Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақжолтай батыр (3-бөлім)

Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 156 жол

Бұл жиен мықты болды арыстандай,
Жері жоқ кейін қалған еш жарыстан.
Қызы сұлу, орыны онан да артық,
Маған да қыз әперді бір алыстан.

Әкеміз сонан кейін дүние салды,
Қисапсыз мал, артында екі ұл қалды.
Қанша мал садақа қып, ат шаптырып,
Қондырдық құтты орнына байғұс шалды.

Адамға не істетпейді дәулет молдық,
Ойым жоқ көрем деген жаннан зорлық.
Мен кенже, жиен үлкен ағам болып,
Сонымен біразырақ дәурен сүрдік.

Жиеннің діні қатты қара тастан,
Адамға қайыры жоқ бала жастан.
Бетіне ешбір адам қарамайтын,
Мейлінше батыр болды жаннан асқан.

Бұл жиен батыр болды қайраты артып,
Екпіні соққан желдей көкті шарпып.
Қанағат өз малына бір де қылмай,
Менің кеп бар малымды алды тартып.

Жиеннен мен осындай көрдім қорлық,
Қайратын жаратар ма тәңірім мол ғып.
Қолымды өз малыма бір батырмай,
Есіктегі иттен жаман көрдім қорлық.

Осындай күйге түстім, сорым қалың,
Болмады бір басымда ықтиярым.

Еш адам бұл теріс деп сөз айтпайды,
Себебі жеңіп алған жанның бәрін.

Қараңыз сұм жиеннің ақылына,
Қайырынсыз, қатал іске батылына.
Қоймайды малды алғанмен қара басқыр,
Қызықты менің тағы қатыныма.

Сөйтті де қатыныма қолын салды,
Көнбесе аласұрып ашуланды.
Қойнымнан жатқан жерде сүйретіп ап,
Еріксіз үйіне апарып жатып алды.

Мен түстім осындайлық үлкен кепке,
Жазылмас душарластым қайғы дертке.
«Байына көңілі алаңдай береді», – деп,
Мені де ниет қыпты өлтірмекке.

Қатыным бұл ойынан хабар берген,
Пытнә ит қайраты мол жұртты жеңген.
Шыбын жан мал мен жардан тәтті болып,
Бір түнде ақсұо атпен қаштым елден.

Бір түнде ақсұр атпен кеттім қашып,
Қолға түссем өлем деп жаман сасып.
Жол жүріп бірнеше күн тыным алмай,
Жапанда жата кеттім ұйқы басып.

Жапанға жата кеттім қашып барып,
Алладан мәдет сұрап, жылап, налып,
Тыным алып аз ұйықтап кеткен екем,
Түсімде жетіп келді әкем ғаріп.

Түсімде жетіп келді әкем фақыр,
«Ей, балам, бұл жерде ұйықтап болма ғапыл,
Жанында жеті жігіт жолдасы бар,
Ағыбай Тектұрмаста келіп жатыр.

Жүр, балам, осы араның жолыменен,
Олар да жүріп келді түніменен.

Ақжолтай, жолы құтты батыр еді,
Жолдас бол, тез бар, балам, оныменен.

Ағыбай душарласса болып несіп,
Екеуің жолдас болсаң желдей есіп.
Қанжарын екі жүзді қару қылсаң,
Аласың дұшпаныңның басын кесіп».

Қуанып сол түсімнен түрегелдім,
Шын көрсет пазылыңды тәңірім,
Әкемнің түсімдегі сөзін сынап,
Ертерек жетейін деп атқа міндім.
Әкемнің түсімдегі сөзі шын боп,
Отырған бұлақтағы сізді көрдім.

Қуанып, құдай тілек берер дедім,
Айтқаны әкем фақыр келер дедім.
Сырымды бұған айтып ұқтырмайын,
Артымнан батыр болса ерер дедім.

Мен сізден қанжарды алдым жаннан кешіп,
Барсам, жатыр ұйықтап көңілі өсіп.
Қанжарды қақ жүректен салдым-дағы,
Сілтедім төмен қарай қарнына есіп.

