Зар заман (1-бөлім)
Шортанбай Қанайұлы · 1818–1881 · 176 жол
Зар заман, зар заман,
Зарлап өткен бір заман.
Сөздің басы – бисмілла,
Біз айталық, сіз тыңда,
Мұсылманның тарихын:
Төрт аяқты хайуан –
Бұ дүниенің жарығы.
Бағасы кеткен жігіттің
Бетінен алар зайыбы.
Бір Алладан басқаның
Көп-ті қылған айыбы.
Кесепаттың кесірі
Келе ме деп керт басқа,
Сол себептен қорқамын!
Әуелгі қорлар зор болды,
Сондай зорлар қор болды,
Әуелгі барлар жоқ болды,
Сондай жоқтар тоқ болды,
Жөн білмеген жамандар,
Ел билеген бек болды.
Көтере алмай билігін,
Ұласқан үлкен кек болды,
Ниетіне қазақтың
Тым-ақ тәуір еп болды – *
Заман ақыр болар деп,
Сол себептен қорқамын!
Қыс көбейді, жаз аз боп,
Бай таусылды мал аз боп.
Ағайыны көре алмай,*
Атаға бала араз боп.
Әр нәрсенің болжалы,
Келе жатыр жақындап.
Ағашты тауға үй салып,
Алды кәпір ақымдап.
білдіреді. – Құрастырушы.
Елді еркіне қоймады,
Буыршындай тақымдап.
Дуан басы, болыс түр,*
Кәпірдің сөзін мақұлдап.
Бейшараның пұлы жоқ,
Қорыққаннан қақылдап.
Жарысқа кірген жақсылар,
Аша алмассың көзің деп,
Сол себепті қорқамын!
Елге егін жайылды,
Байға қоңсы жоламас.
Алдап-арбап жүрем деп,
Өз тілегін тілемес.
Арам сулы балаға
Атаның сөзі ұнамас.
Заман ақыр боларда,
Алуан-алуан жан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Жарлы кедей жоқ десек,
Қорлық пенен күні өтер,
Таңда махшар күн туса,
Таразыны аударар,
Жаһаннам деген дозақта.
Шайтан болар жолдасы,
Құбыласын білмей құл*
Сонда тартар жазасын.
Кешірмейді құдайым
Бес намаздың қазасын.
Құрт-құмырсқа жиылып
Сонда алады мазасын.
Жаһаннамның белгісі –
Жалғанға болар расың.
Мұқып қылмай құдайым
Ол залымның таубасын.
Сақта құдай солардан,
Сол себепті қорқамын!
Байлар ұрлық қылады,
Көзіне малы көрінбей,*
Билер жейді параны
Сақтап қойған сүріңдей.
Заманың сенің құбылды
Текеметтің түріндей.
Ойлағаны жамандық
Жарадан аққан іріңдей.
Жеті жұрт кеткен қожадан
Сен тұрмайсың бүлінбей.
Қазақ ұлы жиылып,
Құдайына сыйынып,
Қондыгерге хат жазып,
Өлместің де қамын қыл
Басың сотқа ілінбей.
Мына заман қай заман?
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгісі:
Жақсы жаннан түңілген,
Жаман малдан түңілген.
Мұның өзі – зар заман,
Зарлығының белгісі:
Бір-бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген
Мұның өзі – тар заман.
Тарлығының белгісі:
Мұсылманнан хал кетті,
Тәңірім болғай демесін.
Анты жұқпас бойына,
Әрне түсер ойына,
Жалмауыз болды үлкенің
Қазақ, сенің сорыңа.
Арқадан дәурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң
Тіпті амал жоқ, қазақтар,
Енді сенің торыңа.
Орыс – бүркіт, біз – түлкі,
Аламын деп талпынды,
Орыстан қорлық көрген соң,
Отырып билер алқынды.
Мың-мың жылқы айдаған,
Сары қазы шайнаған.
Қымызын судай сапырған,
Ішіп мас боп ақырған
Арқаның жазын қашырған,
Жылқының етін жемес-ті,
Жағаласқан мынау жау
Кетірер сонда* сиқыңды.
Қолыңды қойса айдарға
Жарар солда жылқыңды.
Бұқарға жетер күн болса,
Тыншытар ма едің ұйқыңды?
Қонар кәпір халықы
Көп жасады неліктен?
Көтерілді керемет
Кәламдағы алыптан,
Тәубасы қабыл бір жан жоқ,
Қазақ деген халықтан.
Сөйлеген сөзі жалған-ды,
Шайнаған асы арам-ды
Кім мұсылман, кім кәпір,
Бір Аллаға аян-ды.
Дос кісіге қас қылсаң,
Өз бойыңа жаман-ды.
Атасы ұлға нанбайды,
Көңіліне қуаныш қылмайды,
Уәліден кетті керемет,
Патшадан кетті ғаделет,
Ақыр заман таянды.
Бұл асылық асқан заманда,
Ұл туады атаменен егесіп,
Қыз туады анаменен теңдесіп,
Баласы кетті тыюдан.
Масқаралар таймайды
Жас сыйласып тұрудан.
Адал зада баланы
Таба алмассың рудан.
Ұлың киді дүрия,
Ұстараның жүзіндей
Аударылған дүния.
Қызың киді биқасап,
Тергеп кимей байқастап,
Кешкі тұрым болғанда
Құлан менен бұландай
Үйде тұрмас ойқастап.
Қыз, жігітте әдеп жоқ,
Үшбу күнде халықтың
Домбыра болар шерткені,
Зина болар қылғаны.
Деген екен бұрынғы
Ол бір өткен сапасын,
Бұрынғының сөзінің
Бір қатасы болсашы!
Дәулет, бақтан әуелден,
Жесір қатын, жетім ұл
Бір қараны сан қылып
Айдаған бұ дүниеге тойсашы!
Қартайғанша мал дейді,
Өлгенінше жан дейді, –
Бұ дүниенің қызығын
Көңіл шіркін қоймайды.