Қожанасыр мен қызыл дәрі
1 мин оқу
Бір күні Қожанасыр базардан келе жатып жолда есегі жүрмей қалады. Есектің басы-көзіне аямай ұрса да жүрмейді.
Қожекең базардан алған қызыл дәрісінің біреуін есектің құйрығына қыстырып қояды.
Есек бірден жүгіріп кетеді. Ал енді есегіне жүгіріп жете алсайшы. «Қызыл дәрі жүйрік ететін көрінеді»,—деп Қожекең өзі де қызыл дәрінің біреуін қыстырып алады.
Содан есегінің ізінен Қожекең де зытып кетеді. Үйіне жетіп келсе де, тоқтамай үйді айналып жүгіріп жүрген Қожекеңді көріп кемпірі:
—Ау, Қожеке! Бұл не жүгіріс, тоқтасайшы,—депті. Сонда өзін-өзі тоқтата алмай жүрген Қожекең:
—Әй, кемпір! Маған жетем десең, қызыл дәріден сен де бір көргін!—деген екен.