Сайын батыр (3-бөлім)
Ер Сайын · В.В. Радлов нұсқасы (СПб., 1870) · 2 мин оқу
Хан мен билер отырып,
Шалға қарап ұрысты.
Таппаған соң хан мен би,
Намысына тырысты:
—Егер атын таппасаң,
Он екі қақпа сарайға
Сені байлап қоймасам.
Шал да аңырап тұрмады,
Мұның атын сұрасаң,
Беліндегі бес қару
Тал бойына жарасқан,
Ерлік еткен алаштан
Соны тауып қоймас па?!
Хандар қайтты томсарып,
Билер қайтты құмсарып.
Тоғыз жорға жетектеп,
Тоқсан торқа алысып,
Шал жөнелді заң салып.
Тойы тарқап кеткен соң,
Күмістен бесік ойдырды,
Алтыннан түбек құйдырды.
Қара кіске «қатты» деп,
Бала кіске «қатты» деп,
Бала кіске бөлетті.
Жаңа туған жас бала
Емшек берсе ембеді,
Етті берсе жемеді.
Анасының қарасын
Егіз екі көрмеді.
Бозмонай бай сасады,
Шәріне таман барады.
Үлкенінің құлағына салады:
—Кеше туған жас бала
Емшек берсе ембеді,
Ет берсе де жемеді.
Анасының қарасын
Егіз екі көрмеді.
Дағдардым, жұртым, мен,—деді,
Айласын тапшы сіз,—деді.
Ноғайлы жұрт кеңесіп,
Сайын сынды мырзаға
Үш күнде бір бие сойғызды.
Ортан жілік майымен
Үш күнде бір тойғызды.
Бір жасына келгенде,
Біліктіден би болды.
Екі жасқа келгенде,
Еліменен тең болды.
Үш жасына келгенде,
Ерттеп мінген атынан
Кешке дейін түспеді,
Шақыртпай асын ішпеді.
Төрт жасына келгенде,
Қарағай найза толғайды,
Жүрсем екен дейді екен.
Бес жасына келгенде,
Қадір түнін күзетті,
Ноғайлының үш кентін
Түгелімен түзетті.
Езу тартпай ол өтті,
Абыройлы қыздай ұл өтті.
Халқы жақсы болған соң,
Қарып пенен міскіндер
Сайынның арқасында күнелтті.
Алты жасқа келгенде,
Атын таңдап мінгенде,
Алты қырлы ақ сүңгі
Оң қолына алғанда,
Қындағы алтын ақ болат
Аш беліне шалғанда,
Момыннан сондай туғанда,
Алланың артық қылғаны.
Айбынды бала туған соң,
Қарабай қорқып қаз болды,
Қыйыршақ қорқып саз болды.
«Сайын келді» дегенде,
Тоқсандағы кемпірлер
Қысылғаннан қыз болды.
Ақпандағы алты ай қыс
Атқа мінсе, жаз болды.
«Сайын келді» дегенде,
Тоқсандағы шалдардың
Қырық күн шілде болғанда,
Төсектен басын көтермей,
Төбесі жидіп таз болды.
Бір күндері болғанда,
Тоқсан құл тұрып кеңесті.
—Мына жүрген ер Сайын
Баяғыда әкесін
Алдымызға сап қуғанды,
Көптеп ұстап ұрғанды
Әлі күнге білген жоқ.
Бұ да бір күн білгенде,
Құлағына тигенде,
Бәрімізді қырады—
Бұған адам шыдар ма?
Жорға менен жүйрікті
Түн ішінде алалық!
Сусыз шөлге бас қосып,
Біз де қаша берейік.
Жорға менен жүйрікті
Сүйтіп олар алады.
Сусыз жерге бас қосып,
Құлдар қашып барады.
Ертең келді Ер Сайын
Қарала атты ойнатып.
Жылқыдағы құлдың бәрі жоқ,
«Қашты» деген көңілінде
Ер Сайынның кірі жоқ.
Құл кеткенін білген соң,
Батыр бала тұлданды:
—Тосқан құл, саған не қылдым?
Атама қылдың зорлықты,
Шешеме қылдың қорлықты,
Соны есіме алмадым.
Ат терлетіп келсең де,
Етіңе қамшы салмадым.
Өз обалың мойныңа,
Тобаң сені қойды ма?
Қарадан жаман түспесем,
Қарадай сенің ізіңе.
Азар болса қашқансың
Сусыз шөлдің дүзіне.
Келтірсе Құдай кезіме,
Болармын деп жүргенмін
Дұшпанның жалғыз мыңына.
«Шүу» деп еді Қарала ат
Қырдан асып қылт етті,
Жұлдыздай ағып жылт етті.