Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайын батыр (11-бөлім)

Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 5 мин оқу

Құдайдың берген қуатын
Осы жолы басташы?!
Қатарланған қамалды
Қақ жармасаң, саған серт!
Оқ жеткізсем, маған серт!
Жыландайын жыбырлап,
Қыздардайын сыбырлап,
Ақ сауыт сонда сөйледі:
—Батыр Сайын, қорықпашы,
Бөтен сөзді айтпашы!
Қатарланған қамалды
Бұза алмасаң, саған серт!
Тоқсан қабат оқ жетсе,
Оқ өткізсем, маған серт!
Сақтасын мықтап Құдірет!
Атыменен сөйлесіп,
Ақ сауытымен кеңесіп,
Кемпір менен сұлуға
Артымнан қалмай жүр,—десіп,
Қамалап тұрған қалмақты
Қабандайын қақ жарып,
Сайын шықты құтылып.
Еламан мен Жоламан
Кемпір менен сұлуды
Ұстай алды ұмтылып.
Қалмақтар тұрып кеңесті:
—Қаптай қусақ Бозаттың
Қарасын жылқы көрмес-ті,
Сайын да қолға бермес-ті.
Алғаны менен анасын
Қолаң шашын жұлдырып,
Ат үстіне салыңыз,
Тамам қалмақ алыңыз.
Төбе шашы жұлынса,
Даусы шығар шырқырап.
Анасына шыдамай,
Сайын шабар бұрқырап,
Қашпаңыз сонда тырқырап.
Ат үстіне салғанда,
Анасы сондай жылады,
Ұлынан өтіне сұрады:
—Маған бола келмеші,
Шырағым, жанымды көрмеші!
Мен жанымды не етейін,
Сенің үшін, шырағым,
Құрбандық болып кетейін!
Алғаны сонда жылайды:
—Е, Сайын атты ерім-ай,
Алланың қосқан теңім-ай,
Сенен ары айшылық
Менің шыққан жерім-ай!
Шыбықтай бойы ұзын,—деп,
Алмадай беті қызыл,—деп,
Әйел (дің) түбі дұшпан-ды.
Қызық көрме, Ер Сайын,
Біз кетті деп ұрысқан-ды.
Мен кетсем де, аларсың,
Тірі болсаң кегіңді,
Екі ұлыңды қасыңа ал!
Шаппасына болмады,
Бір еркіне қоймады.
Алпыс екі періште
Үстіне келіп орнады.
Бозаттың басын бұрмалап,
Ұмтылды қалмаққа туралап.
Арықтың суы тасқаны,
Қалмақтың қалай сасқаны.
Кемпір менен сұлуды
Қалай тастай қашқаны!
Қуа барып Ер Сайын
Қалмақпенен тоғысты,
Ерінбей қылды соғысты,
Он үш күн ұрысып тауысты.
Үстіне келген қалмақтың
Жан адамын қоймады,
Атын, тонын алды да,
Еліне таман айдады.
Батыр Сайын келгенше,
Ел хабарын білгенше,
Бөкенбай менен Киікбай
Қобыландыға барыпты,
Аттанып еліне келіпті.
Жасанғанда қайтпаған,
Сансыз дұшпан батпаған.
Со сықылды Қобыланды
Екеуінен қорқыпты.
—Ай, Қобыланды батыр, сен болсаң,
Топтың бетің көрмеген,
Көрген кісі әкемді
Маңдайы құлаш ер деген,
Қас ерменен тең деген.
Қалған жерден алып кел,
Өлтірген жауды тауып кел.
Үйде жатқан әкемді
Жау жеріне бастадың,
Қандай шөлде тастадың?
Бармасаң да барарсың,
Бармай нағып қаларсың?!
Қобыланды сонда айтады:
—Алдыңа түсіп барайын,
Неге іздемей қалайын.
Қалмаққа бүлік салайын,
Сайынның кегін алайын!
Мың кісіні алады,
Аттанып кетіп барады.
Айшылық жатқан қалмаққа
Барып бір соғыс салады.
Қалмаққа барса, ор екен,
Оры терең зор екен.
Киікбай сонда айтады:
—Е, Қобыланды, Қобыланды,
Бүйтіп бұған тұрмалық,
Қорыққан кісі сықылды
Тұрып кеңес қылмалық.
Ордан арман өтелік,
Қалмаққа тегіс тиелік.
Бөкенбай мен Қобыланды,
Киікбаймен үшеуі
Ордан арман өтеді,
Қалмаққа кіріп кетеді.
Бөкенбай мен Қобыланды
Екі батыр қашады,
Ордан бермен асады.
Қобыландының мінген ат
Ордан өтті кідірмей.
Бөкенбайдың Көкала ат
Артқы аяғы ілінді.

