Еркебұлан мен Нұрлан айтысы (3-бөлім)
Еркебұлан Қайназаров, Нұрлан Мұсаев · 2 мин оқу
Досымды домалатпай әрлі бері
Байрағымнан бастайын әңгімені.
Бабаларым бөрілі байрақ ұстап,
Қалғанынша қорғаған соңғы демі.
Айтыстың ақ жалауын желбіреткен
Ақында Сүйінбай мен Жамбыл еді.
Батылдықтың байрағын бек ұстаған
Батырда Сұраншы мен Саурық еді.
Осылардан тікелей тамыр тартқан
Елбасының жолы да даңғыл еді.
Азаттығымды алғанда бүкіл қазақ
Ақ киізге көтеріп, хан қып еді.
Сол кісіні ұлықтау рәсімінде
Бір оқиға біздерді таң қып еді...
Елбасы қапталында тұрған тудың
Құлап бара жатқанын шалды көзі.
Басқалар есеңгіреп, есі шығып,
Ту кетті ау деп жылапты жан жүрегі.
Жағдайды дер кезінде бағамдаған
Әбішұлы атадан алғыр еді.
«Ту құласа қазақтың өлгені» деп,
Орнынан ұмтылыпты қарғып өзі.
Шын мәнінде байланған сол байраққа
Келешек күллі Алаштың тағдыры еді.
Байрақтың басын жерге тигізбеген
Сондағы Елбасының нарлығы еді.
Содан бері көтеріп келе жатыр
Бар қазақтың үмітін жалғыз өзі.
Нұреке, түсінерсің нұсқауымды,
Спортқа оятайын құштарыңды.
Қашанғы ақынмын деп шіренесің,
Қысыр сөзге толтырып тіс жағыңды.
Білегіңнің бұлшығы бес батпан боп,
Қайтейін қу қарағай құшқаныңды.
Басқа жұрт дәл өзіңдей балаларын
Штанга көтеруге ұста қылды.
Өзіңнен де кішкентай Ильинге де
Қазақты қуантатын іс табылды.
«Әлемнің чемпионы» деген медаль
Мойынына бір емес үш тағылды.
Ал сен болсаң әншейін қор ғып жүрсің,
Бойдағы Құдай берген күш қарымды.
Есің барда спортқа бармайсың ба,
Жазда ойласаң өлмейсің қыс қамыңды.
Ақылымды тыңдасаң атлет бол,
Сонда ғана жеңесің дұшпаныңды.
Әйтпесе дәл осылай жүре берсең,
Жалғастыра бересің қысқаруды.
Ойың жеткен жеріңе қолың жетпей,
Игере алмай қаласың іш қарынды.
Штанганы көтеру былай тұрсын,
Көтере алмай қаласың штаныңды.
Нұрлан:
Біреудің тілгің келеді текеметін
Өзіңнің тимейді екен шекеңе тым.
Штангист болсаңшы деп, ақыл айтып,
Ауыр жүк арта берме көкеңе тым.
Бойымда сәл пәл менің сырқатым бар,
Мұздай темір ұстасам жөтелетін.
Қазақта штангист жоқ деп қиналдың,
Осы сала жатқан соң өте жетім.
Бізден асқан штангист халық бар ма,
Қай қиындық туса да көтеретін.
Айтысқа деп жүргенде мен өкілмін,
Спортшы болсаңшы деп сен өтіндің.
Орындай алмасам бір өтінішін
Қасыңа құрдас болып неге отырмын?
Ойлап, ойлп ақыры тоқтам жасап,
Жаныңа үмітпенен кеп отырмын.
Қолыма сен секілді сырықты алып,
Биіктікке секірсем деп отырмын.
Ағайын ажар қостым ажарыңа,
Ажал деген қарамас ажарыңа
Байдың ұлы деп мені кекеттің ғой,
Бір қарап айтқан жөн ау о жағына.
Білімі бар халыққа байлық керек,
Дұшпанның қалмау үшін мазағына.
Сол байлық Маңғыстаудан шығып жатса,
Сол үшін де Мұсаев жазалы ма?
Маңғыстауды түркіменнен тартып ал деп,
Адайды Құдай берген қазағыма.
Мұнайдың қаржысымен біздің өлке
Астана, ажар қосты ажарыңа.
Мен мұны бұлдау үшін келген жоқпын,
Ду қоса келіп едім базарыңа.
Маңғыстауға ешкімнің өкпесі жоқ
Ас салған бар қазақтың қазанына.