Қарасай, Қази (9-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сол көлдің басына екі айда әскер жинап, шұбырып жесір келеді. Жақындап елге келгенде, Ахмет пен Ер Алау, қасында бар ер Қази, төртеуі еліне жақын келеді Әділдің. Сонда Әділді бір сайға тастап, үшеуі үйіне келеді. Сонда ат дүбірі естілген соң, үйден кемпір шыға келеді.
Сонда Ахмет кемпірге сөйлей береді
—Артық туған анамыз,
Қалмақтың көрдік шамасын,
Бұзып алдық қаласын.
Ешкімнен осал демеңіз
Ер Орақтың мынау тұрған баласын,
Қазидайын ер,—деді.
Асыл туған анамыз,
Шығарып алдық зынданнан,
Алладан бұйрық болғасын,
Дүниеден қайтты, шеше, балаңыз.
Шешеке, Әділ сұлтан хан кетті,
Қырымның қырық батырының
Басшысы өліп, меңдетті.
Сонда кемпір сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Артық туған Ахмет,
Айсадан туған сен,—деді,
Қалмақты алған ер,—деді.
Жалған айтып тұрсыз ғой,
Сенбеймін сізге мен,—деді.
Қарағым менің өлген жоқ—
Қарағым өлсе сапарда,
Ерлер, жүзің солмай ма,
Сізде қайғы болмай ма?!
Менің қатқан көнім жібіп тұр,
Қашаннан суалған қу емшек,
Міне, бүгін иіп тұр.
Іші-бауырым еріп тұр,
Қарағым менің келіп тұр,
Құдай маған беріп тұр.
Жасырып тұрсыз, балалар,
Бұл далада келіп тұр.
Сонда қарындасы Ханзия да үйден жүгіріп шығып, батырларға сәлем беріп, сөйлей бастады:
—Айналайын, ағалар,
Сау-саламат келдің бе?
Әділдейін көкеме
Жібектен арқан салдың ба?
Қазидайын жас бала,
Шығарып оны алдың ба?
Аман-есен, түп-түгел
Жатқан жаудың қасында,
Ағаларым, бардың ба?
Тайдай болып тулайды,
Ағалар, менің жүрегім,
Кіріп тұр менің реңім.
Көкемді көрген шағымда
Бітсе де мейлі сүрегім.
Жасырмай-ақ көкемді
Шақырып сіз беріңіз.
Керек болса, тоғайда
Толып жатыр мал деген.
Қаншасы керек, ағалар,
Сүйіншіге ал,—деді.
Мен кетейін садаға
Бірге туған ағаға.
Құрбаны болып, өтейін,
Жалғыз туған ағаға.
Ал оған көңілің болмаса,
Мені дағы ал,—деді,
Сүйіншіге жарасам,
Ризамын мен,—деді.
Сонда Ахмет сөйледі:
—Қарындасым, бауыр-ай,
Сөзің жақсы тәуір-ай,
Артымыздан келеді
Шұбырып қалмақ деген кәуір-ай.
Ол кәуірдің ішінде
Неше жақсы жандар бар,
Неше түрлі жақсы балалар бар,
Ризамын мен,—деді.
Әділ сұлтан, көп тұрмай,
Енді мұнда кел,—деді.
Сонда Әділ хан бір сайда тұр еді. Шақырғасын, келді. Сонда шешесі мен қарындасы Ханзия ағасын көріп, алдынан жүгірді. Ханзия шешесінен бұрын бармайын деп, кейінірек барды.
Сонда кемпір талпынып,
Оған барып жетем деп,
Бір-екі жерде жығылды.
Сонда тұрып қарады,
Әділ сұлтан көргенде,
Жақындап жетіп келгенде,
Омырауын кемпір ашады:
—Қарағым, Әділ, кел,—деді,
Жасыңда емген мамаңды,
Балам болсаң, ем,—деді.
Келіп Әділ, қарады,
Жасымда емген емшек,—деп,
Әділ басын салады.
Сонда кемпір толғайды:
—Құдай маған берді,—деп,
Қарағым, маған келді,—деп.
Жасында емген мамасын,
Қарағым келіп, емді,—деп.
Құдайға мен риза,—деп,
Алса да бүгін енді,—деп.
Қарындасы Ханзия
Келіп тұрды қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай,
Көтермеді сонда басын Қази-ай.
Сонда Ханзияның айтқаны:
—Айналайын, анамыз,
Бірге туған ағамыз,
Көрінді көкем көзіме,
Айналайын, шешеке,
Бір көрсетші өзіме.
Сүйіп бір, көңлім басайын,
Жабыққан көңлім ашайын,
Қайғылы менің жүрегім.
Мен жыламай, не етейін?
Ағекемнің жүзінен,
Құшақтап тұрып мойнынан,
Мауқымды бір басайын.
Тыңдашы, көке, сөзімді
Бірге туған егізім,
Қайрылып көрші өзімді.
Шешеке, маған бер,—деді,—
Бауырыңа басасың,
Омырауыңды ашасың.
Жек көре ме адамзат
Бірге туған ағасын!
Айналайын, ағеке,
Бұрмайсың маған мойныңды,
Ашпайсың неге қойныңды?!
Ерік кетіп мен деген,
Дидарыңды көргенше,
Бар еді жаным өлмеген,
Жүзіңді көрмей, шөлдеген.
Бірге туған бауырым,
Сау-саламат келдің бе,
Жан көке, енді сен?—деді.
Шыдамады ағасы,
Қарындасына барады,
Құшақтап алып, бетінен
Ханзияның сүйеді.