Ер-тоқымын құшақтап,
Орға түсіп жүгірді.
Киікбай шапты қамалға,
Көкала атты борбайлап,
«Бауырым» деп ойбайлап.
Қалмақтың құрған қамалын
Бұл жағынан шапқаннан,
О жағына бір өтті.
Ар жағынан шапқаннан,
Бер жағына бір өтті.
Батырлары ақырды,
Палуандары шақырды:
—Тұс-тұсынан барыңыз,
Бірер арқан алыңыз!
Шабатұғын жағына
Керме ұстай қалыңыз,
Кермелеп ұстап алыңыз!
Көздеп тұрып Киікбай
Аласа қылған арқанның
Үстіменен кетеді,
Биік қылған арқанның
Астыменен кетеді.
Тап сегіз күн болғанда,
Бәрін қырып кетеді.
Ордан бір хан асады,
Дария судай тасады.
Орда жатқан Бөкенбай
Қанмен ағып барады.
Қобыланды со батыр
Сонда суырып алады.
Қалмақтың елін өрт қылып,
Топырақтай ұшырып,
Барлық малын көшіріп,
Жалғыз өзі Киікбай
Айдап шықты шәріден
Қалмақтың даң қарасын қоймай-ақ,
Қызығына тоймай-ақ.
Қасқаның көңілі тынған соң,
Қалмаққа қалағанын қылған соң,
Жылқыны түске салған соң,
Қалмақтан кегін алған соң,
Қол түстеніп жатқанда,
Келе жатыр бір адам.
Туырлықтай туы бар,
Мың кісінің шаңы бар,
Артында қанша жаны бар?
Қобыланды батыр айтады:
—Киікбай батыр, барыңыз,
Қандай дұшпан болады,
Алды-артын шалыңыз!
Соныменен Киікбай
Тұрымтайдай түйіліп,
Қылармын деп кіжініп,
Қарсы шығып келеді.
Келе жатыр Ер Сайын
Өлген жерден тіріліп.
Жиылып жатқан қалмақтың
Тоғысы бар деп кезеніп.
Киікбай оны танымай,
Әкесі деп ойламай,
Әкесінен күшті жас бала:
—Қақ жүректің басы—деп,
Өлер жерің осы—деп,
Табандап найза салады.
Сайын сынды әкесін
Танымады со бала.
Сайын сонда айтады:
—Сайын әкең мен,—деді,
Көрісейік кел,—деді,
Есенбісің сен,—деді.
Аттан түсе қалады,
Суырып найза алады.
—Жазалы болды қолым-ай,
Ерлік қылған құрысын,
Мұнан былай жоламай!
—Құрымасын жолың,—деп,
Жазалы болмас қолың,—деп,
Атаң мұнан нағылсын?
Неше ердің көрмедім
Бұл сықылды найзасын.
Көріп жүрмін Жасаған
Бір Алланың пайдасын.
Атаң мұнан өлмеді,
Тек жүрегің қорықпасын!
Бар Киікбай, бар,—деді,
Қобыландыдай атаңнан
Барып сүйінші ал,—деді.
Тастап кеткен Ер Сайын
Жазылып келді сау,—деді.
Киікбай қолға шабады,
Ат аямай барады.
Тіке салып сонымен
Қобыландыға келеді.
—Болып тұрған бұл шақта
Қобыланды батыр күніңіз,
Жаралы болған келіпті
Сайын атты ініңіз.
Озып келдім мен сізге
Не бересіз, е, батыр?
—Қуантқан үшін сүйіншіге
Тартып піскен торсықтай
Өзі сұлу Тайбурыл
Рас болса келгені,
Ал, сыйладым мен сізге!
Сайын сонда келеді,
Келгенін қарап Қобыланды
Танып көрісіп біледі.
Атқа мініп желеді,
Көп шүкірлік қылады.
Атқа мініп қайтысты,
Шәріне таман тартысты.
Шәрге есен келген соң,
Ноғайлының көп жұртын
Көріп сәлем берген соң,
Бозмонай тұрып той қылды.
Аттанған жауын алысып,
Көңілдері тасысып,
Аман-есен қайтқанға
Аллаға шүкір көп қылды.
Той тарқап кеткен соң,
Батыр Сайын сөйледі:
—Енді дүзге жүрмелік,
Қолға найза алмалық,
Қалмаққа енді бармалық!
Киікбай мен Бөкенбай,
Қобыландыдай батыры-ай,
Екі ұлыңа бата бер!
Жолымызды берелік,
Үйіңе бар да, жата бер!
Айтқанынша Сайынның
Қобыланды батыр береді:
—Алла ашсын жолыңды,
Ұзын қылсын қолыңды!

Танып жүргей, е, балам!
Оңың менен солыңды!

Сөйтіп бата берген соң,
Қобыланды батыр қайтады.
Еліне барып сол батыр,
Батырлық құрмай жатады.
Екі ұлының тұсында
Сайындайын батырдың
Іргесін дұшпан баспады,
Қолынан дәулет қашпады.
Ел шетіне жау келсе,
Сайын сынды батырдан
Киікбайдың ерлігі
Анағұрлым асады.
Екі ұлының тұсында
Бәрінің дайын болды тірлігі.
Үш алашқа жайылды
Екі ұлының ерлігі.
Өлген жерден тірілткен
Қалмаққа атын жүгірткен,
Сайын сынды батырдың
Сондай екен кеңесі,
Адамнан артық денесі.

Тағы оқыңыз