Малайсары мен Сырым
Сырым Датұлы · 1 мин оқу
Сырым он үш, он төрт жасында балалармен ойнап жүрсе, қасынан Қараман Тана Малайсары деген Нұралы ханның биі атпен өтіп бара жатыр екен.
– Аға, қай русың? – дейді Сырым сәлем беріп.
– Қай руды білетін едің сен? Танамын, – дейді Малайсары баланың сұрауына таңданып.
Тана болсаң: жеті үй Жиембетпісің, бес үй Бессарымысың, алты үй Асанбысың, қарғыс алған ҚараманбысыҢ, қаңғып өскен Қарақұнанбысың, алғыс алған Қалқаман-бысың, Тананың қайсысың? – дейді Сырым.
– Қаршадайынан қақсап тұрған мынау қандай бала?! – деп Малайсары жүріп кетіпті.
* *
«Қадір би кісі ғой, Қадір жақсы ғой» деп әркімдер мақтай берген соң Сырым Қадірді іздеп барыпты. Үй сыртында, төбенің басында бір жапырайған қарт отыр екен. Соған сәлем беріп, көрісіп болған соң, қарт:
– Кім баласысың? – дейді.
– Дат баласымын, – дейді Сырым.
«Бір арба отыннан бір мүсіндік ағаш» деген осы екен-ау, – депті қарт сонда.
– Өзіңді қазыналы шал деп келсем, қазымыр шал екенсін ғой, – деп Сырым бұрылып жүре беріпті.
Сонда қарт:
– Ей, бала, тұра тұр, – деп шақырып алып, – мені қазынасыз десең халқымнан сұра, қазымыр десең қатынымнан сұра, – деп, Сырымға батасын беріпті.