Сайын батыр (2-бөлім)
Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 3 мин оқу
Жұрт келсе де, тұрмады,
Көтеріп басын алмады,
Сол ойбайынан танбады,
Бозмонай бай жылайды,
Жад айтады Құдайды.
Жылағанда Бозмонай:
—Ашамайға мінгізіп,
Көш алдына жүргізіп,
Әжептәуір құрбының
Алдына алып сүйгізіп,
Алашқа атын білгізіп,
Ұл қызығын көрмедім.
Астына жорға мінгізіп,
Үстіне қамқа кигізіп,
Орынды жерге бергізіп,
Алаштан бегзат келтіріп,
Қыз қызығын көрмедім.
Еркімен түскен дұшпаннан
Жау қорлығын көрмедім.
Алыстан келген сол жауға
Малым үшін өлмедім.
Құлдан қорлық көргенше,
Күнде бүйтіп өлгенше,
Сүймес пендең мен бе едім?!
Құлдан қорлық көргенше,
Тезінен өлім бермедің!
Кең сарайға бармады,
Көтеріп басын алмады,
Сол жылаудан танбады.
Жылауменен бай жатты,
Қызарып барып күн батты.
Түніменен бай жатты,
Сарғайып барып таң атты.
Алымдар азан айтқанда,
Бейнамаз ұйықтап жатқанда,
Ақ шалмалы бір адам
Жетіп келді қасына,
Таянып тұрды басына.
Екі қойны толыпты,
Бозмонайдың сол күнде
Көзінен аққан жасына.
«Ә, Бозмонай, Бозмонай,
Не тілегің бар?—деді,
Тілегің болса, ал»,—деді.
Сол уақытта Бозмонай
Ұшып тұра келеді,
Көзінен жасын төгеді:
—Ең дәулеттің тұсында
Қара басым хан болдым,
Бір перзентке зар болдым.
Сол перзенттің зарынан
Жиын-тойға кірмедім,
Өтерін дүние білмедім.
Құлдан көрдім қорлықты,
Жалшыдан көрдім зорлықты.
Өз малыма бара алмай,
Белден мамық сала алмай,
Тыныштық ұйқы ала алмай,
Өз жанымды қия алмай,
Өлейін десем өле алмай,
Сол құлдардың қорлығынан
Өз малымды көре алмай.
«Тілегенің ұл болса,
Бар тілегенің сол болса,
Бабай Омар бабасы—
Қабыл болған дұғасы.
Тілегенің ұл болса,
Бар тілегің сол болса,
От жағалай отырып,
Оттың басын толтырып,
Көп аламысың сен?—деді.
Бірін мыңға балайтын
Бірді аламысың сен?—деді.
Қалағанды ал!»—деді,
«Ер ортасы болғанда,
Пайғамбар жасқа толғанда,
Жігіттік күн озғанда,
Оттың басын боқ қылып,
Қырға шығар ішінде
Бір оңдасын жоқ қылып,
Мен нетейін көбіңді.
Бір де болса сол маған,
Бірін мыңға балай бер!
Өмір жасын ұзақ қып,
Берсең маған солай бер!»
Сонда бәйбіше барады,
Алып келіп шалады,
Жұртын жиып алады.
Жұрты тарқап кеткен соң,
Бір-бірінен сұрады.
«Қашан болар екен» деп,
Екі міскін жылайды.
Бір күндері болғанда,
Елуге келген буаз кемпір
Қарыны шықты қампиып,
Құрсағы шықты шампиып.
Біраз заман өткенде,
Жаңа жылға толғанда,
Уәдесі болғанда,
Бейсенбінің күнінде,
Ұлы жұма түнінде
Буаз кемпір келіп толғатты.
Ноғайлының үш кентін
Түгеліменен оятты.
Бет біткенде сұлу жоқ
Ол сықылды сымбатты.
Таң сарғайып атқанда,
Сайын сынды қасқаның
Желкесі жерге тақ етті,
Маңдайы күнге жарқ етті.
Дүниеқор Бозмонай
Екі етегін түрінді,
Өріске таман жүгірді.
«Оң қолымды жаярмын,
Мұнан немді аярмын.
Бүгін өліп кетсем де,
Аманатқа даярмын.
Төрт түлік саған қыламын,
Елі-жұртым жиямын».
Аямай малын қырады,
Ат жетерді жияды.
Жұрты жиылып болған соң,
Табақ тартып берген соң,
Алтын тақта хан отыр,
Қас жақсының ұлы отыр.
—Өлгенде көрген перзенттің
Атын жөндеп қойыңыз.
Түсімде қойған аты бар,
Соны тауып қойғаның
Тоқсан торқа киесің,
Тоғыз жорға мінесің.
Хан мен билер отырып,
Ақылменен ойлап білесің.
Хан менен билер отырып,
Жорға менен торқаға
Қоймай жатып таласты.
Қымыз ішіп мәз болып,
Билер есінен адасты.
Адасқанның белгісі—
Бір-бірінің отырып
Жағасына жармасты.
Жұдырықтасып жүргенде,
Мұрындары қанасты.
Хан мен билер ұрысты,
Сол заманда аз екен
Хан да, билер ұрысты.
Сонда келді Бозмонай:
—Хан мен билер ұрыспа,
Ұрысқаның дұрыс па?
Тәңірі өзіңе бермесе,
Маңдайыңа ырыс па?
Тоқсан торқа ки дедім,
Тоғыз жорға мін дедім,
Бұ айтқаным дұрыс па?
Екі күн жатсаң сақтаймын,
Біреуің де қайт деп айтпаймын.
Бар дәулеттің тұсында
Қалай тамақ таппаймын?!
Екі күн жатты, таппады,
Шұбырған кедей қайтпады.
Ондай-мұндай қойған ат
Бай көңіліне жақпады.
Соған дейін сол жұртты
Дәулетпенен сақтады.
Сонша адам жиылып,
Сайын атын таппады.
Со уақытта бір адам
Жүз отызға келіпті,
Талай мақұл көріпті.
Ноғайлының жұртында
Онан үлкен адам жоқ.
Өзі жарлы болған соң,
Оныменен жұрттың ісі жоқ.
Хан мен билер қасына
Шал байғұс келді таянып:
—Бәрекелді, хан мен би,
Жарасады жатқаның.
Байлығыңмен, Бозмонай,
Мыстан табақ тартқаның.
Қамалып жатып хан мен би,
Жаңа туған жас түлек,
Кәнеки, атын тапқаның?!