Бала Сырым мен билер
Сырым Датұлы · 1 мин оқу
Шеркеш руының бір үйір жылқысын Есентемірдің жігіттері барымталап кетеді. Сонымен екі ру араздасып, шеркеш тұрған би мен Есентемір Бөкен би хан алдында айтысуға кетіп бара жатып, жолда мал суарып жатқан балаға кездеседі. Аттарын суарып тұрып билердің бірі:
– Қатты жерге қақ тұрады деген не, Қатты адамға мал тұрады деген не? – дейді.
Қарсы би оған жауап бере алмай ойланып қалады. Сонда қауға тартып тұрған бала:
Шөп шықпайіын тақырдағы.
Қатты адамға мал тұрса,
Ақыреттен бейхабар пақырдағы, –
дейді.
Билер бір-біріне қарап, жүрейін деп жатқанда бала:
– Уай, ағалар, жолдарыңыз болсын! Үйімде қартым бар. Кешке барғанда, кім көрдің, қандай жұмыспен жүр екен? – деп сұрайды. Сонда сіздер туралы не деймін? – дейді. Жолаушылар жөнін айтып жүріп кетеді. Жолаушылар құдықтан жүз қадамдай шыға бергенде, арттарынан бала жүгіріп келіп:
– Уай, ағалар, мен сіздерден ақыл сұрай келдім. Бір тоқтым өлді, соны қайтсем сасытпай қажетке жаратамын, – дейді.
– Тұз сеуіп, қақтап ал! – дейді билердің бірі.
– Ет сасыса тұз себейін, тұз сасыса не себейін? – дейді бала.
Билер баланың бетіне бажырая бір қарап, жауап берместен желе жөнеледі.
Құдықтан көз көрім жер ұзап шыққан соң, Бөкен би атын бөгеп:
– Тұрлан, мен ауылға қайтамын. Ақымды бермесең, саған ас болсын, әлгі баланың сөзі өңменімнен өтіп кетті. 30 тай үшін екі ел айтысып ханға барғанымыз ұятты, – деп бұрылып кетіпті. Артынан сұрастырса, әлгі бала Сырым екен.
Арада бір жыл өткен соң Тұрлан Бөкенге сәлемдесіп:
– Бөке, тәуірсің бе? – дейді.
– Отыз байталдың еті сенде, дерті менде болғанмен шүкір, жаман емеспін, – депті Бөкен. Тұрлан үш күннен кейін жылқыларын айдатып әкеп беріпті.