Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері (1-бөлім)

Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 180 жол

Мінеді ғаділ патша алтын таққа,
Иман бермей қалмайды көңілі аққа.
Шортанбай өзі тірі заманында
Сапар шегіп барып қайтты Семей жаққа.
Құдайдың, ойлап тұрсам, қаһары қатты,
Тірілікте пенденің жаны тәтті.
Бір күні кеш боп кетіп, ел таба алмай,
Далаға мейман болып қонып жатты.

Жатқанда екі кісі түсіме енді,
Қасыма түсі суық кісі келді.
Кісінің сипатынан қорыққаннан:
«Жаһанда мен көрмеген кімсің?» – деді.

«Өлгенде имансыз құл жолда қалған,
Мен – Ғазрайыл, пенденің жанын алған.
Шүкір қыл, иман айтып, Шортанбайым,
Құдайдан жетті бұйрық, келді саған»*.

Екенін періштелер көңілім білді,
Дем алғызбай кеудеме келіп мінді,
Қолында күрзісі бар, түсі суық,
Жаныма бір шыбындай қысым қылды.

Келтірдім сонда тұрып сұбұхан Алла,
Мен білдім жүрмесімді бұл жаһанда.
Көнбеске құдайыма шарам бар ма?
«Беруге бір күн рұхсат аял бар ма?»

Түсіме періштелер кіре берді,
Үстімнен сол сөзбенен түрекелді,
«Ажалың ертең кешке болады» – деп,
Бір күнге аял беріп жүре берді.

Өзімді келтірейін сөз басына*,
Қатты қиын ісім бар өз басымда.

Ұйықтап жатқан жерімнен оятып ап,
Тағы да бір сөз айттым жолдасыма.
Амал жоқ, енді жүрдік, күн-түн қатып,
Жәкеме кетейін деп арыз айтып,
Жәкеме қатын-бала тапсырайын,
Келе ме өлген адам тірі қайтып?
Өлімге жақын болды менің басым,
Бір Алла ахіретте жарылқасын!

Жалғаннан ахіретке көшпек болдым,
Кеше гөр, үш жолдасым, жолдас хақын.
Таң ата Жанқұттыға енді келдім,
Сөйлес деп, тыста тұрып хабар бердім*.
Келген соң ажал жақын амал бар ма,
Белгілі жүйрігі едім тамам елдің.
Семейден төрт ат алдым бес жүз теңге,
Тоймады екі көзім бұл жалғанға.
Көрмедім қатын-балам өз үйімде,
Мен көштім бұ дүниеден боп арманда.
Үйінен Жәкем шықты түске таман,
Айтыстым сәлемнен соң есен-аман,
Алладан ажал жақын келді білем,
Келмеді сөйлесуге енді шамам.
«Жаралған Жәкем едің асыл зат қып,
Өзгеден бір кісі едің ақылы артық.
Алладан ажал жақын келді білем,
Кетейін енді сізге ғарсыздасып».
Сонда менің сөйлерге есім кетті,
Бір жерге Жәкем барып шатыр тікті.
Жалған шіркін, шынымен қалдың ба деп,
Қарадым көзім салып төңірекке.

Жанға қысым таяды, жалғыз жанға,
Тоймадың екі көзім бұл жалғанға.
Көрмедім қатын-балам, өз үйімді,
Мен көштім бұл дүниеден енді арманда.

Мені көрген дүниеден ғапыл қалма,
Бір тиын қазақ байдан қарыз алма.

Әркімнен қалады екен дүние шіркін,
Өтіңіз тәуба қылып аз жалғанда..

