Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері (5-бөлім)
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 105 жол
Күнде тесіп төбесін.
Ақсақалдан әл кетті,
Болмаса тәңірім демесін.
Азаматтар, әлеумет,
Мұның да несін сөгесің?!
Жас сыйламас ағасын,
Алып жыртты-ау жағасын!
Бірі-біріне көпсініп,
Қуат қылар баласын.
Шыдай алмай ызаға,
Кәпірге берген панасын.
«Қой» деп айтса тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас.
Жүгірісер қалаға,
Қаныққан соң жалаға,
Алып бір шығар далаға.
Дұшпаның кім деп сұралса,
Алып бір келер ауылына –
Өзінің туған бауырына.
Келген соң кімді аясын,
Жығып салар дүреге,
Қызыққан соң параға.
Көшіп кетер жерің жоқ,
Жау айбынар ерің жоқ.
Сөйтіп қалмай нағылдың,
Біздің қазақ бәлеге.
Қапа болып тұрарсың,
Түсерсің күнде санаға.
Еділді алып, елді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Қараны санап малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
Кетейін десең жерің тар,
Кетпейін десең кәпір бар.
Сандалғанның белгісі –
Берекет кетті ісіңнен*
Ұлдан қызық көрмедің.
Қорлықпен өткен жасыңнан*
Ұлым, қызым деп кеттің,
Айрылдың құда, досыңнан.
Тілеуіңді бермейді,
Көзіңнің жасын имейді.
Азаматтар, жігіттер,
Айғыр айтып сойсаң да,
Әуелгі заман келмейді!
Заманақыр кезінде
Қожасы жоқ құл азар*,
Қонысы жоқ бай азар.
Азғанының белгісі,
Байдың тілін жарлы алмас,
Ханның тілін қара алмас,
Өлінің тілін тірі алмас,
Өздері ғақыл біле алмас.
Екі үлкен егесіп,
Қошқардай басын теңесіп,
Сол жерде заман оңалмас.
Оңалар заман дер едім, –
Жауға алдырдың әуел бас,
Іс асқынды болмастан,
Мейір, шапқат кем болып,
Шын сөз кетті сырластан,
Ойын кетті құрдастан.
Жастар үміт үзіпті,
Жұрт тосыннан жолдастан.
Заманақыр кезінде,
Қойында қатын жатпады,
Ұрса тілін тартпады.
Күнәсі асқан бұл пенде,
Құдайдан әсте қорықпады.
Шешесіне болысып,
Ұлы шоқпар саптады.
Алжыған кәрі қақпас деп,
Келіні тұстан боқтады.
Қатыным қолы тоңар деп,
Қар жауғанда үй қақтың.
Балам адам болсын деп,
Ұйқыдан безіп мал бақтың.
Асыраймын деп баланы,
Желіп бір жортып аулақтың.
Балаң халал болмаса,
Азаматтар, жігіттер,
Пайдасы жоқ шырақтың.
Харам туған баланың
Бетінде жанған оты бар,
Белгісі бар дозақтың.
Зар заманның сөзі осы,
Тыңдасын мұны құлағың.
Абылай ханның тұсында
Сотқар еді бұл орыс
Арбасын артып оң қылған,
Отын сатып пұл қылған,
Есіл менен Нұраның
Екі жағын жол қылған.
Ертістің басы қара дөң,
Еңкейе біткен қара адыр.
Арқа деген құба жон
Аядай біткен көл екен.
Атты кердең естірген
Арқаның тарлау шөбі екен.
Жігітті кердең өсірген
Ат пенен малдың демі екен.
Ұрлық қылып мал жидың,
Өтірік сөйлеп жан жидың,
Ойлап тұрсам, жігіттер,
Не қылса құдай еп екен!..