Қарасай, Қази (2-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
«Мен балалық етейін,
Рұқсат берсеңіз, үйге кетейін,
Мұнда отырып, не етейін»,—
деп, үйіне жылап барады.
Қараүлек деген шешесі: «Далаға ойынға бармаңдар. «Жетім бала» деп, асығыңды тартып алады, басыңды далада қалдырады. Сосын маған келіп, жылама»,—дейді екен. Қарасай даладан жылап келгесін, шешесі ойлады: «Бұл далада балаларға асығын алдырып келген екен»,—деп. Бірақ «Ханға барады» деп ойлаған жоқ. Сонда Қарасайға шешесінің ұрысып айтқаны:
—Құрғыр, тілімді алмайсың,
Айтқаныма сенбейсің,
Жақсы сенің өлгенің,
Өлім болсын көргенің.
Балалардан таяқ жеп,
Құрғыр, неге келгенің?!
«Жетім бала»,—деді ме?
Асығыңды тартып алды ма?
Бетіңе таңба салды ма?
Сонда Қарасай бұрынғыдан да қатты жылап, шешесіне айтқаны.
—Айналайын, шешеке,
Асығымды ешкім алған жоқ,
Қорлыққа басым қалған жоқ,
Әділдей сұлтан хан көрдім.
Мені көргесін Әділ хан:
«Айналайын, қарағым,
Қарт бурадай қабағың,
Бесті өгіздің терісіндей
Салбыраған тамағың.
Дөңгеленген көзі,—деп,
Бейне Ораққа ұсаған
Қарағымның өзі,—деп.—
Орақтың бер,—деп ол айтты,—
Сыбаға оның табағын».
Бір салып едім, өтпеді,
Жұтынып едім, кетпеді,
Жүгіріп шықтым далаға,
Қайтып келдім анаға.
Айналайын, шешеке,
Сатайын десем, тиын жоқ,
Киейін десем, киім жоқ,
Кірейін десем, үйім жоқ,
Мінейін десем, атым жоқ,
Ат сұрайтын жақын жоқ,
Ағайын туған менде жоқ,
Есіркейтін пенде жоқ.
Қалмаққа кетіп барады
Әділдей сұлтан ханымыз.
Жатқа бір кетіп қалады
Келмейді енді шамамыз.
Айналайын, шешеке,
Менің бір жақсы өлгенім,
Өлім болсын көргенім.
Қорлық болды Алланың
Тірлікте маған бергені.
Жетімдік ойды көзімді,
Кім тыңдайды сөзімді?
Қарғай берме, шешеке,
Дүниеде менің өзімді.
Бала асығымды алған жоқ,
Қорлыққа басым қалған жоқ,
Ерік кетіп мен деген,
Тек жаным тұр өлмеген,
Қарғама, шеше, сен деген.
Қази бір келді жүгіріп,
Отыра алмай кідіріп.
Сақа бір топай қолында,
Балалықтың жолында.
Мұндай жауап болар деп,
Деген жоқ еді мұның ойында.
Қарасайды көргесін,
Көзінің жасы төгіліп,
Жылағасын егіліп,
Сонда Қази сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Айналайын, Қарекем,
Мына тұрған Ақ Қибат
Артық туған бала еді.
Жатқа бір кетіп қалады,
Кімге берсең де Қибатты,
Бір тайға сатып алады.
Қибатты беріп ат алып,
Мініп, жауға кет,—деді,
Ер белгісін ет,—деді.
Кете бер, аға, сен,—деді,
Айтайын жауап мен,—деді.
Егер бармай сен қалсаң,
Ішің толып кетеді.
Ішің толып, сен өлсең,
Артыңнан мен кетермін:
«Егізім менің қайда?—деп,
Мынау қалған жарағың
Еш болмайды айла»,—деп.
Сонда бір кемпір сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Әй, Қарасай, Қарасай,
Қарағымның баласы-ай,
Қолыңа жүген ал,—деді,
Көп жылқыға бар,—деді.
Көп жылқының ішінде
Сегіз жылқы, бір саяқ,
Қабан құлақ қара ат бар.
Белі бүкіш құду-ды,
Жылқыдан артық сұлу еді.
Көрген адам кеткісіз,
Бір жылқының баласы
Ол жылқыдан өткісіз.
Ішінде бар-ды бір Тарлан,
Қарны болар қабақтай,
Бұты болар таяқтай.
Ұзын болар құлағы,
Үлкен болар тұяғы,
Таң мезгілі болғанда,
Сауырының үстіне
Қайырып жусар басын-ай!
Құс ұйқысы келгенде,
Ұйқысы болар осындай.
Қасына сонда барарсың,
Жалынан ұстап аларсың,
Сосын жүген саларсың.
Сексендегі Көкше бар,
Ер қадірін ер білер.
Көкшенің мінгені тарлан ат—
Анасы еді Сүйін бие,
Атасы еді Қарақұс.
Таң ұйқысы келгенде,
Сауырының үстіне
Қайырып жусар басын-ай!
Барып сонда осылай,
Сонда ұстап аларсың.
Сексендегі Көкше шал
Алты жасар Қибатты
Тоқалдыққа ала алмас.
Орақпенен ол бірге
Тірлікте жүрген жан еді.
Бірге жүріп,
Талай жаудан алған жер еді.
Қарасай жүген алады,
Үйден шығып, жүгіріп
Жылқыға кетіп барады.
Жеті күндей аралап,
Таба алмады жылқыны.
Ішінде жүрді аралап,
Сегізінші күн болғанда,
Қабан құлақ қара атты,
Сонда көрді бұл атты.