Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайын батыр (4-бөлім)

Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 4 мин оқу

Шауып тоқтап, барлатып,
Ұлы сәске болғанда,
Аңырап шықты ер Сайын
Қара өбе басына.
Тоқсан құл кетіп барады
Аяғының астында,
Қосылып өлең айтысып,
Сырнай күйін тартысып.
Сол төбенің басында
Ер Сайын тұрып толғады,
Жалғыздығын ойлады:
«Ай, жаратқан жалғыз Құдайым,
Өлемін деп қалмаймын,
Бұған нағып шыдайын?!
Тоқсан құлмен тоғыссам,
Әбүйірді тауыссам,
Егер жазатайым іс болса,
Жалғызға түсер күн болса,
Қартайғанда атамнан
Енді зейнет туар ма?!
Сараң Ием болмаса,
Қанатсыз мені қылар ма?!
Тоқсан құлдан құр қайтсам,
«Құл кетті» деп елге айтсам,
Жиын-тойға кіре алман.
Бармасам да, барайын,
Бармай нағып қалайын?
Қынынан шықпас ақ алмас,
Суырып қыннан алайын,
Көтерсе Құдай тілейін!
Екі тісі сақылдап,
Езуден көбік бұрқылдап,
Жау көрмеген жас бала
Құлға ұмтылды қалшылдап,
Ойын емес, шынынан.
«Шүу» деп еді Қарала ат
Жұмырланды қырынан.
Түнеріп бала келген соң,
Енді өлетұғынын білген соң,
Құл қорқысып барысты,
Аттан түсіп қалысты.
Жылағанға болмады,
Жалынғанға қоймады
Екпіні қатты жас бала.
Құлдарменен ойнады,
Өзгесін қырып салды да,
Отыздан жиып алды да,
Қаратөбе басына
Жаяу айдап барады.
Сол төбенің басында
Ту сыртынан жарады,
Қармап етін алады.
Қасқаның көңілі тынған соң,
Тоқсан құлды қырған соң,
Сәйгүлігін қуалап,
Қонарға шәрге келеді.
«Құл қырдым» деп айтпады,
Бұрынғыдай сол мырза
Шіреніп үйде жатпады,
Мал көтінен қалмады.
Мал баққаны құрысын,
Жақын жатқан жылқыны
Айшылыққа айдайды.
Айшылыққа барады,
Елдің шиір шетінде,
Дұшпанның жүрер бетінде
Қарауыл да салады.
Күні-түні Алладан
Жауды тілей береді.
Қайда кеткен алаштың
Найза ұстаған батыры?!
Тап менің тұсымда
Еркек мұнда таусылып,
Қалған ба жұрттың қатыны?!
Бір күндері болғанда,
Алысы менен жуықты
Ат үстінде барлаған.
Дүниенің төрт бұрышын
Ыңғай жүріп шарлаған.
Қамалды бұзып жылқы алған,
Күймені бұзып қыз алған.
Дұшпанды көрсе бір күнде
Отыз екі түрленген.
Он жасына келгенде,
Жау атысын үйренген.
Қара қыпшақ Қобыланды
Ноғайлардан ер туды.
«Ер Сайынға барайын,—деді,—
Сол батырды қолға алып,
Алыста жатқан қалмаққа
Бір соғысты салайын!».
Мың кісіні қолға алып,
Ер Сайынмен жолықпаққа ойланып.
Қарауылда жүрген Ер Сайын
Жау екен деп қашпады,
Жалғызбын деп саспады.
Ақ алмасын суырып,
Тасқа егеп қайрады.
Найзасының басына
Алтынды туын байлайды.
Қобыландының қасында
Найзагері қорқады,
Аттың басын тартады.
«Қашпасақ та, болмас» деп,
Тоқта десе тұрар ма,
Аттың басын бұрар ма,
Қашпай адам шыдар ма?!
Сонда Қобыланды тұрып айтады:
—Жамандар, мұнан қашпаңыз,
Өлемін деп саспаңыз,
Өзім жауап берермін.
Ақбоз атпен аңқылдап,
Айыр қалпақ солқылдап
Батыр Сайын сен болсаң,
Қобыланды ағаң мен болам.
Ел шетінде кез болсаң,
Лоқылдатпа қылышың,
Мың кісілік тұсыңа.
Бұл дұшпанға, ер Сайын,
Қылышыңды суырсаң,
Кімге қайрат қыларсың?
Жаушылыққа келмеймін,
Сені көрерге келемін.
Атадан артық туған ерсің,
Қол тізгінін беремін.
Іздеп шыққан жауым бар,
Қызығыңды сонда көремін.

