Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайын батыр (1-бөлім)

Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 2 мин оқу

Күн астынан шаң шықты,
Шаң астынан ту шықты.
Бұрынғы елдің барында,
Өткен елдің заңында,
Сол елдердің тұсында
Ноғайлы деген халық өтті,
Үш шарбақты кент өтті.
Ноғайлының үш кенті
Заманында жарлы өтті.
Ел дәулеті мал кетті,
Жарлылықтың зары өтті.
Халқы жарлы болған соң,
Әжептәуір жігіттің
Ақ бетінен қан кетті.
Жап-жалаңаш болған соң,
Әйелінен ар кетті.
Үш шарбақты ол кентте
Кірлі киім кимеген,
Жортақы атқа мінбеген,
Аллаға тілі тимеген,
Түстік жерге жүрмеген,
Бес уақытта ақ намаз
Біреуін қаза қоймаған,
Бір Құдайды ойлаған,
Ноғайлының халқында
Сондай бір бай болған,
Өз алдына шәр болған,
Қара басы хан болған,
Байлығы жұртқа даң болған.
Байлығының белгісі—
Малы алашқа таң болған.
Байлығының белгісі—
Тоқсан қара құлы бар,
Тоқсан тоғай малы бар.
Дүниеқор сол байдың
Дүниеден жалғыз мұңы бар.
Дүниеқор Бозмонай
Өз алдына шәр болған.
Алпыс жастан өткенше,
Құдай қосқан қосағы
Елу жастан өткенше,
Бір перзентке зар болған.
Әлі күнге келеді,
Өкшесі, сірә, қанамай,
Еміреніп сүймеді
Жаңа иісті баланы.
Елде тәуіп қоймады,
Тәуіптің бәрі жиылып,
Кең сарайда орнады,
Сөйтсе де, перзент болмады.
Бір уақыт болғанда,
Жылқыда жүрген тоқсан құл
Қымыз ішіп, мас болды.
Мастығыменен тек тұрмай,
Үйдегі баймен қас болды.
Мына құлдар кеңесті,
Төбеде тұрып сөйлесті,
Сөйлескенде не десті:
—Қызыл шапан кимедік,
Қырыншыл ат мінбедік.
Ноғайлының керме қас
Жігіттей дәурен сүрмедік,
Өтерін дүние білмедік.
Мына жүрген Бозмонай
Бізді ұлындай көрмеді.
Бөлініп жатқан малынан
Бізге қалың бермеді.
Ертеменен бай келсе,
Екі қолын байлайық,
Кірерге көрін сайлалық.
Бозмонайды өлтірсек,
Біз сәтіне келтірсек,
Тоқсан тоғай жылқыны
Тоқсан бөліп алалық.
Бұ сықылды тегін мал
Қайдан іздеп табалық?!
Қарағай найза сықылды
Қарсы шабар ұлы жоқ.
Артынан іздеп келетін
Қатарланған халқы жоқ.
«Құл кеңесіп жатыр» деп,
Байға айтқан кісі жоқ,
Онымен байдың ісі жоқ.
Бір замандар болғанда,
Ертеменен бай тұрды,
Арқаннан атын алдыртты.
Алтын-ды ер-жүгенді
Тоқымынан салдыртты.
Қара тонын белсеніп,
Қас патшадай теңселіп,
Бозжорға атты найқалып,
Жылқының алдынан
Шықты шайқалып,
Қара басы хан болған,
Өз алдына шәр болған.
Тоқсан құлдың біреуі
Бүгіліп сәлем бермеді,
Байды көзі көрмеді.
Сонда бай тұрып бұрқанды,
Мұздай темір құрсанды.
Тоқсан құлдың бәрінің
Атын атап шақырды.
Ашуменен Бозмонай
«Қырармын!» деп ақырды.
Шетте жүрген бір құлын
Бай да ұстап алады.
Қолға түскен сол құлды
Ашумен бай сабады.
Біреуін сабап жатқанда,
Тоқсан құл байды қамады,
Жаңбырдай құрық жауады.
Басына таяқ тиген соң,
Жалғыздығын білген соң,
Өзінің қолы кірген соң,
Боз аттың басын бұрмалап,
Сарайға қашты Аллалап.
Ойбай салған даусына
Жер күңіреніп барады.
Үйде тұрған бәйбіше
Құлағы естіп шалады.
Сарайдан шықса жүгіріп,
Келеді екен Бозмонай
Өз-өзінен бүлініп.
Атынан келіп Бозмонай,
Теріс жағынан құлады,
Жер бауырлап жылайды.
Қосағыменен екеуі
Ойбай салған даусына,
Үш шарбақты ноғайдың
Жамағаты жиналды.

Тағы оқыңыз