Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері (2-бөлім)

Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 159 жол

Қызмет етпей мен өттім
Ата бірлән анама.
Қарнақтағы сәлем айт
Үш қайтара бабама.

Бабама қол бермедім,
Меке жүзін көрмедім,
Қайғылы болып барамын
Жалғанда жеген парама.
Және сәлем айтайын
Бауырлас туған ініме.
Дүние деген осы ғой,
Жалғыз маған ерді ме?
Не деп жауап береміз
Қияметтің күнінде?
Жұрт тамаша болушы ед
Жалғыз ауыз сөзіме,
Дүние ыстық көрінді
Құрғыр менің көзіме.
Жалғанға тіпті тоймадым,
Өлмейін деп ойладым,
Дүниенің боғы осы деп,
Өлгенімше шайнадым.

Тәуба қылмай жасымда,
Қанша пәле болады
Қиямет күн басымда?
Қасықтап жиған көп малым
Қалды менің артымда.
Өлім деген қиын ба?
Жұртты жеген Шортанбай
Төрт қарыс бөз бұйырмай,
Қалды менің артымда.

Дұғай сәлем айтайын
Бесатаның ұлына!
Дүние, малы ермеді
Өлген ердің соңына.

Жалған жақсы көрінді
Мен байғұстың сорыма.
Опасы жоқ сұм дүние
Оттан ыстық болар ма,
Қалды ма көрдің астында?!
Қарындас ермес қасыңа,
Тіріде көрген ағайын,
Дұға қылып жүріңдер
Өлгеннен соң басыма.

Дұғай сәлем айтайын
Кәрсон менен кернейге!*
Бай менен жарлы-кедейге.
Қазақтан алған қарызым,
Көлденең тұрды көмейге.
Ақын, шешен, көсем деп,
Айласпаңдар мендейге!

Дұғай сәлем айтайын
Тобықтыда Құнанбай!
Кімнің де тағы қалады
Өлгеннен соң суалмай!
Осы дәулет барында
Талап қылсын Мекені,
Ахіреттен құр қалмай.

Азғана қорған болып өт
Ағайын мен туғанға.
Жалғанда жиған нәрсенің
Пайдасы жоқ қу жанға.

Дұғай сәлем айтайын
Көппай менен Нұрланға!
Харамды мал демесін,
Зәбір болар иманға.
Қазақтан пара алмасын,
Ұмытпай жүрсін Алласын,
Құдайдан қапы қалмасын;
Өлгенді менен барласын.

Дұғай сәлем айтыңыз,
Шорман ұлы Мұсаға!
Дәулетінің барында –
Қорқынышты жер алдында,
Тәубесіз өтіп кетпесін
Бес күн жалған қызыққа.

Дұғай сәлем айтайын
Қуандықта Қоңырға!
Қуанбасын көңілге,
Мал деген қайуан доңызға.
Тура келген ажалға
Дәулеті ара болар ма?
Ахіретте көз салсын
Баратұғын орынға.
Білсін Алла жарлығын,
Алдында өлім барлығын,
Құдай досты Мұхаммед
Оның да алған жалғызын.
Көргенімше күн қанша,
Мұхаммед өтті Мұстафа.
Дүниеге тоймаған,
Өлгенімше шайнаған,
Енді де болдым бек қапа.
Дұғай сәлем айтыңыз
Қатын менен балаға.
Тапсырдым енді жалғызды
Расул Алла хұдаға.
Дүниенің боғы үшін
Мендей болып қаңғырып,
Көп шықпасын далаға.
Қастық қылмасын жақынға,
Хайырлы болсын халқына,
Не ғаріптік десе де,
Енді түсті басыма,
Жетім қалды-ау жасында!
Дұғай сәлем айтайын
Жесір қалған қатынға.
Тоқтасын сөз бен ақылға,

Ие болсын артына,
Қайғының ісін салмасын
Жалғызының басына,
Қалмасын көздің жасына.
Ах, дариға, жалған-ай,
Жалғанның енді қалғаны-ай,
Шортанбайды алғаны-ай,
Қайғыны басқа салғаны-ай!
Не шара бар, құдайдың
Әзелде жазған пәрмені-ай!
Тағы да сәлем айтайын
Қалың жатқан Сарымға.
Бай менен жарлы көп жедім
Құдайдың берген бағында.
Өлімнің жақын екенін
Біле алмап едім алдымда.
Шүкір де қылмай қайтейін,
Ажал келсе тұрмайды
Патшалар да тағында.
Тәубе деп қылмай қапы өттім,
Өлерімнің шағында.
Құдайдың ісі бұзық па,
Дүниеге қызықпа.
Әуелде менің ғұмырым
Құдіреттің жазған сызықта.
Ұл атадан айрылған,
Әркім де біздей қайғырған,
Қалған дүниеде пайда жоқ
Жарылқа, құдай алдымнан!

Әмме отырған халайықтар айтты: «Ендігі заманның адам
дары қандай болар, біздерге бір жауап айтыңыз?! – деді.
Сонда айтқаны:

Бір насихат айтайын,
Тыңда мұны, балалар!
Есіткендер ұмытпа,
Қайсыңда сенің сана бар?
Жақсың аттан жығылса,

Жаманың тұрып табалар.
Жақындап келген бұл кәпір
Жылдан-жылға қамалар.
Қасиетті төре жоқ,
Шарапатты қожа жоқ.
Ендігі сорлы бейшара
Қорыққанға барып паналар.

Қария қалды ақылдан,
Қастық шықты жақыннан,
Ендігі күнің кем болар,
Ит кәпірге жақындап,
Билік кетті басыңнан.
Тәубе қылмай қапы өттің
Әуелгі бұрын жасыңнан.

Шортанбай Қанайұлы өлеңдері

Барлық 28 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері