Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайын батыр (5-бөлім)

Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 3 мин оқу

Соған кетті Бозмонай,
Судың бойын көбелеп.
Қартайғанша Бозжорға ат
Өзі мінген жебелеп.
Сарайдың келді қасына,
Шәрдің келді басына.
Он екі қақпа сарайы
Көтерілген талайы.
Есігінің қасында,
Қақпасының басында
Тұрады екен күзетіп
Екі қара малайы.
Екі тісі кетілген,
Оң танауы сетілген.
Құл да болса сол өзі,
Тілге шешен жетілген.
—Ноғайлыда, Бозмонай,
Сен де неге зар едің,
Ноғайлы жұрттың басы едің?!
Таң сәріден жүріпсің,
Ашулы болған кісідей,
Қабағыңды түйесің!
Жолың болсын, ә, байым,
Не есітіп білесің?!
—Байың есен-саулық па,
Қатты сөйлеп, мұндар құл,
Жүрегімді жарып даурықпа!
Көбік үйде бар болса,
Жетектеп шықпас қызын.
Ылайық болса балама,
Енді айттырып беремін.
Айтқаныма бермесе,
Шақырғанға келмесе,
Елге таман қайтамын.
Тентек туған Сайынға
Бара сала айтамын.
Шетік құл келді иіліп
Көбік байдың қасына:
—Әй, Көбік, тұр,—деді,
Мұнан жаның қалар ма,
Ноғайлының Бозмонай
Сарайыңа келіп тұр.
Айттырса бермес адамға,
Келмес еді қасыңа,
Сарайың бүйтіп басына,
Ер Сайынға сеніп тұр.
Көбік жатып бұрқанды,
Мұздай темір құрсанды:
—Шауып алса мал да көп,
Үйден алса, қыз да көп,
Сайындай тентек ұл да көп.
Бүгін келсін сол Сайын,
Ұрысуға даярмын.
Жалғыз қыздың тұсында
Кімнен жаным аярмын.
Адам екен демеңіз,
Еңсеп келген Бозмонай
Үйден сусын бермеңіз.

Бозмонай естіп біледі,
Аттың басын бұрады.
Бай бір ашу қылады:
—Бұл барғаннан бармасам,
Үш шәрдің адамын
Мінгізіп атқа алмасам.
Бұл бермеген қызыңды
Ат көтіне салмасам,
Бозмонай болып жүрмейін,
Боз жорға атқа мінбейін!
Еркегіңді қырмасам,
Жұрт күлгендей қылмасам,
Шәріме есен кірмейін.
Бозмонай үйге қайтады,
Білген хабарын айтады.

Алтын тақты хан келді,
Жиылып түгел шәр келді:
—Көбік, неге қызың бермедің,
Сол сықылды Сайынды
Нағып күйеу көрмедің?
Бұл қызды егер бермесең,
Сайынды күйеу көрмесең,
Аттанып Сайын келген соң,
Оған елді бүлдіртіп,
Сенің қызың құрысын!
Залалын шәрге тигізіп,
Бұ қызыңды бермесең,
Сайынды күйеу көрмесең,
Ноғайлыға көшкенім
Шайқарсың сен ырысын.
—Бермесе де болмас-ты,
Еркіне Сайын қоймас-ты.
Бермегенмен бұл қызын,
Қанша маған жолдас-ты.
Шақырып кел, Шетік құл!
Мінейін десе о Құлға
Ерттеулі тұрған аты жоқ.
Тақа жаяу жүрерге
Шеттіктің жүйрік аты жоқ.
Қарт түйедей еңкілдеп,
Жалғыз танау желпілдеп,
Табан терісі түріліп,
Жөнелді Шетік жүгіріп.
Көз көрім жерден өткенде,
Бозмонай байды шақырды:
—Атыңның басын бұра тұр,
Ашуланбай тұра тұр.
Жұрт қауымға енді ғой,
Өзі жаяу демесең,
Құл шақыра келді ғой,
Қалаған қызын берді ғой.
—Шақырса да бармаймын,
Малға берсе сол қызды,
Бір тоқтыға алмаймын.
—Сенен малды алмайды,
Саған кісі бермейді,
Тілеген қызды береді
Асы болар Аюбике
Деген қызды алмасаң,
Ұлық болар Аллаға,
Шақырған Көбікке бармасаң.

Қолды артыңа салады
Қайта кетіп барады.
Жетіп келсе Көбікке,
Келмей тойын қылады.
Төрге көрпе салғызды,
Шақыртып үйге алғызды.
Ашуланбай табысты,
Қалаған қызын алысты.
Еліне қайтып келді де,
Ноғайлының үш шәрін
Сегіз жерге орнатты.
Сайын сынды батырың
Ер-тоқымын оңдайды,
Үш шәһарлы ноғайлы
Қосшылыққа отыз кісі сайланды.
Отыз жігіт қолға алып,
Соған таман түн қатты.
Сайын келді деген соң,
Көремін деп сайланды.
Қимылдаған жан келді,
Мұнара басып шаң келді.
Көрген жұрттың бәрі де
Жас баланы таң көрді.
Көрмеген жанның бәрі де
Көрген жаннан сұрасты,
Көркіне жұрт таласты.
Сайын келді деген соң,
Қыз бен жігіт дуласып,
Сол сықылды батырға
Қылған тойы мұнасып.
Нақ отыз күн ойын қылып,
Тақ қырық күн тойын қылып,
Уәдесі болған соң,
Жұрт жақсысын жияды.
Ғалымдарды алғызып,
Ақ некесін қияды.
Ақ некесін қиғанда,
Ақ ордаға барғанда,
Ойнап ойыны қанғанда,
Қатты ұйықтап қалғанда,
Таң сарғайып атқанда,
Үйде, жүрген ағасы,
Бабай Омар бабасы
Тұсына жетіп келеді:
—Сайын батыр сен болсаң,
Некеңді қиғанда,
Сәтті күні кез болсаң,
Қолыңды жай, сен,—деді,
Берейін бата мен,—деді.
Ұшып тұра келеді,
Қолын жайып береді.
—Екі перзент көресің,
Ең үлкені—Бөкенбай,
Ең кішісі—Киікбай.
Сол Киікбай туғанда,
Дұшпанға салар бүлікті,
Аруағы соның биік-ті.
Ала есекке қайқалап,
Ала қоржын арқалап,
Жөнеле берді бір адам.
Бай сұлуды ұзатты,
Жазғы қудай ыңрантып,
Жарылған мұздай күңіретіп,
Тал шыбықтай бұралтып,
Тоты құстай тарантып,
Қас патшадай найқалтып,
Қаса бидей шайқалтып,
Түйе артуға күң берді,
Ат ерттеуге құл берді.
Бәйшешектей түрлентіп,
Ұзатты сұлуды жөнелтіп.

Тағы оқыңыз