Әмме отырған халайықтар айтты: «Бұ жауабыңыз бар
шасы өлім мысалы болды. Біздерге бір насихат айтыңыз», –
деді. Енді айтқаны:

Адамның жалған дүниесі,
Дүние жолдас қимасы.
Дүниені жолдас демеңдер,
Көп болар оның күнәсі.
Өлгеніңше тою жоқ,
Түңілмей ырза болу жоқ.
Жалғанның арты жақын деп,
Жегенін қазақ қою жоқ.
Сәлем айтып кетейін
Ағайын мен туғанға,
Бала менен қатынға.
Насихат шашып кетейін
Аз ғана сөзді артыма.
Не ғариптік десеңіз,
Бүгін менің басымда:
Жетім болып ұл қалды,
Жесір қатын тұл қалды.
Ала көшуге қасыңа*
Қаратауда халық едім,
Қожа емес едім, сарт едім.
Көк есекті мінуші ем,
Масақ теріп жүруші ем.
Арқаға шығып нан жедім,
Нан жеген соң дәндедім.
Қазақтың жүйрігін мінсем деп,
Сұлу болса сүйсем деп,
Күннен-күнге сәндендім.
Арқадан қылдым жайлауды,
Әркімнен алдым байлауды.
Қиямет күн болғанда
Қандай жерде мекенім,
Мен ғаріптің сайлаулы?

Әмме алдына шай қойды, шайдың жарымын іше алмай,
шыныаяқты жерге қойды, бұ сөзді айтты:

Қалықтаған сұңқар ем,
Қанатым сынды ұша алмай,
Қиядан қуға түсе алмай.
Нәпсім, қарар таптың ба,
Дүниеге тоймайтын,
Бір шыны шай іше алмай,
Жалғаннан дәмім таусылды,
Жарылқа, Құдай, артымды!
Хаққа тәуба қыла алмай,
Меке жүзін көре алмай,
Қу нәпсімді тыя алмай,
Кәмірһе қылдым жасымды!
Екі сөздің басына
Келтірейін өзімді,
Тыңдаңыз, жұртым, сөзімді.
Тыя алмадым жырымды,*
Көре алмадым елімді,
Қиямет күн кез қылғай,
Құдай менің пірімді.
Билер, пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер,
Ахірет қамын іздеңдер,
Жанға бетті кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар,
Дүние жиып өткен жоқ
Бізден бұрынғы пайғамбар.
Сөзін айтайын үлкендер:
Құдайдан қапы кетпеңдер.
Әлің келсе Меке бар,
Артық дәулет біткендер!
Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қылып малды төкпеңдер!
Таяндың енді өлімге,
Алты табан көріңе.
Сатып алған күнәнің
Кешуі болмас күнінде,

Ұл, атаны сыйлаңдар.
Ендігі туған балалар,
Атаңның сөзін бұзбаңдар!
Сәлем айттым бәріңе:
Қызмет етіп жүріңдер,
Басы бүтін кәріңе*.
Ұяларсың Құдайдан,
Өлгеннен соң қоймайды
Тірідегі халіңе.
Үлкендер, саған айтайын:
Мал басына бармаңдар,
Ахірет қамын қармаңдар,
Дүниенің боғы үшін,
Сірә, тіпті азбаңдар!
Тентек болма балаға,
Безер болма келінге,
Қадірің кетер еліңе,
Қарауыл қой сөзіңе.
Қанша нәрсе ереді,
Өлгеннен соң өзіңе.
Қарай алмай жүрерсің
Таңда махшар күнінде
Бір Құдайдың жүзіне.
Атаның тілін ұлы алмас,
Ананың тілін қызы алмас,
Айта беріп қайтейін,
Өлінің тілін тірі алмас.
Жақыннан шыққан жақсыны
Ағайын жұрты көре алмас.
Заман ақыр белгісі –
Бірге туған бауырың
Тату да болып жүре алмас.
Дұғай сәлем айтайын,
Тәшкен менен Бұқарға,
Мұсылманның баласы
Қор болмасын дұшпанға.
Ақырет күн дозақ жоқ
Бір құдайдан қорыққанға.

Шортанбай Қанайұлы өлеңдері

Барлық 28 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері