«Он бестегі жасым-ай...»
Шал ақын Құлекеұлы · 1748–1819 · 208 жол
Он бестегі жасым-ай,
Жарға ойнаған лақтай,
Жиырмадағы жасым-ай,
Көлге біткен құрақтай,
Отыздағы жасым-ай,
Таудан аққан бұлақтай.
Қырықтағы жасым-ай,
Қырымдағыға көз салған,
Байлаулы тұрған құр аттай.
Елудегі жасыңыз
Қайта көшкен ел екен.
Алпыстағы жасыңыз
Қоңыр салқын күн екен.
Жатпіс жасқа келгенде
Қараңғы тұман түн екен.
Сексен жасқа келгенде
Қазулы тұрған ор екен.
Тоқсан тұрған көр екен,
Өлімнен басқа жоқ екен!
Бір жаста, екі жаста бесіктемін,
Бес жаста тəңірі берген несіптемін,
Алты жаста қайыңның тозындаймын,
Жеті жаста ойпаң жер бозындаймын,
Он жасымда сүт емген қозыдаймын,
Он бесте жарға ойнаған лақтаймын,
Бой түзеп жиырмада сылақтаймын,
Отызда ағып жатқан бұлақтаймын.
Қырқымда қынаптағы қылыштаймын,
Елуде əр жұмысты жұмыстаймын.
Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін,
Жетпіс жаста илеген терідеймін,
Жетпістен сексен жасқа келген шақта
Артымнан кейін кеттім кері деймін
Тоқсан жасқа келгенде көр болғаным,
Отқа салған мүнəйім бор болғаным.
Тоқтыға асылғанда əлім келмей,
Баланың баласына қор болғаным.
Елу ердің жасы екен,
Алпыс – бір сұмдықтың басы екен,
Жетпіс келді төтелеп,
Кəрілікті жетелеп,
Сексен келді бүйірден,
Қалдырып кетті үйірден.
Тоқсан, сен тамам жастың зоры екенсің,
Сүйегің қартайған соң бор екенсің,
Тоқтының баласына əлің келмей,
Балаңның баласына қор екенсің.
Жиырма бес – кемелетке келген жасым,
Қырықта қынсыз қылыш болған басым,
Елуде екі көзің елең етер,
Алпыста ақ сақалды шал боласың.
Жетпісте жер таянбай тұра алмайсың,
Мойыныңды жан-жағыңа бұра алмайсың.
Бəріне көрінгеннің келін болып,
Шақырмаған үйлерге кіре алмайсың.
Сексенде селкілдеген шал боласың,
«Қайда» деп он бес, қайран, дал боласың.
Тоқсанда өлі де емес, тірі де емес,
Бəріне көрінгеннің таң боласың.
Дүния деген шолақ депті,
Жан кеудеге қонақ депті,
Ақырет деген бір киім
Алып қайтар сол-ақ депті.
Дүние деген осы,
Ешкімнің емес досы,
Болар еді досы,
Аумаса егер қосы.
Дүниеге қызығамыз несін біліп,
Аз күнгі қызығына есерленіп,
Жалаңаш кеп, жалаңаш қайтамыз ғой,
Мойынға төрт қары бөз тесіп іліп.
Бақ-дəулет, мал бітерде ырыс қонар,
Ынтымағы ағайынның дұрыс болар,
Бала пайдакүнем болар,
Жалшы жауынгер болар,
Қыз қылықты болар,
Келін епті болар,
Көп көрініп жау қашырар,
Көмектеп қонақ аттандырар.
Адамы қырлы болар,
Малы түрлі болар,
Иті үреген келер,
Тіркеген малы жүреген келер.
Бақ, дəулет, мал көшерде ырыс қашар.
Біреуі біреуіне пəле жасар.
Бала пайдасыз болар,
Жалшы жалқау болар,
Қыз қылықсыз болар,
Келін керенеу болар,
Қатыны салақ болар,
Ат мінсе жалақ болар,
Адамы қырсыз болар,
Малы түрсіз болар,
Иті үрмес,
Тіркеген малы жүрмес.
Байлауы жоқ шешеннен
Үндемеген есті артық,
Бəйге алмаған жүйріктен
Белі жуан бесті артық.
Санай берсең жетімді жетпіс болар,
Бірақ та арманда шын үш жетім бар:
Бірінші – ат жетім өрен жүйрік шабылмаған,
Екінші – құс жетім саятшысы табылмаған,
Үшіншісі – болады екен əйел жетім
Өзінің теңін тауып қосылмаған.
Жігіттер, жаман сөзді кəсіп етпе,
Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.
Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,
Дұшпан түгіл досың да қашар шетке.