—Олай болса, Қобыланды,
Мына жатқан жылқымның
Кел, қарасын көрмей жүр!
Ұйықтап жатқан құлынның
Кел, ұйқысын бұзбай жүр.
Қонағасын беремін,
Жүретұғын жағыңа
Мен соңыңнан еремін,
Ерлігің жауда көремін.
Мың кісі алып келеді,
Қонағасын береді.
Тоқсан асау береді,
Қаруын түзей барады.
Әке-шеше жылайды:
—Өлгенде көрген жалғызым
Аттанып кетсе жорыққа,
Қалады басым қорлыққа!
Таянып келді Бозмонай
Қобыландының қасына:
—А, Қобыланды, Қобыланды,
Тентектігің қоймадың,
Жұрт тіліне болмадың!
Бұрынғылар алмаған,
Адам жүрмес бір жауға
Жүремін деп ойладың.
Мына жүрген Ер Сайын
Он жасына жеткен жоқ,
Жеті жастан өткен жоқ,
Үш наурызды берсеңші!
Сайын оған жеткенде,
Қызығын сонда көрсеңші,
Бұл тілегімді берсеңші!
—Құдай деген бай едің,
Өз алдына шәр едің,
Қарыңа сенің қалмаймын,
Сонда естен салмаймын.
Үш наурызды беремін,
Сол үшін наурыз өткен соң,
Уәдеге келемін.
Соған дейін Ер Сайын
Жау жарағын сайлансын,
Мінер атын байласын!
Біз келерміз сау болсақ,
Уәдеден таймасын!
Мың кісі дуылдай қайтады,
Тілегін алып қуанып,
Бай үйінде жатады
Белден төсек салған соң.
Бай ұйқысы қанған соң,
Бәйбіше тұрып толғайды,
Байды еркіне қоймайды:
—Толып жатқан малың бар,
Сарайыңның саны бар,
Осынша көп малың бар.
Бір Сайыннан тағы да,
Қанша ортақ жаның бар?
Үш-ақ наурыз өткенде,
Жалғызың кетер жорыққа.
Есен қалған бұл малың
Кедейге түсер зорлыққа.
Толып жатқан малыңнан
Сұрап қалың берсеңші.
Үш шарбақты ноғайлы
Ылайық қыз көрсеңші,
Сөйтіп, келінді болсаңшы!
Соныменен Бозмонай
Бозжорға атқа ер салды,
Үш шәрлі ноғайлы
Қыздарына көз салды,
Ылайық қыз таппады.
Көрген қыздың бәрі де
Бай көңіліне жақпады.
Сайынның көрген қыздары
Шықты андап, таласып.
Үш шаһардың қызынан
Жиылған қыздың көптігі
Жол тимеді бір көпірге таласып.
Бай көңіліне жақпады,
Сонан соң сұлу таппады.
—Мен бармаған ел бар ма,
Есіткен жерге Сайынға
Ылайық туған қыз бар ма?
Ноғайлының халқы айтты:
—Өзің теңді адам да
Қырды жайлап шет қонған
Дұшпанына бет болған.
Айттырғанға бермеген,
Мұндай теңі келмеген.
Айтқаныңа ол берсе,
Сені адам ол десе,
Көбік байдың үйінде
Беті желге тимеген,
Езу тартып күлмеген,
Бөтен үйге енбеген
Аюбикеш сұлуы.
Қолаң қара шашы бар,
Қырғауылдай керілген,
Тамағынан ішкен асы көрінген.
Тақалып күнге қараса,
Бетінен күн сәулесі білінген,
Ылайық сұлу, сұра,—депті.
Қорықпай жүріп барсаңыз,
Шамаң келіп алсаңыз.

Тағы оқыңыз