген балық едің,
Іліндің қазандықтың қармағына.
Несіне Ғайнитдинге қызықтың сен,
Басыңды әбжыландай арбады ма?
Халыққа белгілі боп шыға келдің,
Басылып көпес таңба сан жағыңа.
Мұғлипа, текті атаның қызы емес пең,
Мен сені сүттен таза деп ойлаушы ем,
Іш нәрсе қалмапты ғой ар жағыңда.
Жеңілсең, тоғыз жолдық бермес педің,
Құдаша, Құдай сені қарғады ма?
Алмаймын сақинаңды өзің алғың,
Саларсың әбзиіңнің бармағына!
Дегенде ыза болып жылады қыз
Ақынның құшағына құлады қыз.
Сіз жеңдің, мен жеңілдім, артық айтсам,
Құрбы едің, кешіргін, – деп, сұрады қыз.
Сөзіне Мәулімбайдың болып ыза,
Намысқой шу шығарды барлық мырза.
Екі жақ ұрандасып, ду боп кетті
Ақыры, соғыс болды қыза-қыза.
Ұран сап, қалың андас басып кетті,
Ғайнитдин өлтіред деп, қашып кетті.
Жігіті андас, мырза қамшыласып,
Соғысып, тойдың мүлкін шашып кетті.
Қамшылар шатырласып қорғасынды,
Ұрысып, бас жарылып, қол да сынды.
Андастар Мұғлипаны тартып алып,
Үш жылда жесір дауы зорға тынды.
Андастар Мұғлипаны тартып алып,
Аттанды барымтаға жалпы халық.
Той болмай, тойдың арты топалаң боп,
Ақыры, зорға тынды арты барып.