Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шортанбай мен Орынбай ақын

Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 125 жол

Шортанбай:
Жаратқан бәрімізді бір құдайым,
Падиша пендесінің білер жайын.
Атыңа анық, түсіңе танық едім,
Жолың болсын, жүрмісің. Орынбайым.

Орынбай:
Дуана қожа атасы барар Меке,
Мейрамға имам болған жалғыз жеке.
Жолың болсын дегенің – жақсы лепес,
Құдай берсе, мол болсын, е, Қожеке.

Шортанбай:
Өлеңге бір кісідей тынысың бар,
Бақ берген тіл мен жаққа ырысың бар.
Барымташы кісідей, мол болсын деп,
Әлдеқандай кісіде жұмысың бар?

Орынбай:
Былтыр бізді шақырды Құсбек батыр,
Хан шақырса, не тұрсын ақын, батыр.
Ақ сұңқардың дидарын көрейін деп,
Орынбай сол жарлықпен келе жатыр.

Шортанбай:
Айтасың мақтан қылып батыр ханды,
Ар көресің құр келіп бақырғанды.
Билейтін ел бітімін би емессің,
Құсбек сені не қылсын шақырғанда.

Орынбай:
Қожеке, ханға тағы сөйлеймісің,
Ханыңды шақырма деп билеймісің.
Ішің тар, бұл қайдағы жарықтықсың,
Тыңдамай хан шақырса қой демейсің?

Шортанбай:
Еліңе мен насихат көп айтамын,
Бар демей беті-жүзің, тік айтамын.
Елімнен былтыр алып кетіп едің
Ұялмай тағы келдің бе деп айтамын.

Орынбай:
Төреңнен алатұғын алымым бар,
Жақсыдан алып өскен қалыбым бар.
Төреңе әлің келсе, бердірмей бақ,
Күндесең алғаныма ішіңді жар.

Шортанбай:
Орынбай Тұрлыбекке ерген екен,
Әркім-ақ сұрамшаққа берген екен.
Елімді өзім жоқта қойдай шауып,
Бұл мұңдар сонан дәндеп келген екен.

Орынбай:
Қожеке, соны сөз деп айтармысың,
Қуанып бердірмесең қайтармысың.
Мейрамның қарлығаштай малын қорғап,
Қызғанған тәңір малын сайтанбысың.

Шортанбай:
Білдің бе сөйткенменен берерімді,
Бағана біліп едім келеріңді.
Жан жоқ деп менен басқа мақтанасың,
Түк бермен, асырмасаң өнеріңді.

Орынбай:
Шығыпты Орта жүзге атың, қожа,
Айтасың әлімдікпен батыл қожа.
Көздерін сендейлердің уқалаушы ем,
Кім болар бергізбесең атың, қожа.

Шортанбай:
Орынбай, Тұрлыбекпен келді, кетті,
Әй, бәлем, бергізбеспін, сөзің өтті.

Жалынсаң, Қожеке деп, кешер едім,
Түбіңе, сорлы, өзіңнің сөзің жетті.

Орынбай:
Қожеке, сырттан сұрап сағынғаным,
Құсбектен тәуір болды табылғаның.
Бұл жерде қожа билер Қаратау жоқ,
Арғынды сенен сұрап не қылғаным.

Шортанбай:
Қарауыл өрши берді шындамаса,
Айтпаймын халық кеңес тыңдамаса.
Тіленші елге келген сен деймісің,
Көрейін халық сөзімді бұлдамаса.

Орынбай:
Қожасың, қара қалпақ, жөнің басқа,
Шығыпсың жақпай жалғыз қарындасқа.
Баласын бір арғынның екі билеп,
Мұндайды кім үйретті сен қужаққа?

Шортанбай:
Болса да баяғыдай заманым жоқ,
Бозбала, бәрің тәуір, жаманың жоқ.
Пір болған жеті атаңа, қожаң едім,
Көрген соң бір заржақты амалым жоқ.

Орынбай:
Нәсілің төрт жар дейді, дегдар қожам,
Алдыңда сөзге жүйрік мен бар, Қожам.
Еліңе дәріс айтып, дін үйретпей,
Қазақтың өлеңінде нең бар, Қожам.

Шортанбай:
Тіленші боп ақын да жағады екен,
Ұлықты мақтап мәнісін табады екен.
Алдына осындайда бір шықпасам,
Жанына қоя берсем жағады екен.

Орынбай:
Айтасың жүйріктікпен, шешен Қожам,
Күнәңді тәубе қылсаң кешер, Қожам.
Алдыма шығарыңды қайдан білдің,
Айтасың соны білмей, жетер Қожам.

Шортанбай:
Беріп пе жалғыз саған тіл мен жақты,
Деймісің сөзден кедей біз бейбақты.
Қожаңды жұрт пір қылғаны «жетер» дейсің,
Әй, бәлем, ұмыттың ба аруақты.

Орынбай:
Деп едім тілім тиер мен бағана,
Жаратты қожаны пір Ақ-тағала.
Ишан өлең айтқанын қашан көрдің?
Не өлең, не пірліктен кет садаға.

Шортанбай:
Хан, қара шақырған соң келе қалдым,
Жел сөзбен көп алдында желе қалдым.
Қожаны пірлігінен айыратын,
Молданы дәріс айтқан көре қалдым.

Орынбай:
Қожеке, көп сайтанмен салыспаңыз,
Қараға төре тұрып таныспаңыз.
Айтамын жаным ашып ақсүйекке,
Жасыққа болатыңды алыспаңыз.

Шортанбай:
Өтерін дүниенің ойламас ем,
Алдында хан, қараның сайрамас ем.
Орынбай елге келген мейман еді,
Әйтпесе бұған жолды байламас ем.

Шортанбай Қанайұлы өлеңдері

Барлық 28 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері