Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мәулімбай мен Мұғлипа айтысы (1-бөлім)

Мәулімбай Саяқбайұлы, Мұғлипа · 2 мин оқу

Мәулімбай:
Мұғлипа, Мәулеш келді, аманбысың,
Білмеймін жақсымысың, жаманбысың?
Не жетсін жүз көріскен амандыққа,
Қолыңды сақиналы маған да ұсын.

Қатарда жөн білетін құдаша едің,
Жатырқап, шыныменен, қалғанбысың?
Сырыңды, сыныңды алып, түймеген ем,
Айтылған сөзге құлақ салармысың?

Құмар боп сөйлеспекке баяғыдан,
Бұл тойға іздеп келдім аяғымнан.
Мырзада аты-шулы ақын қызсың,
Жанасып отырайын қаяғыңнан?

Мұғлипа:
Жүрсіз бе, өзіңіз де аман-есен,
Ілтифат, міне, қолым алам десең.
Айта бер мүддеңізді ойыңдағы,
Менімен бір кеңесіп қалам десең.
Жаманды ел ішінде жау алады,
Кетеді жақсыда емес, жаманда есең.
Өзіңдей жақсыларға біз де құмар.
Жасқанбай жақын отыр маған десең.

Мәулімбай:
Мұғлипа, жақынның да жақыны бар,
Сөздің де мақұл емес, мақұлы бар.
Халайық екеумізді тыңдай қалды,
Айталық жақсы сөзді татымы бар.
Сөзіміз ерсі болып көрінбесін,
Бұл елдің бізден басқа да ақыны бар.
Байымдап әр нәрсені білетұғын,
Қыз едің қатарыңда ақылы бар.
Есікте сыйлаған ер отырмайды,
Дейтұғын бұрынғының нақылы бар.
Дұшпанға таба қылмай, досқа – күлкі,
Қасыңа құрмет етіп, шақырып ал.
Қолынан өзге қыздың келе қоймас,
Істесең, сен істерсің батылы бар.

Мұғлипа:
Мәулеке, демедім бе қасыма кел,
Келсеңіз, шабандатпай, асыға кел.
Сөзінен қай қазақтың құтыламын,
Екеуі, қиын қылса, ашына дер.

Болады қыздың қасы қыруар сөз,
Деміңді ап, алқыныңды басыла кел.
Үйдегі құдағидан қорқар болсаң,
Жүгіңді кейін қарай тасына бер.
Қыздармен айтыспай-ақ, үйге қайтып,
Үйреншік қотырыңды қасына бер.

Мәулімбай:
Құдаша, шу дегеннен өрге салдың,
Құдаңды қиқар болса, жөнге салғың.
Дегендей көк дөненнен көңіл жүйрік,
Дарияға қармағыңды сен де салғың.
Отырсың ердің қамын жеген болып,
Арманың қалжың менен өлең болып.
Ноғайдың ақырынан арпа жеп пең,
Елеріп қалыпсың ғой көбең болып.

Түссе де, басың дауға жасымайсың
Әндетіп, бір жеңгеңді қасыңа апсың.
Қасысам, өз қотырым үйреншікті,
Қотырын өзің кімнің қасымақсың?

Мұғлипа:
Қасыма орын сұрап келгені не,
Қазақтың демегені дегені не?
Өзің де алды-артыңды байқап сөйле,
Жеткізер кімді Құдай дегеніне?

Байланған әркімде-ақ бар бір қылжуыр,
Бос сөздің арадағы керегі не?
Жаманнан әркім басын аршып алсын,
Монтайсып жаттың қамын жемегі не?

Бір елдің айдаладан атын тартып,
Жігітке беттің әрін төгері не?
Басқаның мінін айтып қазбаламай,
Көз салсын өз басының төбеліне.

Мәулімбай:
Түспепті қысық көзің өнеріме,
Түсіпті менің тыртық төбеліме.
Менен де сенің мінің баданадай,
Судай боп сыймай тұр ғой кемеріне.
Ақын қыз, оныменен ақсатпайсың,
Дәл сені көзім жетед жеңеріме.
Туыппын Күшік болып, андас болмай,
Әйтпесе, көндірер ем дегеніме.
Түлкі де қолға түсер, сасқалақтап,
Жұмсайтын айла-тәсіл өлерінде.
Сыйпалап, құдаша деп сыйлай айтам,
Әйтпесе, сөз қор қылман көк ерінге.
Одан да асқақтамай, жөніңе көш,
Ілінбей болат тұяқ тегерінге.
Біреудің көз салғанша тыртығына,
Өзіңнің қарасаңшы жыртығыңа.
Сенің де мойыныңда тыртық тұр ғой,
Бас салып, азулы айғыр қыршыды ма?
Қасқырдай тамақ тартып, жата бермей,
Азбанды тепсең еді тұмсығына.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз