Ақжолтай батыр (2-бөлім)
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 160 жол
Ыстығын істеп ішті күн батқанша,
Ат суып демін алды ел жатқанша.
Аттарын мықтап тұсап қоя беріп,
Екеуі қалады ұйықтап таң атқанша.
Таң атып тағы жүрді екі батыр,
Ешнәрсе ойламады болып қапыл.
Қамысы шытырмандай жөнсіз қалың,
Жағалап бір өзенді келе жатыр.
Барар жер мағлұм емес бұларға алыс,
Толқиды сумен бірге қалың қамыс.
Жағалап сол өзенді келе жатса,
Ақырып түре келді бір жолбарыс.
Ағыбай сескенді де шошып қалып,
Айнымай әлгі бала тұра қалып.
Ышқынып қарсы келіп шапшығанда,
Шоқпармен сыңар қолдан қалды салып.
Шоқпармен жолбарысты бір-ақ қақты,
Бір ұрғанда-ақ өлген иттей домалатты.
Екі көз екпінімен шығып кетіп,
Жығылып шекесінен жерді қапты.
Сескенді ер Ағыбай мұны көріп,
Бұлар атынан түскенше қалған өліп.
«Айнала қабырғадан іре-дағы
Ал, – деді, – бауыр жүнін екі бөліп».
Ағыбай айтқанының қылды бәрін,
Білмейді онан басқа не қыларын.
Баланың қайратына жан пар келмес,
Батырдың қорқып көңілі болды жарым.
Үкімі бұл баланың сондай қатты,
Жолдас боп оншақты күн дәмін татты.
Екеуі кешке шейін жүрді-дағы,
Кеш батып, бір бұлаққа тағы жатты.
Ағыбай ұнатпайды бала түрін,
Шыбықтай бала жігіт көзге көрім.
Бұл күні күндегідей көп жатқан жоқ,
Ертерек жүрі кетті таңнан бұрын.
Әңгіме, бұларда жоқ ойын-күлкі,
Бұл күнде ұйықтаған жоқ тынышты ұйқы.
Жағалап бір өзенді келе жатса,
Кездесті қарсы алдынан қалың жылқы.
Жолдасы қасындағы жері де жат,
Жас бала жаннан асқан асыл болат.
Жылқының бір ретті ортасында,
Жайылған жүзден артық шабдар қасқа ат.
Бала айтты: «Немене көрген күнім,
Болмаған сабаз едім ешбір мінім,
Жануар өңшең бірдей шалқасқалар,
Менікі болатұғын бар ма күнің».
Ағыбай келе жатыр не біледі,
Атына қамшы басып тебінеді.
Ақты боз елең-алаң болған шақта,
Алдынан бір қалың ел көрінеді.
Ағыбай «Түстім, – дейді, – қандай жолға?
Тәңірім-ай, сапарымды өзің оңда».
Арасы екеуінің бір шақырымдай,
Көрінді елден оқшау екі орда.
Ертерек елді көрді батыр,
Уайым ойламайды болып ғапыл.
Күрсініп ақсұр атқа қамшы басып,
Бет қойып төменгі үйге келе жатыр.
Ағыбай келе жатыр қасын жанап,
Ергені бала жігіт жаңа талап.
Ішінен ақ орданың шықты-дағы,
Бір әйел тура жүрді қарсы қарап.
Алдынан әйел келді жылап-еңіреп,
«Бейшара-ау, жалғыздықтан тарттың бейнет.
Көзіме енді көрінсе өлтірем» – деп,
Қайрайды қатты тісін әлгі жендет.
«Бейшара, мұнда келіп не көресің?
Жеткені ажалыңның енді өлесің.
Жалғызым, ақыретте табысалық,
Жалғаннан сапар шегіп жөнелесің».
Атынан түсе қалды анадай кеп,
Кернеп тұр байқағанға ашуы кеп.
Батырға осы арада бір сөз айтты:
«Бар болса бер, Ағыбай, қанжарың», – деп.
«Осы жерде тілектес боп сіз тұрыңыз,
Кешікпей, аман болсам, шығармын тез.
Егерде үйден шықпай өліп кетсем,
Бас сақтар ақсұр атпен қам қылыңыз».