Қарынын қақ бөлді де қанжар жарды,
Шошынып ұйқысынан сонда оянды.
Шошынып, қару іздеп, қорбаң қағып
Менің кеп білегімнен ұстай алды.

Ұстап алып, лақтыруға ыңғайланды,
Ұстадым керегеден қорғап жанды.
Қолымнан жұлқылай келіп тартқан шақта,
Теңселіп ақ орда үй шыр айналды.

Орнынан тұрайын деп ұмтылғанда,
Ішек-қарны аяғына түсе қалды.
Ұстаған білегімнен қолы босап,
Сылқ етіп өлерше боп кете барды.

Ей, батырым, осындай менің жайым,
Құтқарды сұм залымнан бір құдайым.
Алдыңнан толысынша мал айдап кет,
Бұл малды сенен аяп не қылайын.

Кәпірден жаман қорлық көргенім бек,
Зарынан жұрт қорыққан уайым жеп,
Көп жылқы бағанағы сол иттікі
Бір жақта менің жылқым онан да көп.

Ақжолтай, Ағыбайым, сенің атың,
Жайылған жер жүзіне салтанатың.
Ақ ордадан шығып келіп, зар еңіреген,
Көргенің бағанағы біздің қатын».

Сыр айтты бала бұған жайлап,
Ағыбай көп отырды артын ойлап,
Топтан тоғыз тұлпарды таңдап алды,
Жылқының не қылмақшы бәрін айдап.

Біреуі сол тоғыздың Ақауыз ат,
Порымы жануардың жылқыдан жат.
«Сауға» деп ер Наурызбай сұрап алды,
Жүрісі, сүйегімен бәрі де ұнап.

Сол кезде бұл тұлпардың төрт-бес жасы,
Дәл бір кез қырым ет жоқ кесер басы.
Қақпан бел, қамыс құлақ белдемелі,
Ағаштың бәлігіндей қабырғасы.

Төрт елі қабырғасы енді, жалпақ,
Шіреген шақпақ еті, бұты талтақ.
Үстіне кісі мінсе қоразданып,
Қарайды жан-жағына жалтақ-жалтақ.

Шапқанда қанды көбік алдын жауып,
Қояды басын тартсаң шайқап-шайқап.
Сыртылдап шын қызғанда құйысқаны,
Лоқымас жар, су келсе онан тайқап.
Шапқанда құс секілді көрінеді,
Алдынан оның қарап тұрсаң байқап.

Өзге аттан жүріп кетсе адымы алыс,
Қанаты қабырғада кере қарыс.
Екпіні пысқырғанда үй жыққандай,
Танауын десең болар бейне талыс.

Кез келген иесіне Ақауыз ат,
Арқада ер Наурызбай жүрді алшақтап.
Ежелгі ата-баба кегі үшін,
Жортатын Абылайлап, ұранын сап.

Жортқанда Ақауызды аңқылдатып,
Қолында ақ семсерін жарқылдатып.
Зәресін алған талай сұм дұшпанның,
Асықтай өшіккенде аспанға атып.

Ақауыз Наурызбайдың серігі еді,
Сауға қып Ағыбай беріп еді.
Астында Ақауыз жүрген шақта,
Ер Науан жеңілмейтін берік еді.

Бұл сөзді оқып едім жазған хаттан,
Тексерттім өзгерісте табиғаттан.
Өтірік, ертек сөзді өлең қылып,
Ақын көп бет алдына еткен мақтан.

Әлеумет, бұл сөз анық, ертегі емес,
Таралған үлкендерден осы кеңес.
Кездескен шежіреде ердің сөзін,
Құлағың естігенде қағады елес.

Тарқаттым Ағыбайдың мына тойын,
Шу қылған қызықпенен Шудың бойын.
Аманат жан ұяда тыныш тұрса,
Аудармақ баспа сөзге ендігі ойым.

Ағыбай сан ажалдан кеткен аман,
Ат қойған «Ақжолтай» деп барлық ғалам.
Жамиғат, айтушыны айып етпе,
Осымен сөз аяғы бітті тамам.

Шортанбай Қанайұлы өлеңдері

Барлық 28 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері