Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (10-бөлім)

Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Шешесі:

—Жапанда айналайын жалғызым,—деп,
Ішінде терең судың құндызым,—деп,
Жаратқан дүниеде перзентім,—деп,
Қарағым, болдың енді тұяғым,—деп,
Бір туған Ханзиямен сүйегің,—деп,
Жарылды енді бүгін жүрегім,—деп,
Басыма енді шықты мүйізім,—деп,
Ризамын Аллаға,
Өтсе енді сүрегім,—деп,

Сонда жеті күн ойын-той қылады. Сөйтіп, ноғайлы халқы жиналып, Әділ ханды сыйлайды. Әділ ханның ноғайлы ханы болып тұрғанжері осы еді.

Қалмақтан алған қаласын
Қазидайын ерлердің
Білген сонда шамасын,
Ерлік қылмай, не қылсын,
Ол да Орақтың баласы!

Қондыкер шәрін Қази мен Әділдің алғаны осы еді.

* * *

Қарасай мен Қази екеуі бірігіп үйге келгесін, Қалмақтың Батыр хан деген ханы хабар жіберді. «Қарасай мен Қази қорықпаса, келсін, қорықса, жатсын. Біз аттанып барып, шабамыз»,—деді.

Сонда Қибатты беріп алған жалғыз Тарлан бар еді. Екеуі барып, сол Тарланға таласты.

Сонда Қази айтты:

—Біз екеуіміз бір Тарлан үшін керіспейік. Шешемізге барып, ақылдасайық. Ол: «Қайсың бар» десе, сонымыз барармыз,—дейді.

Сонда бұл екеуі шешесінің қасына келгесін, Қази айтты:

—Шеше, Қарасайдан сұраңызшы. Батыр ханға барғанда не деп айтпақшы екен?—деп.

Сонда Қарасай:

—Менің атым—Қарасай,
Мен де—Орақтың баласы-ай.
Іздегенім, сұрасаң,
Батыр ханның қаласы-ай.
Кіргізуге дінімді,
Алдыртуға дінімді
Бармаймын ба қалмаққа!
Шеше, бір тыңда сөзімді,
Хан алдына барғанда
Жасқанбаймын өзім-ай,
Оярмын екі көзін-ай.
Қайырып жауап ол айтса,
Өлтірермін өзін-ай.
Анау тұрған Батыр хан,
Көрсетейін қайратым.
Бермеймін оған тынымды,
Алдырамын тілімді.
Кіргізермін дінімді,
Алдырармын тілімді.
Алдырармын басын-ай,
Қысқартармын жасын-ай,
Отырам ба қалмақтың
Атаңа нәлет қасында-ай.

Сонда Қази: Енді менің айтқанымды тыңда,—деді.

—Менің атым—ер Қази
Қарасай, Қази бір туған,
Орақтан екі ұл туған.
Үйде қалды Қарасай,
Ол да—Орақтың баласы-ай.
Ерегіссе, кегін бермеген,
Адырнасын қолға алып,
Қаруын жауға сермеген.
Шамырқанып қараса,
Үйде бір тұрып шамданып,
Қаршыға құстай қомданып.
«Кідірмей,—маған,—бар,—деді,
Кідіріп қалсаң сен,—деді,
Артыңнан барам мен»,—деді.
Көрейін деп қалаңды,
Білейін деп шамаңды,
Алайын деп еліңді,
Суалтуға айдын көліңді,
Аламыз деп кегіңді,
Сындырам деп беліңді,
Оярмын деп екі көзіңді.
Ағамның айтқанын етпесем,
Өлтіреді өзімді.

Сонда шешесі айтты:

—Егер Қарасай барса, «Ағасының қолынан түк келмейді, інісінің қолынан не келер дейсің?» деп айтар. Ал енді Қази барса, «Үйінде ағасы бар екен», деп қорқар, сондықтан Қазижан барсын,—деді.

Сонда Қази аттанып жауға кетті. Неше күндер жүріпбара жатқанда, Қазидың алдынан қалмақтың көп әскері келгенде, Қазидың айтқаны:

—Менің атым—ер Қази-ай,
Мен—Орақтың баласы-ай,
Артымда қалды Қарасай.
Жарағын жауға сермеген,
Дұшпанға кегін бермеген.
Үстіне киім кимеген,
Ақылсыз туған ит қалмақ,
Нең қалды енді өлмеген?!
Іздегенім сұрасаң,
Батыр ханның қаласы.
Көрейін деп барамын
Қалмақтың сондай шамасын.
Қамалып, қалмақ, сен келдің,
Бәрің бірдей жиналып.
Біздің елге бара бер,
Ноғайлының нашарын
Қарасай шығар сайланып.
Жарағы қанға тоймаған,
Сансыз жауды қоймаған.
Қарасай атқа мінген соң,
Ноғайлы халқы демалған.
Мен кетейін, кетейін,
Іркіліп сізге, не етейін?!
Батыр ханға жетейін,
Оған қайрат етейін.
Үйде қалған Қарасай мен
Ноғайлыға сендерді олжа етейін.

Тағы оқыңыз