Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (6-бөлім)

Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Қази бұл сөзді естігесін, шетке кетіп жүре береді. Сонда біреулер: «Қази деген—анау»,—деп, бір жалаң аяқ, жалаң бас кетіп бара жатқан баланы көрсетеді. Ханзия артынан жетіп, Қазиға айтқаны:

—Айналайын, Қазижан,
Аманбысың, саумысың,
Сау-саламат бармысың!
Терең суды тоқтатқан
Белгілі қызыл жармысың?!
Көлденең жауды тоқтатқан
Биік қара таумысың?!
Көкемнен жазған хат келді,
«Қази» деген ат келді.
Іздеп келдім сіздерге,
Жауап берсең біздерге.
Құдай нашар қылғасын,
Шыға алмаймын далаға,
Көкем бір хабар бергесін,
«Бар,—деп,—сіздей балаға».
Айналайын, Қазижан,
Жауап бер, айтшы сен,—деді.
Дидарыңды көргенше,
Артыңда жүріп шөлдедім мен,—деді.
Сонда Қази тұра қалып, сөйледі:
—Айналайын, апажан,
Шашың ұзын болса да,
Ақылың сенің кем, апа.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Бейне тұрмын жалаңаш.
Сатайын десем тиын жоқ,
Киейін десем, киім жоқ,
Ішейін десем, тамақ жоқ,
Кірейін десем, үйім жоқ,
Жатайын десем, төсек жоқ.
Өлтірдің, апа, өзімді,
Ойдырдың ғой көзімді.
Көп ішінде шақырып,
Өлтіргенің емес пе,
Қайран апа, не етейін?!
Сонда Ханзия сөйледі.
Сөйлегенде не деді:
—Айналайын, Қазижан,
Үйде тұрған боз жорға ат,
Мерекелі той болса,
Мінуші еді жан көкем.
Айналайын, қарағым,
Мынау қоржын ішінде
Киетұғын киім бар.
Түрлі асыл киімді
Іркілмей, батыр, киіп ал.
Елге таман барғасын,
Тоғай толған қойым бар.
Біреуін ұстап ал,—деді,
Бәрін бір тұғырға сал,—деді.
Тоғай толған сиыр бар,
Мұны да соған қосып ал.
Тоғай толған жылқы бар,
Оны да бірге қосып ал.
Тоғай толған түйе бар,
Оны да атқа сал,—деді.
Үйдің іші толған қазына,
Қарағым, мұны да атқа сал.
Оның бәрі бір тұғырға жетпесе,
Мені де қосып сал,—деді.
Барлығымызды сат-тағы
Бір ат сатып ал,—деді.
Қоржын ішін ашады,
Ішіндегі жібек киімді
Төгіп жерге салады.
Сонда Қази ереді,
Киімге жақын келеді.
Кілең жібек киімді
Қази кие бастайды.
Сақа мен топай тастады,
Бір түрлі ақыл бастады.
Сонда Қази жібектен
Киімді киіп алады,
Киімді киіп алғасын,
Төңірекке қарады,
Боз жорға атқа мінеді.
Ханзиямен екеуі
Бірге шауып жөнеді.
Тойға мінген боз жорға ат
Құлаштап аттап басады,
Адымын жақсы ашады.
Ноғай біткен жалпылдап
Артынан шауып барады.
Шапса да, жете алмай,
Артында қалып барады.
Атқан оқтай зырқырап
Боз жорға кетіп барады.

Сонда Ханзияның шешесі алдынан қарсы алады. Ханзия Қазиды ертіп ауылына алып келеді.

Сонда кемпір сөйлей бастайды:
—Қарағым, Қази, жол болсын!
Сапарың жүрген оң болсын!
Алдыңнан шықтым мен,—деді.
Тоғай толған қой бар,
Тоғай толған жылқы бар,
Тоғай толған сиыр бар,
Бәрін атқа сал,—деді.
Жаратқан атың бар болса,
Ноғайлыдан ал,—деді.
Бәрі бір атқа жетпесе,
Қасындағы Ханзия,
Мұны да атқа сат,—деді.

Сонда Әділдің сарайға салып қойған бір күрең тұлпары бар еді, оны кемпір «Қази келеді» деп сыртқа шығарып, арқандап қойған еді, жарық көрсін деп, Қази келгесін:

—Қазидайын асыл ер,
Мынау тұрған күрең ат
Жақындап келіп көр,—деді.

Қази жақындағанда, күрең ат кейін шегінеді. Шегінгенде барып жібек шылбырынан барып ұстай алып, мініп, «Шүу»,— деп еді, сонда күрең сегіз күндік ордасының ар жағына қарғып дүрс ете түсті. Сосын жайлап үйге келіп осы ат жарайды деп, үш күн ішінде азық-түлік жинап алып, Қази жолға жүріп кетті. Сонда Қырымның қырық батыры Қондыкердің шәрінен үш қонып шыққанда Қази алдынан шықты. Сонда қырық батыр күледі. Ағасы Қарасайдың қолынан түк келген жоқ, бұл Қазидың қолынан не келер дейсің?—деп. Сонда Қази қырық батырдың қасына жетіп барып еді, Ахмет батыр сұрады: «Біз ала алмай келген берік қала бар, асты—су, ар жағы—ну, іші— жатқан сор, оның ішінде Әділ хан қалды. Бір бір ай жатып еш нәрсе бітіре алмай келдік,—деді.

Тағы оқыңыз