Доспамбет жырау
Хандық дәуірдің жыраулары мен билері · 1 мин оқу
Доспамбет жырау (1490–1523) — қазақ халқы қалыптасқан кезеңде өмір сүрген жырау, қолбасшы, батыр. Ол қазіргі Ресейдің Ростов облысындағы Азау (Азов) қаласында дүниеге келген. Доспамбет Кіші Ноғай ордасында әскербасы болған. Дешті Қыпшақ даласын кең аралап, Бақшасарай мен Ыстанбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген жорыққа қатысқан. Тайпалар арасындағы қақтығыстардың бірінде Астрахан маңында қаза тапты.
Жырау толғауларының басты тақырыбы — Отан қорғау және туған жерге деген сүйіспеншілік. Ол қырым, ноғай, қазақ жұрты бірлікте, ешкімге тәуелсіз өмір сүрген заманды сағына жырлайды. Сол кезеңді қайтып келмейтін бақытты дәуір ретінде суреттейді. Мұндай сарын «Айнала бұлақ басы таң», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Азау, азау дегенің», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық» сияқты толғауларында анық сезіледі. Жырау ел үшін шайқаста қаза табуды ер азамат үшін арман санайды. Мәрттік, жомарттық және қонақжайлылықты ата-бабадан қалған дәстүр ретінде дәріптейді.
Доспамбет өлеңдері екпінді ырғағымен ерекшеленеді. Ол ойын күшейту үшін қайталау тәсілін жиі қолданады. Ерлік пен елдікке шақыратын толғаулары кейінгі Бұқар жырау мен Махамбет сияқты ақындарға әсер етті. Жыраудың шығармалары толық сақталмаған. Олардың көбі жорық үстінде суырып салып айтылған, бізге тек ел жадында қалғандары ғана жетті.
Доспамбет толғаулары алғаш Османовтың «Ноғай уа құмық шығырлары» (Санкт-Петербург, 1893) жинағында басылды. Кейін В. В. Радловтың «Халық әдебиетінің үлгілері» (1896) кітабына енді. Одан соң «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1971), «XV–XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1985) сияқты жинақтарда жарияланды. Бүгінде оның жырлары қазақ жыраулық поэзиясының ерте үлгілері ретінде мектепте оқытылады.