Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайын батыр (7-бөлім)

Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 3 мин оқу

Есен болса жаныңыз,
Жақсылығым бар болса,
Бұл заманда ұрыста!
Өзің теңдес жау болса,
Маңайыңа жуытпа!
Бұл кеткеннен келмесем,
Қазам жетсе өлермін.
Егер қазам жетпесе,
Басыма аман күн туса,
Бір уақытта келермін.
Қой, қош-аман болыңыз!
Мұсылманның ұлымын,
Бір шіріген жұмыртқамын.

Жөнелді Бозатпенен аңқылдап,
Айғай салған даусына
Қарағай жарылып барады.
Қалмақтың жатқан жерінде
Екі батыр бар екен
Бірінің аты—Жоламан,
Бірінің аты—Еламан.
—Ер Сайын мен Қобыланды
Тоғыз сан басын жоямын.

Бір мезгілде Ер Сайын
Көрінген жылқы алады,
Қуалап кетіп барады.
Жылқыны қуып келгенше
Ақтөбенің қасына,
Қырық жігіттің орнына
Қуып келсе Ер Сайын,
Қырық жігіттің бірі жоқ.
Тұр деген жерде тұра алмай,
Айтқанын ердің қыла алмай,
Кеткен екен қашысып,
Кейін қарай асысып.
Қалмақ жатыр дуылдап,
Атын жаудың жиды шуылдап.
Тұсаулы атқа жармасып,
Мәстегіне тармасып.
Қашан қалған шашылып,
Ер-тоқымнан адасып,
Келе жатыр ит қалмақ
Жаман даусын салысып.
Жердің жүзі қайысып,
Көдедей шықты майысып.
Мәстектің шаңы бұрқылдап,
Қылыштары келеді
Өкпесіне сартылдап.
Ақ төбенің басында
Жалғыз Сайын қарап тұр
«Келгенменен бұл қалмақ,
Не қылады маған» деп,
Мазақ қылып жарқылдап.
Жауы әбден келген соң,
Бозаттың басын бұрмалап,
Тоғысты қасқа Аллалап.
Бөлек-бөлек қылып жүр,
Бөлінген қойдай қырып жүр.
Қалмаққа мүшкіл туып жүр,
Еламан мен Жоламан
Тау тасалап қашып жүр.
«Алады,—деп,—жұртымды,
Осы қалмақ сасып жүр.
Еламан мен Жоламан,
«Көрінер күнің бар ма» деп,
Аузын қатты басып жүр.
Көбін қырып болғанда,
Со сықылды Ер Сайын
Алланы еске алмады.
Қайратына мас болып,
Бабай Омар бабасына
Жалбарына жүрмеді.
Пірі үстіне қонбады,
Баяғы қайрат болмады.
Оймақ құрам сау жері
Тұла бойында қалмады.
Жарадан қасқа жауыр да,
Әр жарадан аққан қан
Су сықылды саулады.
Ерден медеу кеткен соң,
Жығыларға жеткен соң,
Аттың басын бұрмалап,
Жөнелді қасқа Аллалап.
Егесіп тұрған ит қалмақ
Соңына түсті тулап.
Тоғыз сан кісі қуса да,
Жеткізбей кетті құтылып.
Ертең кеткен қырық жігіт
Артынан жетті ұмтылып.
Бәрекелді, қырық жігіт,
Түге қасқа ерлігің.
Атыңның басын бұрылтып,
Қырық жігіт, шаппай тұра тұр!
Тоқпақ жалды Ақбозат
Тоқтата алмай келемін.
Қалмақ тоғыз сан, мен жалғыз,
Тонау бермей келіппін.
Тезірек көріп қалыңыз,
Жарам нешеу санаңыз.
Омыртқада он жара,
Қабырғада қырық жара,
Қақ жанбаста бір жара.
Жалаңаяқ жүрмеген,
Бісмілләні білмеген
Салып еді бір қалмақ
Сырылдаған сары қайың оқпенен,
Қабырғаның түбінен,
Омыртқаның жігінен
Қан сарқырап тыйылмас.
Қырық жігіт, сізден болмаса,
Ноғайлының жұртынан
Топырақ маған бұйырмас.
Ай, қырық жігіт, қырық жігіт,
Қарағай түбі қара өлең,
Бәрің жақсы, саналым,
Шақпақ шақсам, от түспес.
Қарағайдың бұл күнде
Селбі болған қуынан.
Шықпаған-ақ екенмін
Жұлдызымның оңынан.
Мен дұшпанға мерт болдым,
Қара қыпшақ Қобыланды
Ердің жоғынан.
Мен шыққанда жаз еді,
Алла бізге жар еді.
Жауырынменен сөйлескен
Қара Қоныс бар еді.
Жан тіле деп нанбадық,
Аттанған жерім сұрасаң,
Жылқы алған бұ жерім
Бүгін де мұнан шұқырлау.
Бейнетіме бұ қалмақ
Хабар тауып желеді.
Қырық жігіт, сен болмасаң,
Жұрт көрерім қиын-ды.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?
Күйіме бұзып, қыз алып,
Қамалды бұзып, жылқы алып,
Қара арғымақ қатырып,
Қарсыласқан дұшпанға
Жүрегінен найза батырып,
Мына жатқан қалмаққа
Ат жүгіртер күн қайда?
А, қырық жігіт, азамат,
Маған бола өлмеңіз,
Сендер бейнет көрмеңіз,
Менің үшін өлмеңіз!
Қарағайдан табытым
Бекем қылып салыңыз!

Тағы оқыңыз