Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Біржан мен Сараның айтысы (1-бөлім)

Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 127 жол

Қызы екен Тастанбектің ақын Сара
Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.
Қыз да болса адамның жүйрігі екен,
Көрмедім сөзді адамды ондай дана.
Қызы екен ақын Сара Тастанбектің
Жақыны, заты Найман, Маман, Толқын,
Есімбектің,
Сауық қып Садыр – Матай жиылысып
Аулына алдырыпты Тұрысбектің.

Аулына Тұрысбектің Сара кепті,
Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.
Сол кезде он жетіде ақын Сара
Жел сөзге адам болмас одан епті.

Сараның атын білед Арғын-Найман,
Жүйрік шыққан аталық Қаптағайдан.
Баласы Қожағұлдың сері Біржан
Сараны іздеп шықты әлдеқайдан.
Елі Керей Біржанның ұраны Алтай-Қарпық,
Қызыққа тірлігінде жүрген батып.
Атасы Алтай-Қарпық, елі Арғын,
Сауықпен жүрген сері дүрілдетіп.

Сараны есітіпті Біржан анық,
Бұған да жүрген жігіт өнер дарып.
Құдай берген дәулетті аясын ба,
Шығыпты он бір жігіт жолдас алып.

Серілік құдай салған мұндай өнер,
Пендеге әр не болса тәңірім берер.
Мың жарым жылқысы бар атасының,
Уақыты екен отыз сегіз жасқа келер.

Келеді он бір кісі жолдас алып,
Дулатып түрлі-түрлі әнге салып,
Ат жіберіп Сараны алдыртуга
Аулына Тұрысбектің жеткен барып:

– Сара да болар – дейді – сөзге тығын,
Айтысып Сараменен қылсақ шығын.
Найманның асыранды бұлбұл құсы
Сараның айттырармын барлық шынын.

Баралық Тұрысбектің ордасына,
Сараның қоямын ба болмасына.
Он бір кісі жолдасым ертең түсте
Біржанның қарық боларсың олжасына.

Арғыннан артық болды салған әнім,
Найманға Арғын түгіл болды мәлім.
Ән салып тоқсан екі түрлендіріп,
Найманның бір жияйын тірі жанын.

Сара да жетік дейді сөйлер сөзге.
Найманда аты шыққан осы кезде,
Ауызын қарсы келсе аштырмаспын,
Адамға мақтанар ол менен өзге.

Бөденедей қырғи алған жұмарлармын
Құдайым уақыт берсе енді бізге.

Алқисса Жүсіпбек қожаға Сара қыздың Біржанмен ай
тысқанын Сара өзі аузынан осылай деп бастан-аяқ баян
қылғаны айтысқанның келер жылында. Сараның сөзі:

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.
Он үште домбыра алып сөз сөйлеп ем,
Келемін бір сүрінбей жеке-дара.

Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының.
Тері-терсек берген соң ит те алады,
Бұлындай берекесіз арбашының.

Әкемнің төрт түлігі бәрі де сай,
Алты ауыл аруақты үш ағам бай.
Бұраңдап асау Керей жүрсем-дағы,
Тоқтыдай борышқа кеттім, уа, дариға-ай.

Баста құдай бұйыртпаса, нәсіп етпес
зарлағанға.
Тұңғиық сезім терең барлағанға.
Тақсыр-ау, он жетіге биыл жеттім.
Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.

Хан, қара, шаршы топта сөз сөйледім,
Көз көрмей, бәрі бекер нанбағанға.

Бөденедей қырғи алған жұмарлармын
Құдайым қуат берсе шыбын жанға.

Арсалаң, Саниязбек іздеп келіп,
Шошыған жүгірістен танбағанға.
Сөйледім қаз мойынды жарма-жалмен
Әкеме ұлдай боп ем біткен малмен.

Аулында Тұрысбектің сөз сөйлестім
Баласы Қожағұлдың Біржан салмен.
Үйінде отыр едім Тұрысбектің,
Бұл үйге құдай айдап дұрыс кеппін.

Қасында жеті-сегіз жат кісі бар,
Сөйлес деп даусы шықты Жүнісбектің,
«Бұл үйде кім бар?» – деді келе сала-ақ,
Отыр ем домбырамды қолыма ала-ақ.

Есімбек, Маман құтым, ер Шерубай,
Қасына еріп келген өңшең манап.
Кісі екен отыз екі жолаушымен.
Ақ үйдің жабығынан көрсем санап.

«Сүйінші, іздеген қыз осында» – деп,
Біреуін тонап жатыр жаудай талап.
Сырлаған домбырасын қолына алып,
Ән шырқап қоя берді жүндей сабап.

Біреуі атын ұстап тұр шаужайынан,
Сөзінің білдім Біржан ыңғайынан.
Толықсып – төңкеріліп ән шырқап тұр,
Сүйтсе де шошымадым айғайынан.

Бұл үйде Сара бар ма, келсін бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері,
Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,
Ауылында Тұрысбектің өлер жері!

Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын,
Арғынның, Алтай-Қарпық – ақтанкері.
Барабар сөзі теңдес адам болса,
Көңілімнің тарқаушы еді қайғы-шері,
Қырандай аспандағы желді күнгі,
Дауысымның көтерілер шықса тері,
Болжаған жер шаршысын майталманмын,
Жасымнан маған мағлұм қыз не дері.
Алтын менен күмістің нақысындай,
Міні жоқ, бізден шығар сөз бедері.
Шатыр тік көк майсаға, бір тайды сой,
Кешікпей үйден шықсын болса өнері.
Ақ иық мұз балақпын жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес,
Басайын аптығыңды, тез шық, Сара,
Сен түгіл әкеңдеймен болдым істес.
Бұл үйде Сара бар ма, отыр нағып,
Қарсы ұшпай тоты құстай қанат қағып,
Жел қабыз, жез тағалы еңреумін,
Қара тер шыққан сайын кетем ағып.
Ғаламға машһүр болдым өлең жаттап,
Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап,
Ұялып үлкендерден отыр едім,
Айғайлап ұран салды «Қарқабаттап».

Біржан сал Қожағұлұлы өлеңдері

Барлық 83 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері