Сайын батыр (8-бөлім)
Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 2 мин оқу
Таңдап мінген көк атым
Басыма мықтап байлаңыз!
Шүберек киім кигізбе,
Қанды етіме тигізбе,
Жібекке орап қойыңыз!
Ел шетіне барғанда,
Әкем шығар елпілдеп,
Шешем шығар еңкілдеп.
Сайыным қайда дегенде,
Не деп жауап берерсіз?!
Ел шетіне жау келді,
Кірерге болды дегейсіз!
Қара арғымақ арыды,
Оттата қалды дегейсіз.
Бір күнде болса қуансын,
Ақырында бейшара
Есіткен күні суалсын!
Түптен таңдап алғаным
Ауыл үстінде жоқ еді.
Найзакерден арманым,
Дүниенің көрдім жалғанын.
Аюбике сұлуға
Дұғай сәлем дегейсіз!
Таң сәріден тұрарсың,
Беті-қолың жуарсың!
Қынай белін буынсын,
Бүгілген бес бармақ
Бетіне жара салмасын!
Егіз екі сол сұлу
Дұшпанның тілін алмасын!
Өзімнен қалған жақсыны
Жат көрмесін, өз көрсін!
Құдай қосқан қосағым
Дұғай сәлем дегейсіз!
Ақиретте кезіксін.
Қара қыпшақ Қобыланды
Батыр ерге сәлем айт!
Мен кеткенде тумаған,
Оғы жасын қылмаған
Киікбай менен Бөкенбай
Айрылып сонан қалмасын.
Енді жауға бармасын!
Әкем өліп қалды деп,
Айрылып сонан қалмасын!
Өздері адам болғанша,
Қара қыпшақ Қобыланды
Көзінен таса қылмасын.
А, қырық жігіт, азамат,
Ашып кетші бетімді,
Салқын соқсын етімді!
Сіздер бұлай кеткен соң,
Мұсылманнан көре алман
Қыдырып жүрген жетімді-ай!
Қырық жігіт кетті қыр асып,
Қимай кетті жыласып.
Олар елге жетпестен,
Елі хабар білместен,
Аюбике сол сұлу
Түнде жатып түс көрді,
Түсінде талай іс көрді,
Өз басына күш көрді.
Таң сәріден тұрыпты,
Екі етегін түрініпті,
Енесіне келіпті:
—Мен бүгін бір түс көрдім,
Жауырыным тола қара шаш
Жайылыңқы көрінді.
Бедерлеген бес тырнақ
Қанға малыңқы көрінді.
Шешем берген боқшасы
Шашылыңқы көрінді.
Жауда жүрген балаңның
Астында жүрген Ақбозат
Құйрығы келте көрінді.
Қолына алған ақ сүңгі
Ортасынан, әй, ене,
Үзіліңкі көрінді.
Сонда енесі жорыды:
—Жауырынның толған қара шаш
О да соған көрінсін!
Бедерленген бес тырнақ
Қызыл қанға, ә, балам,
Малыныңқы көрінсе,
Таң да, тал түс болғанда,
Қызылменен боятсаң,
О да соған көрінсін!
Жауда жүрген баламның
Астындағы Ақбозат
Құйрығы келте көрінсе,
Жау қарасын көргенде,
Ақ құйрығын сүзген-ді.
Қасындағы жолдасы
Жау көрмеген жамандар,
Жаннан күдер үзген-ді.
Қолына алған ақ сүңгі
Ортасынан, ә, балам,
Үзіліңкі көрінсе,
Жүрген шығар жалғызым
Қалмақтың белін сындырып.
Келеді екен жалғызым
Барған ісін тындырып
Жаманға қуғызып.
Келе жатыр қырық жігіт
Аяғына су өтіп,
Маңдайынан күн өтіп.
Қарағай найза сүйретіп,
Жылауменен күнелтіп,
Азар жетті жеріне.
Қырық жігіт келді деген соң,
Шәрі естіп білген соң,
Бозмонай келді алдынан:
—Қырық жігіт, келдің бе,
Есендік пен саулық па,
Азамат түгел барлық па?
Кәрілік мұндар ұрмаса,
Көзім жасқа толмаса,
Сайын сынды жалғызым
Көрінбеді көзіме.
Қырық жігіт сонда айтады:
—Бара сала ер Сайын
Қалмақтан ойып жылқы алды.
Күнде тиіп қалмаққа,
Сарайынан ұйқы алды.
Жау жерінен өткенде,
Мұсылманның жерінің
Шетіне жетіп келді.
Аттан медеу кеткенде,
Қалмақтар жетті салысып.
Ат бұрауға көнбеді,
Жалғыздың әлі келмеді.