Біржан мен Сараның айтысы (2-бөлім)
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 149 жол
Төрт қызы Тұрысбектің қасыма ерді,
Ақ үйден шыға келдім «Найман шалдап».
Таңданып жиылған жұрт қарап тұрды,
Қыз да болсам Біржанға балап тұрды,
Қамшат бөрік, күлдері белбеуі бар,
Көк торғын шапанды адам қарсы жүрді.
Түрінен мен таныдым, осы Біржан,
Сандалтып орта жүзді әнмен қырған,
Сары сұр адам екен, тым өңді емес,
Құбылар тоты құстай әлгі антұрған.
Біржан салдың айтқаны:
Осы ма – деді – Матай бұлбұл құсы?
Кеп сұрап жаңа таптым жазы-қысы.
Әуелі қазақшалап көрісейік,
Шырағым, берірек кел, жасың кіші.
Баласың менен көрі жасың кейін,
Ежелден менің сөзім қызға бейім.
Бері кел замандасым, Сара жазған,
Тоқталып бөгелесің неге кейін.
Мен Біржан қызға барман аяғымнан,
Шын қызсам дәуірлеймін баяғымнан.
Бері кел, ұрғашылық қылма жаным,
Дәндеме Наймандағы саяғыңнан.
Найманның болады екен қызы надан,
Үлгісіз қалай халық түрі жаман.
Ағаға іні келер біздің елде,
Көп боп па, сұрасуға есен-аман.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Сен түгіл сенен артық құмар маған.
Жалымнан ұстаған қызда арман қалмас,
Жібек жал арғымақпын тұмарлаган.
Еркек тілін алмайтын жының бар ма,
Адам деп сөз айтамын, Сара, саған.
Сонда қыздың берген жауабы:
Жалынмын жанып тұрған нөсерге өтпес,
Болатпын екі жүзді алмас кеспес.
Жөнімен сөздің жөнін сөйлеу керек,
Сандалып Арғынмын деп қылмай егес.
Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың,
Сөз білсең бұ да сенің жамандығың,
Қыссасул-анбиядан көрмеп пе едің,
Белгілі мағлұм болды надандығың.
Адамды топырақтан жаратқан хақ,
Надандығың білінді бұл сөзге бақ.
Хауаға бұрын барған Адам ата,
Естігенің жоқ па еді мұны да, ахмақ.
Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім
Арғында жүр екен ғой жоқты мақтап.
Найманда екі жүзді нар кескенмін,
Желкеңді қимақ үшін қойған саптап.
Тозаңың анда-санда бір бұрқ етер,
Саулатсам бейпіл желді екі жақтап.
Күн көргелі келдің бе, құрдым Арғын,
Жинауға сынық малта Найманды ақтап.
Артыңның ашыларын білмейсің бе,
Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап,
Жерге кіріп кетерсің, жынды антұрған,
Шын қазсам асты-үстіңді жездей қақтап.
Делбелігі емес пе Біржан салдың,
Кісісін жеңетұғын жаңа таптық.
Талпынған жас баланың білегіндей,
Қолымнан ұстатпаймын сен итке аппақ.
Сонда Біржан сөйлейді:
Жіберді домбырасын көкке сермеп,
Ағытты түрлендіріп әннен өрнек,
Сөзіме ызаланып алғаннан соң,
Дауысқа салды Біржан аспанға өрлеп.
«Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға,
Сөйлеткен сені балап қазақ ұлға,
Асықша ақ жамбыны сұлуға аттым,
Тиінім шыққан емес сендей тұлға.
Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға,
Күшігін асыраған ұрғашы иттей,
Азғындап шөктің, Сара, жылдан-жылға.
Қырсығың өз басыңнан арылған жоқ,
Тегістеп айыбыңды тізсем қылға.
Қолыңнан ұстатпайтын ерке болсаң,
Күлімсі әкең неге берді құлға.
Бар екен жаннан артық сөйлер сөзің,
Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзің,
Қолға түскен қалмақша ықтиярсыз,
Төрт болар құлға барсаң екі көзің.
Сөзіңе таң қаламын сынай алмай,
Айтқаным кетті саған ұнай алмай,
Көзіңді күшік құрлы бір ашпайын,
Қортиған шірігіңді құдай алмай,
Есекке қосақтаулы бір қашырсың,
Күң сырын көпке жаяр жылай алмай.
Сері едім төңірекке құлаш жайған.
Түлкінің жүгірісін қыран байқар,
Ұялсаң, сөзің емес маған айтар,
Қанды көз, май жеп алған, ақиықпын,
Сен түгіл қасқыр көрсе бір-ақ шайқар.
Қайтару сұрамаймын келсе әнім,
Қыз сөзін парық қылмайтын ескі заңым...
Күнінде он көрінсе айнымайтын,
Көк төбет болды деме мені, жаным.
Төстіктен жұрт таң қалар кергеніме,
Жеңбесем қуанбаймын келгеніме,
Ақ марал, осы жолы жығылмай кет,
Алтайдың душар болдың мергеніне.
Өзімдей бір басты адам сөз білмейді,
Құданың мың шүкірлік бергеніне,
Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер,
Қараман, қатты сөйле, өлгеніме.
Адымым күні бүгін қалыбында,
Екі жыл отыз беске келгеніме.
Қуырылып апшымның қай сасқаным,
Өтірік ентелетіп желгеніңе,
Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті,
Аталық Қаптағайда жүргеніңде,
Аю болсаң, басамын «аф» дегенде,
Түспеймін жаман құстай көргеніңе.
Сонда Сараның айтқаны:
Әй, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,
Қымбаттығым белгілі білсең баға,
Қамысты терең көлдің сұқсырымын,
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға,
Ежелден сен белгілі желді көрік,
Таң қалдым сәулетіңді сенің көріп,
Сені айдап ажалыңа алып келген,
Құт Маман, ер Шерубай қасыңа еріп,
Сөйлетпей шыға сала кеттім дерсің,
Түрімді көрсетейін сөйлеп беріп.
Қарны ашқан қырсығы бар еркек мысық,
«Сасық» дер аузы жетпей, майдан жеріп,
Кездеспей мен сықылды өнерпазға,
Дәндеме жүрген күңнен тезек теріп.
Өлеңді қолқа қылсаң ағытайын,
Самарқан жібегіндей оннан өріп.
Әншейін сыпайы деп қимай тұрмын,
Көзіңді төрт қылар ем иттей керіп.
Сөзбенен жеңемін деп ойламаңыз,
Бір жерден мүдірер деп көңіл бөліп.
Тіліңді тарта сөйле, Біржан батыр,
Жарамас жүдеп қайтсаң, іздеп келіп.
Тартылып таразыға тең келмейсің,
Тірілсең ертең кешке, бүгін өліп.
Арғынның тантықтығы, міне, осындай.
Кім байқар ер қадірін сөз қосылмай.
Жай тастап құшағымды кең созамын,
Сен түгіл әкеңнен де бір шошынбай.
Күшпенен көндіремін болмасаң да,
Түстеніп тамақ жерсің, қонбасаң да.
Аптығып ақынсынып сандырама,
Ойлайсың артықпын деп оңбасаң да.
Найманға жалғыз тиын керегің жоқ,
Келесің қайыр сұрап анда-санда.