Мәулімбай мен Мұғлипа айтысы (2-бөлім)
Мәулімбай Саяқбайұлы, Мұғлипа · 2 мин оқу
Бәледен, Мұғлипа, құтылмасаң,
Қырсықтың жолығарсың қырсығына.
Шықпаса, көріп айтқан, менің көзім,
Ілініп, бір қаларсың ұршығыңа.
Мұғлипа:
Сен сонша дәріптедің андасыңды,
Андаспен бір жинап пең мал-басыңды?
Ежелден Күшік елі даукес келер,
Білемін малта езгенге талмасыңды.
Екі елдің арасында шыбын өліп,
Кім білер бір бәлеге қалмасыңды?
Бағана келген жерден байқап едім,
Жайлырақ жақсы сөзге бармасыңды.
Мәулімбай, жөн білмейтін сөлекет пең,
Білмейсің жең ұшынан жалғасуды.
Одан да ара ағайын әділін айт,
Таста да ақын қызбен арбасуды.
Басымды одан жаман қатырдың ғой,
Былай өгіз, былайда арба сынды.
Мәулімбай:
Дейсің бе өгіз өлді, арба сынды,
Арбаға кім үйретті жармасуды?
Ноғайдың арбасына мініп алып,
Кетпексің адастырып андасымды.
Қораны тышқақ қойдай былғасаң да,
Байқадым шоқырақтан танбасыңды.
Көпеске тоқал болсаң, отырмассың,
Төрінде құрып алып малдасыңды.
Жүрерсің отын жағып, суын құйып,
Жығылып, сары ала ғып жамбасыңды.
Келтіріп тәубә-тәупиықты ауызыңа,
Күң қылар бәйбішелер хан басыңды.
Мұғлипа, түспес жолға түсіпсің ғой,
А, Құдай, аман қылсын мал-басыңды.
Мұғлипа:
Андасты сүймегенім, сүйгенім не,
Ноғайға тимегенім, тигенім не?
Араз боп андас, мырза шабысса да,
Күшіктің арадағы күйгені не?
Алқынып, арыныңмен тойға кепсің,
Өсекті қатын құсап сүйредің де.
Айтысып, ерегісіп, қызда нең бар?
Құдайың қуат берсін үйдегіңе.
Тәуір-ақ андас сөзін сөйлеп бақтың,
Қу сөзбен өй дедің де, бүй дедің де.
Мәулеке, мұндай сөзге барыспаушы ең,
Бір пәле түртіп келді-ау бүйрегіңде.
Мәулімбай:
Бәле жоқ саған деген бүйрегімде,
Бар ма еді сенің өшің үйдегімде?
Көпестің байлығына көзді тіктің,
Шешеңді әкеңмен [ен] биледің де.
Алғандай алтын тауып арындадың,
Күйдіріп, әркімдерді жалындадың.
Қояды әркім теке өз лағын
Қыстырып әйелімді не ғылғаның?
Сұлусың, Мұғлипа, маған ти деп,
Дәл саған жерім жоқ қой шағынғаным.
Несіне кәрі байға қызығасың,
Жемейсің оның, бәрібір, қалыңмалын.
Әкең жүр бір басыңды саудаға сап,
Әйтеуір, көбейтсем деп алым жағын.
Көкпарға тартылатын лақ құсап,
Екі елдің додасына салынбағын.
Туардай келер жылы бала көпес,
Жуандап қалған екен қарын жағың.
Мұғлипа:
Ер жігіт қорқар деуші ед Құдайынан,
Қорыққан сені көрдім жұбайынан.
Әйелің тұйғын емес, сұңқар емес,
Тұқымы қарақұстың құмайынан.
Арадан қандай пайда табасың сен
Нең кетті маған түскен уайымнан?
Сен өйтіп әруақты айтып қорқытқанша,
Одан да сөзді ұқсаңшы былайынан.
Көңілдің ашықтығы жақсы емес пе,
Кір батпақ қоюланған лайыңнан?
Андастың атын тартып терге шомдың,
Байқадым сөзіңіздің шырайынан.
Құда деп Қашағанға намыс жырттың,
Ерніңнің көрініп тұр сыңайынан.
Мәулімбай, білеміз ғой ақыныңды,
Көргеміз салдыр-салақ қатыныңды.
Екі елдің арасына қыстырылмай,
Үйдегі қатыныңа айт ақылыңды.