Соны айтып әлгі бала қалды кетіп,
Ойлайды қалды екен деп әлде нетіп.
Үйге бала кіргенде қатты қорқып,
Тер ақты Ағыбайдан дір-дір етіп.
Сөйтті де ол да ойлайды болып қашпақ,
Шошыған соң жүректі қайтып баспақ!
Сыйынып тәуекелге тұрды-дағы
Баланы кетемін деп қайтып тастап.
Тұрғаны жанды қиып осы жолға,
«Ең әрісі – өлермін» – деп, түссем қолға.
Бала үйге кірген соң көп кешікпей
Шықырлап шыр айналды әлгі ақ орда.
Ағыбай әр сапарда болған жолы,
Тұрғаны сабырлық қып қайрат молы.
Аздан соң бала үйден шыға келді,
Қан болып қанжары мен екі қолы.
Бала айтты: «Отырмысың, Ағыбайым,
Менің көп айтылмаған сізге жайым.
Жанға қас дұшпанымнан құтқарды Алла,
Отырмай, атыңа мін, «Ақжолтайым».
Атқа мініп төменгі үйге келді,
Алдынан қатын зар еңірейді.
Бейшара зар еңіреп жылап тұрып,
«Залымның халі-жайы қалай?» – дейді.
«Сұм залым жұртты жеңген баяғыда,
Шіріткен жан біткенді таяғына,
Ақжолтай Ағыбаймен жолдас болып,
Түсірдім ішек-қарнын аяғына».
Бұл бала мұны айтады гүл-гүл жайнап,
Жұрт жылап, қуанып жүр я құдайлап.
«Төсек сал жолы құтты батырыма,
Астын жұмсақ, жастығын жақсы жайлап».
Қуанып байғұс қатын төсек салды,
Біреуден-біреу естіп хабар алды.
Жұрт шулап, абыр-сабыр, қуанып жүр,
Төсекте ер Ағыбай ұйықтап қалды.
Ұйқы ұйықтап тұрды батыр кешке таман,
Қуанған көрсе халық жақсы-жаман.
Аллаға шүкірлік деп қуанып жүр,
Дұшпаннан құтылған соң есен-аман.
Бұл елге рақым етті бар құдайым,
Көп айтып қуанышын не қылайын.
Ас ішіп әңгімеге айналған соң,
Сұрады енді Ағыбай бала жайын.
Бала айтты: «Ей, батырым, қара маған,
Жаман көп ешнәрсеге жарамаған,
Жөн айтпай дәл он бес күн жолдас болдым,
Айтайын мен жөнімді енді саған.
Тыңдасаң, менің жайым бір үлкен кеп,
Кебімді мен отырмын қозғайын деп.
Бай екен менің әкем өзі жалғыз,
Дәулеті көп мейлінше, перзенті жоқ.
Әкемнің жалғыз болған ғазіз басы,
Ағады бала десе көзден жасы.
Өзінде бала да жоқ, бауыр да жоқ,
Бар екен бір туысқан қарындасы.
Бұл адам дәулеті мол, болған мықты,
Көрмеген туып қорлық жаннан тіпті.
Жаралған жат жұрттыққа қарындасын,
Бір елге жасы жетіп ұзатыпты.
Әкеме жалғыздықтың сызы батты,
Қайғыртып бас кемдігі жабырқатты.
Әкемнің әлгі ұзатқан қарындасы,
Жүкті боп барған жерде бір ұл тапты.
Әкемнің дәулеті мол, көңілі сынық,
Қайғырған бас кемдіктен болып мұңлық.
Балада қыздан туған қиық жоқ деп,
Жиенін алды асырап бала қылып.
Әкемнің жиен жүрді баласы боп,
Алып жүрек арыстандай қуатты бек.
Жүкті боп өз шешем де мені тапты,
Жиеннің жолы құтты, ақжолтай боп.
Ешкімге тигізбейді жиен өзін,
Малы көп жасырғандай жердің жүзін.
Көп малдан сыймай жатқан айдап беріп,
Жиенге әперіпті бір бай қызын.
Көп қылып енші берді және тағы,
Қондырып бөлек ауыл қойған шағы.
Бар шығар ең кем болса екі мыңдай
Көп жылқы соныкі еді бағанағы.