Зар заман (2-бөлім)
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 171 жол
Патша жұртын қанады,
Байлар жөргем санады.
Жарлының жаны берік екен,
Мал үшін он екі ай қой бағып,
Жалғыз тоқты алады.
Тоқты берсе, ісек деп,
Құнан шығар тұсақ деп,
Саулық берсе, егіз деп,
Қыстан шыққан семіз деп,
Жарлының тынышын
Құрттай санап мал алды,
Ел қамқоры сандалды.
Кетейін десе, алдың тар,
Тұрайын десе, кәпір бар –
Қайсы бірін айтайын,
Қазақтың ұлы қамалды,
Қамалмай енді неғып тұр,
Таубасынан қазақ жаңылды
Тұс-тұсынан жау шығып
Дұшпанға жаман табынды.
Көдесі қалың Арқаңыз
Ақ шөбін қимай бағынды,
Бағынғанның белгісі:
Билік кетті басыңнан,
Қорлық көрдің жасыңнан.
Ұл-қызыңнан үміт кетті,
Айрылдың құда, досыңнан.
Мұнан қатты не болсын,
Өмір менен осыдан.
Жамандықтың белгісі:
Ұлың көңілі – бір бөлек,
Қызың көңілі – бір бөлек.
Алысар түсшің болса да,
Әлсіз айбар не керек?
Ендігі жанның ақылы –
Отқа түскен көбелек.
Көбелектен несі артық,
Өлген қазақ көрмедің,
Жалға жүрген жалшыдай
Жан кәдірін білмедің.
Білмегеннің белгісі:
Балаңды бер деп орыс тұр,
Қайтемін деп болыс тұр,
Қорқар ма орыс қой дегенге,
Қазақты қамай түсіп тұр.
Басыңнан билік кеткен соң,
Малыңнан асып, балаңды
Бер деп ақыл тапқан соң
Тоғайды жеңіп қолға алған,
Өз ақылы жеткен соң.
Бұ құсаға ел қайтып шыдасын,
Шабынан шоққа түрткен соң!
Қазақ кез мойын атқа міне алмас,
Кең шалбарды кие алмас,
Шалғын жайлар күйретіп,
Мың кісі мінер үйретіп,
Ақылы жоқ есер құл,
Бір қайрылмас кеткен соң,
Көтерер ме осы жақ,
Кеткенде қайда барасың
Алдыңызда Қоқан бар,
Орыстан жаман тым-ақ жау,
Қазаққа атар таң бар ма,
Мұнан өзге аң бар ма?
Қом туған сылты қазақты,
Қамарға бірме-бір шағып тұр,
Руданға қағаз салып тұр,
Асылық асқан заманда!
Сүйтсе де жұртта ар бар ма?
Қатын ұрыс болып тұр,
Аяғыңды қия бастырмай,
Малыңды билеп басшы тұр,
Дос-жарыңа шаштырмай.
Сыртыңнан билеп келіп тұр,
Ақ-құласын қостырмай.
Жүгіңді билеп қызың тұр,
Басына ине шаныштырмай.
Күңнен туған көбеген
Қонаққа қазан астырмай.
Құлың кетті құтырып,
Күң көтіне қыстырмай.
Осы күнде адамның
Ешнәрсе жоқ ойында.
Адам қылар ұрлығын,
Әдет қылар қорлығын,
Қасиет қалмас бойында,
Арамға баулыр баласын.
Құда-тамыр келерде,
Ине жүрмес арадан.
О дүние азабын,
Бұ дүниеде не деп айтайын,
Көңілінде иман бар адам.
Бір пара жанды малды қып,
Бір пара жанды малсыз қып,
Бір пара жанды ғалым қып,
Бір пара жанды залым қып,
Бір пара жанды дінді қып,
Бір пара жанды дінсіз қып,
Шерне үшін жанды жаратты.
Мұсылманды бір бөлек,
Кәпірлерді бір бөлек,
Ауылдарды бір бөлек
Өз дініне қаратты.
Алладан жарлық келгенде,
Соң тараған сауал шығарып,
Шар тарапқа тарапты,
Алты мың да, алты жүз
Алпыс алты аятты
Кітап пенен құранды,
Мақұлықатты жаратты.
«Сопы Аллаяр» кітаптан,
Сұрап тұрсаң осымды
О, тәңірі-ай, қымбат-ты.
Бас бермеймін дегеннің
Жалғызын жардан құлатты.
Мал бермеймін дегеннің,
Үстіне шекпен кигізіп,
Иніне қоржын ілгізіп,
Ақ таяғын ат қылып,
Айуаннан жат қылып,
Елден тамақ сұратты.
Байлар сәнге мінеді
Жазы-қысы құр атты.
Жарлы да өліп қалған жоқ,*
Оның да көңілін жұбатты.
Жалғанның беріп жарығын,
Бишара жанды қуантты.
Мінер атқа кем қылып,
Бір пара жанды жылатты.
Ашты-тоқты болсаң да,
Иманың сақта ұятты.
Ардан кешкен ұятсыз
Дінсізге қылар мұятты.
Қолында тұрып ұрлығы,
Мойында тұрып зорлығы,
Ойында тұрып жалғаны
Көңілінде тұрып арманы,
Баласын беріп моллаға,
Көңілін беріп Аллаға,
Дүнияға көңіл жұбатты.
Зар заманның аяғы –
Заманың кетті баяғы,
Ықылас-ниет қалмады,
Үлкенге билік салмады,
Жарлының жалғыз сүйеніш,
Мал болыпты таяғы.
Ұлықсыған ұл туып,
Бұлықсыған қыз туып,
Заман жауға кеткен соң
Кім үлкенін сыйлайды?
Жан есінен адасты,
Жамандық мұнша ұласты,
Жарысқа кірген жақсылар,
Жақыным деп жан тартпай,
Кәпірменен қынасты.
Аузына кәпір қаратты
Бұ дүниенің тұтқасын.
Ойлап тұрсам, мал екен,
Соған енді, жігіттер,
Кәпір, қазақ таласты.
Заманың енді өткен соң,
Адам қайтіп қуансын:
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды сыйынғаның,
Айрылмайтұғын дерт болды,
Кедейге қылған қорлығың.
Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің жеңгеңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей.
Абақты тұр қасыңда
Қазылған қара көріңдей!..