Жігіттер, мал мен басым көп демеңіз,
Киім бүтін, тамағым тоқ демеңіз,
Дəуіттің отыз ұлын бір күнде алған,
Біздерге жала-қаза жоқ демеңіз.
Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар,
Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,
Мал-мүлкің, қатын-балаң бəрі қалар.
Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы,
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.
Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң,
Намаз оқы, алланы ойыңа алсаң,
Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз сенікі, өлмей қалсаң.
Кəрі өлсе, соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе бəйтерегің сынғандай-ақ,
Жігіттер, жас кезіңде тəубаға кел,
Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ.
Бəйгеден келе бермес малдың бəрі,
Қатарға ене бермес жанның бəрі,
Кешегі жиырма бестің дер шағында
Келісіп тұрушы еді сəннің бəрі.
Асу-асу жерлерді арыстадым,
Қайда дүбір бар болса қалыспадым,
Кешегі қас батырлар, қайран жақсы,
Алдында хан, қараның қарыштадым,
Бұл күнде көңілім ауыр – қорғасыннан
Өткіздім жігіттікті мен басымнан.
Сауырда су төгілмес боз жорға едім,
Тарлан тарта танбайтын жорғасынан.
Өткен еске түскенде құлазимын,
Ақ киіктей айрылған ордасынан.
Бір құдайдан тілеймін ғұмырымды,
Ғұмыр берсең кірсіз қыл көңілімді.
Имансыздың көрінде от жанады,
Отқа салсаң көремін не күнімді?!
Бір құдайдан тілеймін əуелі иман,
Иманымнан айрылсам көрге сыйман.
Бес уақыт намазымды қаза қылма,
Қарынбайды жер жұтты дүние жиған.
Бір құдайдан тілеймін мал-басымды,
Мал менен қартайтып ал жүз жасымды.
Өлерімде ауызыма иманым сал,
Білгенмін бұл өлімнен қалмасымды.
Бір құдайдан тілеймін иман, ғақыл,
Ақылсыздан əрбір ісім өтті ғафыл.
Ораза ұстап, бес намаз оқығанның
Ол дүниеге барғанда ісі мақұл.
Біреуге ерте келеді, біреуге кеш,
Ертелі-кеш өлімнен қалмады һеш.
Өлім қойса, кəрілік жас қоймайды,
Екі айналып келсе де жиырма бес.
Мен келдім алпыс жастың бесеуіне,
Не жиып, не жетпейміз нешеуіне.
Құдайым иман бергей, бір қаза бар,
Дүниенің көз жете ме өлшеуіне?!
Ұсынса қол жетпейді сермегенге,
Алланың не қайла бар бермегенге?!
Ауызбенен айтқан сөз бола ма екен,
Қолмен ұстап, көзімен көрмегенге?!
Адамның ауызы ала, ойы төртеу,
Құр көңіл болғанменен болмайды екеу.
Құдайым иман бергей, бір өлім бар,
Қай күні дəм таусылса қаза жетер,
Алланың жазып қойған жазуы екеу.
Қаракөк, жылқы ішінде биемісің,
Құдай десең тамұққа күйемісің?!
Тағат, ғибадат, құдайға құлшылық қыл,
Дүниеде ақырда өлмей жүремісің!
Арам болса қашады су кісіден,
Естімеген сөз шығар қу кісіден.
Құран, кітап айтқаны рас болса,
Жұмақ көрер бір жан жоқ бұ кісіден.
Тілеймін бір құдайдан əуелі иман,
Айрылсам иманымнан көрге сыйман,
Бере гөр тілегімді, хақ тағала,
Құдай-ау, құдіретіңе жаным құрбан.
Күнəны іздеп алдық басымызға,
Жолаттық малғұнды қасымызға,
Ахиретте жұмақта болмас па едік,
Сəби боп дүниеден қайтсақ жасымызда.
Осылай сөз сөйлеймін көңліме ала,
Құдайдың құдіретіне бар ма шара?!
Жатсам, тұрсам тілеймін иманымды,
Бере гөр тілегімді, хақ тағала.
Тентегің тентек десең, бұтын созар,
Тентекке тізгін берсең, жұртың тозар.
Мақұл менен тентекті салыстырсақ,
Түбінде тентектен де мақұл озар.
Кей адам өзін-өзі зорға санар,
Ауаланып бақыттан құры қалар.
Жақсылық асқар таудай, тасқын судай,
Қайда жақсы жаймалап орын алар.
Жолаушы ат өлтірмес ғақыл болса,
Арық та жолда қалмас тақыл болса.
Ұрлықпен ұры жігіт мал сіңірмес,
Елінде жөнге салар мақұл болса.