Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайын батыр (9-бөлім)

Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 2 мин оқу

Алған жылқы айрылдық,
Ел шетінде жау келді.
Қара арғымақ арыды,
Жетектей соны келеді.
Ақ кіреуке сөгілді,
Сия алмай келеді.
—Маған десе, сол балам,
Тағы талай жол жүрсін.
Есендікпен сау болса,
Дұшпаннан аман бар болса
Соны айтып бай кетті.
Сау дегенге қуанып,
Өтірік сөзге жұбанып.
Қайдан білсін Сайынның
Қалғанын оның суалып.
Үйде сұлу білген соң,
Сұлу шықты жүгіріп.
Қырық жігіт келді деген соң,
Алдынан келді жүгіріп:
—А, қырық жігіт, азамат,
Неге бұлай жаурайсың?
Ақ сақалды атамды
Өтірік айтып алдайсың?!
Айлалы айтқан сөзіңе,
Егіз екі нанбаймын.
Сайын өлді десең де,
Біріңді ұстап алмаймын.
Сонда қырық жігіт сасады,
Жылап тұрып айтады:
—Сайын сынды сол қасқа
Сан қалмақпен тоғысты.
Ерікпей қылды соғысты,
Қалмаққа Құдай болысты.
Оймақ құрам сау жері
Тал бойында қалмады.
Жарадан қасқа жауырды,
Қарағайдан табытын
Бекем қылып сайлатты.
Қалап мінген Бозатты
Көз алдына байлатты.
«Бас көтерер күн болса,
Еріктіріп мінермін.
Мінгендей бұған күн болса,
Күнінде бір күн көрермін».
Сайын сөйтіп қалған соң,
Оны сұлу білген соң,
Екі бетін алады,
Қара шашын жаяды.
Үйге кетті жұлқынып,
Жын қаққандай құтырып.
Сарын салды отырып,
Батырды сұлу жоқтайды:
—Беліндегі бес қару
Тал бойына жарасқан.
Сендей теңім табылмас,
Жеті алашты қыдырсам.
Сендей теңім еш болмас,
Алашта мұңдық мен болдым.
Ханышадай күнімде,
Ер қасқамнан адасқан.
Қарағай найза өңгерген,
Өзінің жұртын меңгерген,
Азды көпке теңгерген.
Аттанған жаудан келмеген,
Алты қанат ақ орда
Қасқам ішіне келмеген.
Мендей мұңдық бар ма екен,
Ойнар-күлер шағымда
Еркін ойнап күлмеген.
Өзім тірі жүргенде
Кеудеме еркек мінгізбен.
Алмадай болған қызыл бет
Қиғаш ерінге сүйгізбен.
Берен төсек, құс жастық,
Маңайына бойдақ жүргізбен.
Маңдайың құлаш ер Сайын,
Қылығың еске түскенде,
Жанымды нағып күйгізбен?!
Ауызым тола қан болса,
Дұшпаныма білгізбен.
Сен кеткелі он бес жыл,
Бөтен үйге бармадым,
Езу тартып күлмедім.
Мен сарғайып жатқанда,
Неден көңілім қалдырдың?!
Бұ заманда жоқпын деп,
Түсіме нешік кірмедің?!
Ертең қылған даусымды
Түске келіп қоярмын.
Кешке қылған даусымды
Түн батқанда болармын.
Алмадай болған қызыл бет
Тырнақпенен соярмын.
Мөлдіреген екі көз
Жылауменен оярмын.
Ел шетіне жау келсе,
Қара қабылан қоярмын.
Жылап-жылап уанды,
Беті-қолын жуынды.
Киікбай менен Бөкенбай
Оқ атысып жүр екен.
Екеуі келді жүгіріп,
Анасы отыр бүлініп.
Екеуі есінен адасты,
Адаса тұрды екеуі,
Бір жүгенге таласты.
—Үйде жатқан әкемді
Неге әкеткен алысқа?
Сонша жерге бастасып,
Жау жеріне тастасып,
Бұл барғаннан бармасам,
Екі бірдей көк ала
Арғымаққа мінбесем,
Өңшең темір кимесем,
Қобыланды саған қылмасам,
Біткеніңді қырмасам,
Ер Сайыннан тумайын.
Жылқыға кетті жүгіріп,
Тұрмады үйде кідіріп.
Сұлу үйден барады
Енесінің қасына.
Енесі бейбақ жылайды,
Жад айтады Құдайды:
—Құдайың берген жаңғызы,
Таласып емшек еміскен,
Құнан-тайдай тебіскен.
Беліндегі бес қару
Тал бойына келіскен.
Атаң қалды кеңестен,
Шешең қалды жіп ескен.

Тағы оқыңыз