Жиренше мен Қарашаш
Жиренше шешен · 5 мин оқу
Жиреншеге бір жігіт кездесіп жолдас болыпты, өзі тұйық, көп сөйлемейтін адам екен. Бір мезгілде Жиренше жолаушы жігітке қарап: «Жол қысқартайық», – дейді. Жігіт жауап қайырмайды. Тағы бір кезде Жиренше жігітке: «Ағаш қазан қайнатайық», – дейді. Жігіт жауап қайырмайды. Тағы да біраздан соң бір көшіп кеткен елдің жұртын көргенде Жиренше: «Мынау бір бейбастақ үйдің жұрты екен», – дейді. Жігіт оған да үндемейді. Сонымен екеуі бір елге жақындаған кезде, жаңбыр селдетіп құйып кетеді. Ауыл сыртында тезек теріп жүрген бір топ қыз жаңбыр жауып кеткен соң қаптарын арқалап, ауылға қарай жүгіре жөнеледі. Тек бір қыз сырт киімін шешініп, қапқа жауып отыра қалады. «Мына қызда бір сыр болар», – деп Жиренше отырып қалған қызға келеді. Қыз асқан сұлу екен. Жиреншеге қыздың көркі ұнайды. Енді ақылы қандай деп сынау үшін: «Сен көп қыздан неге бөлініп, жалғыз отырып қалдың?» дейді Жиренше.
– Мен басқа қыздарға еріп ақымақ болғым жоқ, – дейді қыз.
– Олар қалай ақымақ болады? – дейді Жиренше.
– Олардың ақымақтығы мынада: келе жатқан алды бар, арты жоқ, шағын бұлт. Бұл өткінші жаңбыр, аз жауып ашылады. Ал олар үйге барғанша отындары да, барлық киімдері де су болады. Су болған отын жанбайды, киімдерін кептіре алмайды. Мен отыныма шапанымды жаптым, ығына өзім отырдым: менің су болған жалғыз-ақ шапаным. Отыным, өзге киімдерім құрғақ: үйге барғанымда отынымды жағып, шапанымды кептіріп аламын, – дейді. Қыздың көркіне ақылы сай, Қаракөздей болып көрінеді. Бұл қызға енді бір сөз айтып көрейін деп Жиренше:
Бүркеніп жалғыз отырсың, Бойға жеткен жас бала. Ұнатсаң айтқан сөзімді, Күлімдеп көзің бері қара!
Оңаша бір сөзім бар, Ақылың болса сен ұғар. Менің атым Жиренше, Жол берген маған хан-қара, дейді. Сонда қыз бөгелместен:
Сыртыңнан естіп, қанық ем, Шешен деген атыңды. Түсіңе бұрын танық ем. Жаңа көрдім затыңды. Айтар жерің осы ма, Көңілдегі датыңды? – деп күлімсіреп өң бергендей болып:
Уәде қылып келіп пе ең, Сөйлесем деп осы жерге. Жалғыз атты жолаушы, Аулақ менен қош жерге. Құрбыңды іздеп тауып ал, Жас қыз сөзіңді естер ме? – дейді.
Жиренше шешен қызды әбден ұнатып ішінен: «Құдай жазса сені алармын», – деген ойға келеді. Ауыл мен екі арада өзен бар екен.
– Мынау өзеннің өткелі қай жерде? – дейді Жиренше.
– Анау жерде бір өткел бар алыс: алыс та болса жақын. Мынау жерде бір өткел бар жақын, жақын да болса алыс, – дейді қыз.
– Сенің үйің қайсы? – дейді Жиренше қызға.
– Менің үйім анау үлкен ақ үйдің жанындағы қараша үй, – дейді қыз.
Жиренше жақын өткелге бұрылады. Қыздың «алыс, алыс та болса жақын» өткелінің суы таяз, асты құмқайыр екен. Жиреншенің аты желіп өтеді. Ал «жақын, жақын да болса алыс» деген өткелдің суы терең, асты балшық екен, жолдасының аты батпактап зорға өтеді.
Жанындағы жігітке: «Сен қайда қонасың?» дегенде, «Мен мына ақ үйге қонамын» дейді ол. «Ендеше мен қараша үйге қонамын», – дейді шешен. Сөйтіп екеуі екі бөлініп, бірі байға, бірі кедейге барып түседі. Бір уақытта отынын арқалап манаты қыз да келеді. Жиренше төрге жайғасқан соң, үйдегі кемпір амандықтан кейін: «Шырағым, мынау байдың үйі тұрғанда, біздің қосқа қалай түстің?» дейді. Жиренше: «Менің баспанам да осындай еді, өз үйім тәрізді болған соң өзімсініп түскенім ғой», – дейді.
Жиренше түскен үй іңір болтан соң от жақты, келін сиыр сауды. Кемпір от басында, қыз үйдің іргесінде отыр.
Төрде отырған Жиренше қызға қарап басын сипайды. Бұл: «Сенің қалың малың шашымнан көп-ау» дегені еді. Кыз оған түсініп астындағы тақыр тулақты сипайды. Ол теңімді тапса тақыр кедей болса да береді дегені еді... Жиренше мен қыз бірін-бірі ұнатқанын осылай ыммен ұғысады.
Таң атқан соң жұрт тұрып жайланған кезде бай Жиреншені шақыртып алады. Жиренше келсе, кешегі жігіт мәз-мәйрам болып сонда отыр екен. Амандасқаннан кейін бай: «Кешегі бірге келген кісі осы ма?» дейді. Жігіт: «Иә», – дейді. «Екеуің бірге келіп екі бөлек түскендерің қалай?», – дейді бай. Жиренше; «Бұрынғының сөзі бар еді, сол есіме түсіп, бәлек түстім», – дейді. «Ол не деген сөз?» дегенде Жиренше:
Әкің білмес ісіңді. Білгендерден сұрап біл. Өліп жатсаң, наданнан, Қабырғаңды жырақ қыл! – деген дейді.
Бай: «Екеуің жолда не сөйлестіңдер?», «Не айттыңдар?» дегенде жігіт түндегі жол-жөнекей айтылған сөзді баяндайды. Жиренше: «екеуден екеу жапанның сары даласында келе жаттық: әртүрлі сөз айттым, серігім біреуіне де сөз қайырмады. Сонан соң мен де үндемей отырып едім, ұйқы келді, маужырап жүре алмадық. Ұйқыдан мезі болған соң «жол қысқарталық» дедім. Оның әңгіме айт дегенім еді. Екінші «ағаш қайнатайық» дегенім насыбай атып алайық дегенім еді. Үшінші «бейбастақ үйдің жұрты» дегенім бір жұртта екі басы бірдей күйік көсеу жатыр екен. Айтқан сөзімнің біріне жауап қайтармаған соң «мына жігіт надан екен, – деп бөлек қонған едім», – дейді. Бай бұрын Жиреншенің атын естіп бір көруге құмар болып жүреді екен. Өзін көріп, сөзін естіген соң есі кетіп мал сойып, қымыз құяды. Бөйбіше: «Шырағым, бүгін осында бол!» деп қондырады... Жиреншенің ақылына қызығып бай қызын бергісі келеді. Қызы: «Мені бір жалғыз кедейге бар дегені несі, бармаймын», – деп астан-кестен бүлінеді. Қызымнан бұл сөзді естіп өтірікші болдым-ау деп ойланып отырғанда, Жиренше: «Баеке, сіздің қиналып отырғаныңыз маған да әбден батты. Көнбеген балаңызды қояйық, мынау көршіңіздің қызының қалың малый төлеп алып берсеңіз болады», – дейді. Бай көрші жігітті шақырып алып, сұраған малый беріп, Қарашашты Жиреншеге қосқан екен.