Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әйтеке би

Хандық дәуірдің жыраулары мен билері · 2 мин оқу

Әйтеке Байбекұлы, Әйтеке би (1644–1700) — қазақтың атақты үш биінің бірі, Кіші жүздің бас биі, мемлекет қайраткері. Оның шын есімі — Айтық. Ол Кіші жүздегі Әлімұлы бірлестігінің төртқара руынан шыққан. Шежіре бойынша ол Әмір Темірдің кеңесшісі болған Ораз қажының бесінші ұрпағы саналады. Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырмен жақын туыс болған.

Әйтеке бес жасында молдадан сауат ашты. Жеті жасынан бастап оны атасы Ақша хан мен Жалаңтөс батыр тәрбиеледі. Ақшадан ел басқару мен елшілік ісін, ал Жалаңтөстен әскери өнерді үйренді. Ол алдымен Самарқандағы Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған «Тілла-Кари» және «Шердор» медреселерінде оқыды. Онда дін, құқық, астрономия, тарих және математиканы меңгерді. Сонымен бірге араб, парсы, шағатай және өзбек тілдерін білді. Жиырма бір жасында Бұхара мен Самарқан маңындағы қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болды. Жиырма бес жасында Кіші жүз оны бас би етіп сайлады.

1680 жылы Әйтеке Тәукенің хан сайлануына ықпал етіп, кейін хан кеңесінің мүшесі болды. 1684 жылы Тәуке хан, Төле, Қазыбек және басқа билермен бірге «Жеті жарғы» заңдарын қабылдауға қатысты. Бұл заңдарға енген «сүйек құны» мен «өнер құны» баптары Әйтекенің атымен байланысты. 1685 жылы Әлі сұлтанның ұлы бір кедейдің өнерлі қызын бүркітке талатып өлтірген. Сонда Әйтеке би сұлтанды қыздың негізгі құнынан бөлек, оның өнері үшін және ағайынын қорлағаны үшін қосымша құн төлеуге мәжбүрледі. Ол Ордабасы, Күлтөбе және Ұлытауда өтетін үш жүз жиындарына үнемі қатысып, даулы мәселелерге түйінді шешім айтып отырған.

Әйтеке би жоңғар шабуылдарына қарсы күресті ұйымдастыруға атсалысты. Үш жүздің бірлігін сақтау жолында Төле мен Қазыбекпен бірге еңбек етті. Халық оны тапқыр сөзі үшін «айыр тілді Әйтеке» деп атаған. Ел аузында оның билік сөздері, толғаулары мен баталары көп сақталған. Әйтеке би 1700 жылы қайтыс болып, қазіргі Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата ауданында жерленді. Ол қайтыс болған соң Нұрата тауларын мекендеген төртқара ауылдарының көбі Сыр бойына көшті.

Хандық дәуірдің жыраулары мен билері

Барлығы: 11 тұлға

Тағы оқыңыз