Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері (3-бөлім)
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 165 жол
Бай кедейді көрмейді,
Кедей байға ермейді.
Қызметін бір күн қылмаса,
Майлы сорпа бермейді –
Әне байдың қайыры! –
Бұрынғы өткен адамның
Міне, келді тайыры.
Жалғанда қылған ісіңнің
Алдыңнан шығар ғайыбы.
Әзелде жазған пәрмені-ай!
Байды құдай атқаны –
Жабағы жүнін сатқаны.
Кедейің қайтіп күн көрер,
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазады,
Күздей пішен шабады.
Оны-мұны жиғанын
Шығын деп тілмаш алады.
Жалғыз сиыры бар болса,
Соғымына сояды.
Қағаздатып бұзауын
Ноғайына қояды.
Кедейге салып шығынды
Негізі байдың тоймайды.
Қылымсыған қатыны
Қызыл көйлек киеді,
Өзінің байын билейді,
Өзінің байын менсенбей
Көрінгенді сүйеді.
Осы мінез боған соң,
Дозаққа пенде күйеді.
Елубасы, онбасы,
Ол – сайтанның жолдасы.
Ендігі байға мал бітсе,
Ит кәпірдің олжасы.
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ,
Ендігінің мырзасы.
Әмме отырған халықтар айтты: «Мына Асан қожаға ғарыз
айтыңыз», – деді. Енді айтқаны:
Сөз айтайын Асанға,
Дүниеңе мақтанба!
Япырмау, неге мақтандың,
Дәулетің судай тасқанға?
Дүниеқордың маясы
Жақын дейді шайтанға.
Жетпіске келді бұл жасың,
Дүние болды жолдасың.
Әндіжандық сарт едің,
Қай жеріңнен қожасың?
Қаратауда туылдың*
Пәленше деген мырзасың.
Сарыарқаға келген соң,
Төрт аяқты жорғасың.
Жәдігөй жауғыш атанып
Осынша жиған мүліктен
Не көреді қу басың?
Талабың бар жалғанда
Әлі де болса аспаққа,
Дүниенің боғы үшін
Күнде түсіп аптапқа,
Мен раббың деп сұрағанда,
Ұяларсың лахатта.
Әуелден күнә – жанға қас,
Қазаққа келіп болдық мас.
Менің тегім сарт еді,
Сенің тегің – қызылбас,
Екеумізді пір тұтып
Ел қалайша бұзылмас.
Жәдігөй жауғыш болмаңыз,
Ахірет қамын ойлаңыз,
Жасың жетті жетпіске,
Иман бер деп сұраңыз.
Бұл айтқаным – ақылым,
Аталас туған жақыным,
Қиямет күн кез болса,
Пайдасы болмас қапыңның.
Ағартты құдай басыңды –
Өлшеп берген жасыңды.
Уай, уай, менің басым-ай,
Келе көр, Жәке, қасыма-ай.
Амалым нешік құдайға,
Жүгірмек болған жасым-ай!
Қолыңнан сусын бере алмай,
Өлгенін әке көре алмай,
Дұғай сәлем айтыңыз
Жетім бір қалған жас ұлға-ай,
Көргенімше күн қайда-ай!
Бұл сөзімді айтыңыз
Менен қалған балаға.
Бұ дүниенің боғы үшін
Қаңғырмасын далаға.
Тіріде көзім тоймайды,
Тәңірінің бергені – қараға.
Жалған деген осы ғой,
Маған да еріп бара ма?
Білсін бір сүннет, фарызды,
Қазақтан алдым қарызды.
Өлеріме таянып,
Жұртыма айттым арызды.
Үш қайтара сәлем де
Ағайын мен туғанға.
Дүние шіркін ермейді
Бейнетпен жиған қу жанға.
Енді есен бол, ерлерім!
Құсымды салған көлдерім!
Замандас, құрбы, теңдерім!
Ғибрат менен алыңдар
Өлгенімді көргенің.
Өлім үшін жаратты
Әуелінде адамды,
Қалайша деп білмейміз,
Мына дүние жалған-ды.
Үш түрлі қылып шығардым,
Артқы қалған заманға,
Қиямет қайым таянды.
Қайырсыздың көп малы
Жылан менен шаян-ды.
Өлгенде көрі қараңғы,
Бір күнгідей болмайды
Мың күн тір жүргенім.
Мынау менің өлгенім,
Қасықтап жиған дүниеден
Қане пайда көргенім?
Өлуі болмай қалмайды,
Туғаннан соң пәнденің.
Жұртты жеген тауық ем,
Жалғанның ебін тауып ем,
Қаратауда жүргенде
Сарыарқаның наны үшін,
Бері таман ауып ем.
Бозбалаға сауық ем,
Сауығым кетіп, күл сөнді.
Жұрттан асқан көсемді,
Алмай ма құдай шешенді!
Өлеріне келгенде,
Жан мұндар енді сескенді.
Ескендір өткен дүниеден
Жиырма тоғыз жасында,
Перзент қалмай артында.
Шариғатқа сыймайды,
Екі тілек тілеген.
Ғарип пәнде басына,
Ғарип пен нашар сүйенген.
Он сегіз мың ғаламға
Патша болған Сүлеймен,
Олар да өткен дүниеден.
Ойлап тұрсам жалғаннан
Бұрынғылар не көрген?!
Мұхаммед өткен Мұстафа
Кім болмаған биқапа.
Өлімнің ісі кез келді
Алпысқа енген бұ шақта.
Қай пенделер ұжмақта,
Қай пенделер тозақта.
Бұ дүниеден пайда жоқ,
Өлгеніңше дін сақта.
Келсе балам басыма,
Хатым қалсын артыма.
Жетімдікке көндірді
Жұдырықтай жасында.
Кімдер өлмей тұрады
Бұ дүниенің жүзінде,
Мұхаммед те көніпті
Жетімдікке жасында.