Бала зары (2-бөлім)
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 180 жол
Қасақана бітер мал,
Қайыры жоқ қабанға.
Айдасаң қиық жүрмейді,
Төрт түлігі аманға!
Алтын үйің бар болса,
Сізге мұнан жаман нәрсе жоқ.
Жанға түсіп жоқ болса,
Кеңес кетпес үйіңнен
Жаман болып, тоқ болсаң,
Тіліңді – мекер, қолыңды
Шолақ қылар әрнеге
Ортадан жалғыз тақ болсаң.
Жақсыны жаман көре алмас,
Тіл тиген соң өзіне,
Шын екен деп иланбаңыз,
Жалғаншының сөзіне.
Сырттан ғайбат қылғанша,
Айт көзі мен өзіне.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Қарауыл қояр сөзіне.
Құдайдың барын білмеген,
Айтқан жөнге жүрмеген,
Менменсіген зор кеуде
Қиық жүріп кете алмас,
Аспанменен өте алмас,
Алдындағы жолығар
Құдайдың құрған тезіне.
Жігерлі туған жігіттің
Кім қой дейді талабын.
Жалғыз аяқ бар болса,
Кісі үшін дер шалабын.
Атасы топқа кірмеген,
Сөзге салмас құлағын.
Құдайдан қорыққан мұсылман
Қонаққа сояр лағын.
Өткен соң қайтып келмейді,
Өлгенге мал ермейді,
Бұ дүниенің шолағы.
Жиырма тоғыз харіптің
Жайын білем керек-дүр.
Төрт ярдан шыққан би болар,
Ақылы асқан дүр болар,
Мынау бір жалған дүниеде,
Малы көп кісі би болар.
Көпке тентек, ез, қисық,
Қамшыменен ій болар,
Ер басына күн туса,
Бұта түбі үй болар.*
Ат басына күн туса,
Көксімдегі күй болар.
Көңіл азып, тон тозса,
Берген көйлек кез болар.
Аштықта жасық та болса
Ұдай абзал сол болар.
Мейір кетті пендеден,
Сүйтіп ердің алдынан,
Ақыл сұрасаң азбассың,
Көпті көрген көнеден,
Қасиет кетті төреден,
Ғаділдік кетті билерден,
Абырой кетті әркімнен.
Қайын енесі ас ішпес,
Қабағын түйген келіннен.
Жалғыз құдай болмаса,
Енді үміт жоқ өзгеден.
Ей, муһмин, құлшылық қылсаң не етеді?
Ажал болдырмай қуып жетеді.
Мінезге бағым табылмас,
Ғадетіне кетеді.
Тақуа да болған ғалымдар
Бұ жалғанда не етеді?
Баяны жоқ шіркінді
Бір күн тастап кетеді.
Малдың көзін сүйгендер
Мінбей, кимей өтеді.
Бір кісі емес, әркімнің
Басында бар, сөйтеді.
Дүниенің сүрсең дәуірін,
Басылар сөйтіп әуірің,
Иман – жанның жарығы.
Ақыл – дария білгенге,
Бұ жалған жоқ өлгенге.
Байлықтың алды – иман-ды
Тәңірім сөйтіп берген-ді.
Жан жоламас жатқанға,
Жүргенге жөргем ілінер;
Бұ дүние арман емес-дүр,
Бір кезгі дәурен сүргенге.
Ит жерімес арамнан,
Құдай безер харамнан,
Меһірден қатты мал бітіп,
Кетпесе мал қораңнан.
Пайда қылсаң залалсыз,
Өзіңе біткен қараңнан.
«Қой, әй!» десең, «Не?» дер дүр,
Ақыл айтсаң ақымаққа.
Кенеуі жоқ кейбіреулер
Құр зорлайды тақбаққа.
Атаңды сыйла анаңмен,
Мекені іздеп таппаққа.
Ұмытпассың тәубеңді
Түзу салар соқпаққа:
Түзу жолдан қисайсаң,
Жолығарсың күрзіменен тоқпаққа.
Жерге біткен тау пияз
Жегенмен тамақ болар ма?
Шернеуде жазған несіпке
Дария құйсаң толар ма?
Сүмбіле туып күз болмай,
Көкорай шалғын солар ма?
Кәрілік пенен мінезге
Білсеңіз, бағым болар ма?
Сүтке біткен мінезге
Сүйекпен кетпей болар ма?
Иманнан басқа нәрсені
Құдайдан көп сұрама.
Ерден қайыр кетпесе,
Өлтірмейді есікте.
Өлшеп берген несіпке,
Сөйлес деген мейманға
Сөз қатқанша кешікпе.
Халықпенен қас болып,
Оңбас түске өшікпе.
Ердің құны сот емес,
Қисабын тапқан сабазға,
Төрден орын тимейді,
Патша болса да малы азға,
Мойын бұрып сөз қатпа,
Көңілі қалған аразға.
Езіп жақсаң, кір жұқпас,
Сексен сырлы маңғазға,
Ғашықтық қылсаң жарасар
Сексен сынды хор қызға.
Шынарға біткен мақтадай,
Шырайлы болса алғаның,
Халал сүт емген жолықса,
Болар ма еді арманың?
Ес кірмес ердің астында
Ақ білектен тілеуің,
Білмес жардың ойнымен
Таңның атып қалғанын.*
Жібермейді сұраусыз
Тәңірі алдына барғанын.
Бай бол – малың не керек!
Патша бол – тағың не керек!
Жалғыз-ақ ойла дүниені,
Сапардан жалғыз қалғаның.
Сөзіміз бітті, мен болдым,
Енді шықпас әңгіме.
Бәйіт айтып, баян қып,
Жанастырдым әрнеге.
Мәселе кітап шығардым
Кейінгі қалған пәндеге.
Бес ауыз сөз айттым деп,
Мақтандың, тілім, сен неге?
Қой, көмейім, тәуба қыл,
Асылық қылма иеге!
Жасың жетті алпысқа,
Жеті ғалам астында,
Даусың кетті алысқа.
Өзіңнен өрнек жайылды
Жақынға, туған, қалысқа.
Юзнасы зар көрген
Өзімнен қалсын балаға,
Кетпесе сөзім далаға.
Жоғалтпаса өзімді,
Жоқ қылмаса сөзімді,
Мен риза Аллаға.
Бұл бәйітті шығарған
Біз бейшара ғаріп Шортанбай.
Есте де болар әр топта, –
Мұны білген (қоймас) ойламай.
Бұ бәйітті шығарған
Адамға болғай саламат.
Мұны көріп оқыған,
Молдаға болғай рахмет.
Сөзім қалсын артымда,
Бір күні болар қиямет.
Дұға қылып қол жайғай,
Мұны есіткен әлеумет.