Күй (1-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 185 жол
I
Қобызшы -
Молықбай шал Матайдағы,
Матайда - Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.
Жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар шал,
Жарықшақ, үні тозған, қансыған шал.
Іріңдеп екі көзі, қол дірілдеп,
Аузынан азу тісін аршыған шал.
Еңкейіп екіндідей күні кеткен,
Жұқарып, нашарланып күйі кеткен.
Қобызшы ол - «Ақ көбікті» аңыратқан,
Боздатып «Боз інгенді» күңіренткен.
Қобызшы ол - «Көк көбекті» күрілдеткен,
«Дүлдүлін
Ер Әлінің» дүрілдеткен.
«Онсан мен Ормамбетгің айрылғанын»,
«Жыласқан ноғай-қазақ» күйін шерткен.
Қобызшы ол - «Қорамжанның» күйін тартқан,
Зарлы қыл қыр
қиялын қиындатқан.
Қалыпты қолда қоңыр көне қобыз,
О баста сырмайлатқан, күміс шапқан.
Жайлауда ала қарлы,
Амантекше,
Қарлатып,
жаңбырлатып нөсер төксе,
Тоқсыртып кәрі
аршаны, от маздатқан
Шал үйін сағынушы
ек біз ерекше.
Құмар ек
қобызшыны қолқалауға,
Жақсы едік жалынуға, аталауға.
Қобыздан құздың
күйін, мұздың күйін,
Құмартып
келуші едік біз тыңдауға.
Бұлттанса,
құрыстанса мұз бенен күз,
Мас етіп,
маужыратқан ішкен қымыз.
Тасқындап, көңілі өрбіп, күйі буып,
Дейтұғын: «Кәне балам, әпер қобыз!..»
Бес бұрап, төрт түкіріп, толғап тоғыз,
Қозғалар «құлақ
күйден» жосып қобыз.
Көтерген көк
түндігін күй өргегі
Құлатып
асқарда ағын, мәңгіде мұз.
Ызғыған ызғырық күн, құлдырап қыл,
Алатау, әсем бұлақ сылдырап тұр.
Қиқылдап қырда қызғыш, көлде қаз-қу,
Қаңқылдап таңдай
қаққан талда бұлбұл.
Желдеткен, желде кеткен желмаясы,
Желге не? Алақандай жер аясы.
Ақырып Алатаудан өзен құлап,
Саңқылдап самалданған сай-саласы.
Жау тиген, айқай-ұйқай, үріккен жылқы,
Долданған дуанасы шайқы-бұрқы.
Толқытқан тұңғиықты долы дауыл,
Дүлейі көл Балқаштың ұйқы-тұйқы.
Іңірде баяулаған дауыл бәсең,
Боздатқан бұлбұл күйін бабыңда әсем.
Асықтар алқымдасқан, мауқын басқан,
Сырласқан:
«жарым да сен, жаным да сен!»
Әдемі үн айтақтаған, қой күзеткен,
Адамды - адам күткен, уһлеткен.
Самалдай сайдан соққан саңқылдатқан,
Әлдилеп қоңыр түнді қос бойжеткен.
Кейде күй талмаураған, талықсыған,
Кейде өжет, кейде долы, албытсынған.
Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек,
Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған.
А, деген, асқақтатқан,
әнін қосқан,
Үн қайтса
қосылуға қобыз тосқан.
Кәрі саусақ қылтылдаған қаздаң қағып,
Ойнақтап,
үркіп билеп қылда босқан.
Қыңқылдап
қыл күшігі қыңсылады,
Жә, әлде танысқан
қыз сыңсығаны.
Жүректің қылмен қабат шегін шерткен
Саусақтың ыршығаны, шымшығаны.
Қайырған, текектеткен, жорғалатқан,
Сарқыған,екшеп қағып, сорғалатқан.
Талмаурап самайдан тер сыпырғанда
Тартуын «Боз інгенді» қолқалатқан.
Қозғалған қайта қобыз, қымти бұрап,
Қозғалтқан
«кұлақ күйді» тартыңқырап.
Боздатқан «Боз інгенін» ыңырантып,
Күңіренткен бірде боздап, бірде жылап.
Тоңқалаң топ басынан асқан тұмақ,
«Бәлі» деп бас тұқырған
төмен құлап.
Бой балқып, ой өрістеп, жаның жусап,
Күзетте қалған жалғыз сергек құлақ.
Ескіге, ертегіге ертер үшін,
Тамырын тартып
шердің шертер үшін.
Қолқалап «Боз інгенді» сұрағанда,
Былайша бастайтын шал ертегісін.
II
«Баяғы, дін мұсылман аманында,
Бай бопты Бағлан деген, заманында.
Арқа отгап, асқар жайлап, құм күзеген,
Қыстауы Амудария аяғында.
Құм қоныс, мал суаты Сырдың суы,
Боз дала - тұяқ
басты малдың шуы.
Көкпекті көгертпеген көктен нөсер,
Жарқылдап жай жарқырап жасыл туы.
Түйесі сары қоңыз маусымдағы,
Маясы, нары, үлегі, қаусырмалы.
Қалмайтын қайымаған бір тайлағы,
Келесін ие баққан Қаусылғазы.
Болыпты бір боз тайлақ келесінде,
Ол өзге, өзге
түйе төбесінде.
Өренде, өлкеде жоқ айуан екен
Тартпаған бурасына,
енесіне.
Туғаннан ардақтапты бай-бәйбіше,
Мал айтып
амандыққа әлденеше.
Сақта деп, тілден-көзден
сиыныпты,
Су ішсе, қырға кетсе, шөбін жесе.
Батқанда қырдың күні тұмандатқан,
Қатқанда Сырдың
суы бұлаң қаққан.
Күл көрпе, қорда төсек, қолға байлап,
Үкілеп қара
таспен тұмарлатқан.
Қызылда қыстың күні
шұнаң қаққан,
Аязда түкірігің түспей қатқан.
Жабулап Самарқанның жібегімен,
Жабыла жануарды солай баққан.
Боз тайлақ жасы толған, қайымаған,
Қайғырып мал иесі
зар жылаған.
Балгерге бал аштырып, бақсы ойнатып,
Қалмаған құмалақшы
айырмаған.
Бақсы
ойнап күңірентсе де қобыз үнін,
Қойқаптан қозғағанда Қорқыт жынын.
Боз інген боталамай болды бедеу,
Шашты ашпай құмалақшы қырық бірін.
Жұрт жиып Бағлан айтты:
Елім - халқым,
Інгенім қайымады,
көңіл салқын.
Әулие көп
ауызы, не айтасыңдар,
Барлар жан бар ма ішінде мұның парқын?
Күңіренген бәйбіше де қоңыр қазша!
«Бермес пе ед бір шикі өкпе, ие жазса!»
Ұйлыққан
үндей алмай отырған жұрт,
Шеттегі тұра келді жетім тазша:
«Ау жарандар, жарандар,
Маған да бір қараңдар.
Мен болжайын, байқайын,
Қамалмаңдар,
бағыландар.
Мен дауасын айтайын:
Құлақ салып тыңдасаң.
Тойыңды
жеп қайтайын,
Егер мені сыйласаң.
Жын, әруақ не берсін,
Өлтіресің қинасаң,
Көпке ортақ айуан мал,
Айтайын халқым, айтайын,
Түйеңе көрген түсім бар,